Әзім есімді бір адамның оқиғасы (ғибрат-хикая)
Әзім есімді бір адамның оқиғасы (ғибрат-хикая)
5 жыл бұрын 7577

Исраил ұлдарынан шыққан Әзім есімді өте арсыз бір адам болыпты. Күнәһар.

Бір күні өзінің жамандық пен азғындық ұясына айналған үйінен шығып жазыққа қарай жол тартады. Келе жатып бір егістік жерді көреді. Біреулер тер төгіп, егін еккен екен. Егіндері жайқалып, сарғайып, сабағы бидайға толып, орылуға дайын, қырманға апаратындай болып қалыпты. Алайда сол сәтте егінді еккен адамдар еккен егіндеріне от қойып, бәрін түгел өртеп жібереді. Әзім олардың бұл әрекеттеріне қайран қалып, өз-өзіне: «мұндай өнімді өртеуге қалай дәттері барады, жандары ашымай ма?» - деп, әрі қарай өз жолымен кете берді.

Кейін келе жатып, тағы бір жерге келеді. Ол жерде бір тасты көтере алмай тұрған бір адамды көреді. Қанша тырысса да орнынан қозғалта алмақ емес. Сол арада әлгі адам тағы бір тас алып келіп тастың жанына қояды. Сөйтіп екі тасты көтеруге тырысады. Бірақ орнынан қозғалта алмайды. Ол жағдайды көріп тұрған Әзім өз-өзіне: «Қызық екен. Бір тасты орнынан қозғалта алмай тұрып, қасына тағы бір тас қосқаны несі. Екеуін қалай көтермек» деп тұрғанда, әлгі адам тағы бір тас әкеліп, екі тастың қасына үшіншісін қояды. Әзім түсінбей таңырқап, басын шайқайды да өз жолымен кете берді.

Кетіп бара жатып тағы бір жерге келеді. Бұл жолы бір қойды көреді. Бір қойды бес адам қорғауда. Бес адамның біреуі - қойдың үстіне мініп алыпты. Екіншісі - ол қойды арқасына көтеріп алыпты. Үшіншісі - қойдың емшегіне жабысып, оны сауып жатыр екен. Төртіншісі – мүйізін ұстап тұр екен. Бесіншісі болса, құйрығын ұстап алған екен. Әзімге сұрақ сұрауға рұқсат болмай, ол сол жерден ары қарай кете берді.

Жолда кетіп бара жатып, бір ұрғашы буаз итті көреді. Иттің қарнындағы күшіктері үріп жатыр екен. Әзім одан сайын таңырқап: «Недеген ғажайып нәрселерді көрдім» - дейді өз-өзіне.

Осылай жүре-жүре бір қаланың қақпасына да жетеді. Ол қалада бір мұсылман қария кісіні жолықтырады. Екеуі әңгімелесіп отырып Әзім қарияға:

- Ақсақал, мен осында келе жатып, көптеген қызықты жайыттарға куә болдым, – дейді.

- Ол қандай қызықты жайыттар еді? – деп қария сұрайды. Әзім:

- Бір қауым көрдім, егін егіпті. Егіндері пісіп, оруға келіп тұр екен. Бірақ олар бәріне от қойып, өртеп жіберді, - дейді Азим.

- Ол - Алла Тағаланың саған көрсеткісі келген мысалы. Олар басында құлшылыққа берілген, көп ғибадат-тағат жасап жүріп, кейіннен арзыс жолға түсіп, жамандық пен күнә істерге бой алдырғандарға мысал. Осылайша, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олар нендей бір іс істеген болса, рас, оны қолға алып, шашылған тозаңға айналдырамыз», - дегені сияқты (Фурқан сүресі, 23), олардың бұрын жасаған құлшылықтарын, кейіннен істеген арсыз істері себепті жойып жіберді, - деп оның мәнін түсіндіреді де: Басқа не көрдің? – деп сұрайды.

- Бір адам көрдім. Бір тасты көтере алмай, тіпті орнынан қозғалта алмай жатты... - деп көргенін айтады. Сонда қария:

- Ол мынаған мысал: біреу күнә істейді. Бастапқыда ол күнәсі ол үшін өте ауыр болып көрінеді. Ол күнәнің ауырлығын көтере алмайтындай сезінеді. Сондай ойда болып жүріп, тағы бір күнә істейді. Бірақ, екінші істеген күнәсі оған енді алдыңғыдай емес жеңілдеу боп көрінді. Оны көтере алатындығын байқағаннан соң, одан былайғы күнәларі жеңіл болып көріне бастайды. Әлгі адамның халі соған мысал, - деп оның да мәнісін түсіндіріп береді.

- Ақсақал, енді мынаған не дейсіз: мен бір қой көрдім. Оған бес адам жабысып алыпты. Оның мәні неде? – деп үшінші жағдайын сұрайды.

- Көрген қойың – дүниеге мысал. Қойдың үстіне мініп алған адам – хан-патшалар. Қойды арқасына көтергендер – әркімнен бір нәрсе сұрап жүретін пақырлар. Құйрығына жабысқан адам – дәм-тұзы таусылуға шақ қалған, ажалы жетіп, өте аз уақыты қалған адамға ұқсайды. Қойдың мүйізіне жабысқан адам болса, бұ дүниеде қиындықтан көз ашпаған, өте көп қиыншылық көрген адамды білдіреді. Қойдың желініне жабысып, оны сауып тұрғандар – бай-дәулетті, табысты адамдарды білдіреді.

- Сондай-ақ, ұрғашы ит көрдім. Ішіндегі күшіктері туылмай жатып, аналарының қарнында үріп жатқан еді.

- Ол - уақытсыз әрі орынсыз сөз сөйлетіндердің мысалы, - дейді қария.

- Ақсақал, айтқандарыңызды түсіндім. Енді сізден бір жол сұрайын. Айтып жіберсеңіз. Осы қалада бір жеңіл жүрісті сымбатты әйел бар деп естідім. Үйі қай жерде екен, соны айтып жіберіңізші! Мен сол үшін келгенмін негізі, - дейді Әзім. Сонда қария ашуланып, Әзімнің бетіне үш рет түкіріп-түкіріп жіберіпті де былай депті:

 - Ей бейшара адам! Саған үгіт-насихаттар, ескертулер айтылды құлағыңа да ілмедің. Мысалдар көрсетті, мән бермей отырсың. Мені жай қаусаған кәрі шал деп отырған шығарсың. Мен қария емеспін. Мен өлім періштесімін. Жан алушы Әзірейілмін. Саған қария кейіпінде көріндім. Енді Хақ Тағаланың әмірімен сенің жаныңды аламын. Бір жұтым су ішуге де мұрсат бермеймін! - дейді. 

Әзімнің түрі бірден сарғайып, көгеріп-сазара бастайды. Сол сәтте өлім періштесі Құдайдың бұйрығымен, оның жанын алып кетеді. 

 islam.kz

0 пікір