Бал тәпсірі
Бал тәпсірі
11 жыл бұрын 6368
Нұрқанат Байзақ

Ертеде ағайынды төрт жігіт болыпты. Бір күні әлгі жігіттер ең үлкен ағасының хал-жағдайын білуге келеді. Келіп жайғасқаннан кейін жеңгелері жылтыр қалайы ыдыспен бал әкеліп дастарқанға қояды. Ағайындылардың бірі балдың ішіндегі қылды көріп алуға оқталғанда: «Кідіре тұршы. Осы біздің жеңгеміз парасатты жан. Оның үстіне балдың ішінде көлденең жатқан қылды көрмей қалуы мүмкін емес. Мүмкін, жеңгеміз бізді сынап, қылды балдың ішіне әдейі салған шығар. Сол үшін де төртеуіміз бұл балға мысал берсек қалай болады» дейді. Мұны барлығы құп көріп, араларындағы ең үлкен ағасы сөзді бастайды.

Үлкен ағасы:

- Намаз оқитын адамның жүрегі бұл ыдыстан да нұрлы, намазды дүние малын ойламай оқу - бұл балдан да тәтті, намазының кемшіліксіз болуы - бұл қылдан да жіңішке, - дейді.

Содан соң екінші ағасы:

- Қонақты жақсы көру - бұл ыдыстан да нұрлы, қонақтың көңілін аулау - бұл балдан да тәтті, қонақтың көңілі - бұл қылдан да жіңішке, - дейді.

Үшінші ағасы осы айтылғандарды ары қарай іліп әкетіп былай дейді:

- Ғалымның жүрегі бұл ыдыстан да нұрлы, олармен сұхбаттасу бұл балдан да тәтті, Құран-Кәрімнің мағынасы бұл қылдан да жіңішке.

Ең кенжесі:

- Алла үшін соғыста болғандардың жүрегі бұл ыдыстан да нұрлы, кәпірлермен - соғысу балдан да тәтті, құл хақысын өткізбей, харам жемей, үйге қайту - бұл қылдан да жіңішке, - дейді.

Жеңгелері бұларды тыңдап болып:

- Жұбайын жақсы күткен әйелдің жүрегі бұл ыдыстан да нұрлы, жұбайының ақысын орындау - бұл балдан да тәтті, күпірлікпен күресу - бұл қылдан да жіңішке, - дейді

Бұл хабар ағайындылардың әкесіне жетеді. Сонда әкелері:

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үмметінің жүрегі бұл ыдыстан да нұрлы, кәусәр суы - бұл балдан да тәтті, шариғаттың жолы бұл қылдан да жіңішке, – депті.

3 пікір