Байлық, сәттілік және махаббат үшеуі қонаққа келіпті... (ғибрат-хикая)
Байлық, сәттілік және махаббат үшеуі қонаққа келіпті... (ғибрат-хикая)
2 жыл бұрын 12564

Үйінен дүкенге шыққан отанасы сыртқы есіктің түбінде үш ақсақалдың отырғанын көреді. Қастарынан өтіп кетуден ыңғайсызданып, оларды үйіне шайға шақырады. Ақсақалдың бірі оған:

- Қожайыныңыз үйде ме еді? – деп сұрайды.

- Жоқ, біраз алдын шығып кеткен тұғын, -  деп жауап береді келіншек.

- Қожайын үйде болмаса, шақыруыңызды қабыл ала алмаймыз, - дейді ақсақал басын шайқап.

Содан, кеш те батты. Күйеуі үйіне келгенде әйелі болған жағдайды айтып береді. Олардың "қожайын келмей үйге кірмейміз" дегенін де жеткізді. Сонда күйеуі:

- Тағы қарап көрші! Егер әлі отырған болса үйге шақырайық, - дейді әйеліне.

Әйелі сыртқа шығып қараса, әлгі үш ақсақал үйдің қасында әлі отыр екен. Қастарына жақындап:

- Отағасы келді. Үйге кіріп, тамақ ішіңіздер! – дейді келіншек.

Сонда ақсақалдың бірі:

- Біз үшеуіміз бірдей үйге кіре алмаймыз, қызым, - дейді де, сәл үнсіздіктен соң сөзін жалғап:

- Мына оң жағымда отырған атаңның аты – Байлық. Сол жағымда отырған атаңның аты – Сәттілік. Ал өзіме келсек, менің атым «Сүйіспеншілік» болады, - дейді.

Өзін және достарын таныстырғаннан соң «сүйіспеншілікпін» деген ақсақал әйелге қарап:

- Сен әуелі үйіңе барып жолдасыңмен ақылдас, қызым. Үшеуіміздің біреуін ғана үйге кіргізе аласыңдар. Таңдау еркі екеуіңде. Біз әзірге мұнда күте тұрамыз, – дейді.  

Әйел не дерін білмей, бұрылып үйіне кіріп кетеді. Күйеуіне олардың айтқан ұсыныстарын білдіреді.

- О, Құдай! Құдай берді деген осы шығар... Байлықты шақыр! Байлықты шақыр!» - деп, күйеуі қуанып кетеді. Бірақ әйеліне күйеуінің таңдауы ұнамай:

- Сәттілікті шақырмаймыз ба? Сәттілік болса байлық та болады, - дейді ол.

- Жоқ. Ойлап қарашы! Байлықты шақырсақ, бірден бай болып, бақытты өмір кешеміз. Байлықты шақыралық, - деп айтқанынан қайтпай қояды күйеуі.

Үйдің үлкені - қыз екен. Ол ата-анасының әңгімелерін естігеннен кейін, оларға:

- Ең дұрысы – сүйіспеншілікті шақырайық. Бір-бірімізге мейірімді болғаннан артық не бар?! Ойлап қараңыздаршы, үйіміз бірден махаббатқа, мейірімге толып жатса, жақсы емес пе?! – деп өзінің таңдауын білдіреді. Әкесі де, шешесі де «жарайды» деп, қызының таңдауына тоқтайды. 

Отана үйден шығып, әлі кетпей отырған үш ақсақалдың қасына барады да:

- Араңыздағы «сүйіспеншілікті» шақыруды жөн көрдік. Мархабат, үйге кірсін! – деп сыпайы түрде үйге шақырады. Өзі алға түсіп есікті ашып, артына қараса, үш ақсақалдың үшеуі де орындарынан тұрып келе жатыр екен.

Әйел оларға:

- Шынымен, үшеуіңіз де кіретін болдыңыздар ма? – деп қуанышын жасыра алмай сұрайды. Әйелдің бұл сұрағына «Сәттілік»:

- Егер арамыздан тек Байлықты немесе Сәттілікті шақырғандарыңда, шақырылғанымыз ғана үйлеріңе кірер едік те, қалған екеуі сыртта қалып қояр еді. Алайда сіздер «Сүйіспеншілікті» таңдап шақырғандықтан үшеуіміз бірдей баруға мәжбүрміз, - деп жауап береді.

Әйел:

- Не үшін олай? – деп тағы сұрайды себебін білгісі келіп.

Сонда үш ақсақалдың үшеуі де бір ауыздан:

- Өйткені, сүйіспеншілік жүрген жерде әрдайым байлық пен сәттілік қоса жүреді! – деп жауап берген екен.

Отауымызды сүйіспеншілікке толтырайық, ағайын!


Мәлімет түрік тілді интернет рессурстарынан алынды.  

Абдусамат Қасым
 
0 пікір