Ескілікті Ислам әдебиеттерінде мынадай бір оқиға орын алған. Бұл оқиғаны табиғин Саъид ибн Мусаяб жеткізді. Оқиғаның желісі: Шам елінде бір кісі әйелін басқа еркекпен ұстап алып, үстінен түседі. Ол қызғаныштан екеуінің бірін (немесе екеуін де) өлтіріп қояды. Бұл даудың түйінін шешу үшін Сирия әміршісі сахаба Мұғауия Әбу Мұса әл-Ашари арқылы Әли ибн Әбу Тәлібтің (Абу-ль-Хасан) төрелігіне жүгінеді. Ол жайында Саъид ибн Мусаяб былай әңгімелейді:
أنَّ رجلًا بالشَّامِ وجدَ معَ امرأتِهِ رجلًا فقتلَهُ أو قتلَها فَكَتبَ معاويةُ إلى أبي موسَى الأشعريِّ بأن يسألَ لَهُ عن ذلِكَ عليًّا عليهِ السَّلامُ فسألَهُ فقالَ عليٌّ إنَّ هذا لشيءٌ ما هوَ بأرضِ العراقِ عزَمتُ عليكَ لتُخبِرَنِّي فأخبرَهُ فقالَ عليٌّ عليهِ السَّلامُ أَنا أبو الحسَنِ إِنْ لم يأتِ بأربعةِ شُهَداءَ فليُعطَ برمَّتِهِ
«Шам өлкесінде бір ер адам әйелін бөтен еркекпен көреді (әйелінің үстінен түседі), сөйтіп ашуға беріліп еркекті немесе әйелін өлтіріп қояды. Кейіннен ол адамға шариғи тұрғыда жазаны қалай беру керектігін білгісі келген (Сирияның басшысы) Мұғауия бұл туралы Әбу Мұса әл-Ашғариге хат жазып, үкімін Әлиден (ғ.с.) сұрауын өтінеді. Әбу Мұса келіп сұрағанда, Әзіреті Әли (ғ.с.): - «Бұл Ирак жерінде болмаған нәрсе» - дейді. Сосын: «Маған мұның мәнін айтуыңды бұйырамын (кім сұратқанын айт)» дейді. Әбу Мұса мән-жайды айтқанда, Әли (ғ.с.) былай деп жауап береді: - «Мен — Әбул Хасанмын! Егер ол (өлтіруші) төрт куә келтіре алмаса, оның өзін де арқанмен байлап (құн төлеуге немесе қысасқа) тапсыру керек»1.
Тілдік түсіндірме:
1. Араб тілінде «румма» (رُمَّة) деп — әбден ескірген, тозған арқанды айтады. Ертеде біреуге түйесін немесе малын сатқанда (немесе бергенде), оны мойнындағы ескі арқанымен қоса ұстата салған. Осыдан барып «бириммәтиһи» тіркесі «түгін қалдырмай», «түгелдей», «барлық затымен бірге» деген мағынаны білдіретін тұрақты тіркеске айналған. Жоғарыдағы Әзіреті Әлидің де осы сөзді қолдануы «оны басыбайлы қысас жазасына тарту керек» деген мағынада айтуда.
2. «Бұл Ирак жерінде болмаған нәрсе»: Әли (ғ.с.) бұл сөзімен «Иракта орын алған болса, маған хабары жетер еді, демек Ирактан басқа жерде болған оқиға» дегісі келіп тұр. Сосын барып, істің анық-қанығына жету үшін «Маған бәрін бүкпесіз баянда» деп талап етеді.
3. «Мен — Абу-ль-Хасанмын!»: Бұл — төрелік айтудағы кесімді билік пен асқан білімнің белгісі. Қазақша айтқанда, «Менің атым Әли, сөзімнің аты — оқ» дегендей, өз шешімінің әділ әрі бұлжымас екенін паш етуі.
Құқықтық мәні (Фиқһ негізі):
Әзірет Әлидің бұл жердегі үкімі зина (некесіз жақындасу) қылмысын дәлелдеу шарттарына негізделген. Шариғат бойынша, мұндай ауыр айып үшін төрт куәгер болуы шарт. Егер айыптаушы жақ төрт куагер келтіре алмаса, айып тағушыға «жала жабу жазасы» қолданылады, яғни, сексен дүре соғылады. Мына оқиғада ер адам екі іс бойынша қателікке бой алдырып отыр: біріншісі – жала жабу. Екіншісі – нақақсыз кісі өлтіру. Сондықтан да Әзіреті Әли:
• «Басы байлы қысас жазасына берілсін» (Би-румматихи) деп отыр: Бұл тіркес қылмыскердің жазадан ешқандай жеңілдік алмайтынын білдіреді. Яғни, «намыс үшін өлтірдім» деген уәж жүрмейді, ол қасақана кісі өлтіруші ретінде қисасқа (қанға-қан) немесе құн төлеуге (диет) кесіледі.
• Төрт куәгер не үшін керек? Ислам шариғатында бұл — адамның ар-намысын негізсіз жаладан және өз бетінше сот жүргізуден (самосуд) қорғайтын ең жоғарғы тосқауыл. Көзбен көрген куәгерлер болмаса, тек күдік немесе ашу үстінде адам өмірін қиюға рұқсат жоқ. Төрт куәгер бір мезетте үстінен түссе, шариғат сотына (қазыға) арыз білдіреді. Қазы жан-жақты зерделеп, анық көзі жеткеннен кейін зина жасаушыға зина жазасын тағайындайды.