Бір күні Әли деген жігіт әйелі екеуі бір жерге бармақ болып үйінен шығады. Әлидің жары жамылғы жамылып, орамалын таққан әйел еді. Үйінен шығып, қоғамдық көлікке отырады. Автобусқа мінсе екі адамдық орынға қарама-қарсы екі орын бос тұр екен. Әйелі екеуі сонда барып жайғасады. Жас жұп көлік ішінде біршама ерекшеленіп тұрады. Алдына айдап әкелгендей Әлиге қарама-қарсы отырған бір 40 жас шамасындағы кісі қарап тұрып, бір нәрсе сұрауға рұқсат алады. Өзі университетте сабақ беретін оқытушыға көбірек ұқсайтын. Сондағы сұрағаны:
- Сенен бір нәрсе сұрасам бола ма? Ренжімейтін шығарсың, – дейді Әлиге қарап.
- Иә. Сұрай қойыңыз, - дейді Әли күлімдеп.
- Осы сендер дінді ұстадым деп, әйелдеріңді орап жүргенге құмарсыңдар. Осылай бұйырылған деп ешкімге құлақ аспайсыңдар. Қарап отырсам әйеліңді орандырып киіндіріп алыпсың. Әйелің бұдан кейін қалай еркін өмір сүреді. Заман күн өткен сайын дамып, өркениетке қол жетіп жатқанда, сен болсаң әйеліңе еркін өмір сүргізбейсің, – депті төбеден су құйғандай қылып. Содан кейін тағы да:
- Міне, менің әйеліме қарашы. Жабық киінбейді және еркін өмір сүреді. Өмірден ләззат алады, - депті қасында отырған әйелін меңзеп.
- Ал, сен.., - деп дөрекілеу сөйлеп: - Әлде бұған берер басқалай жауабың бар ма?
Сол кезде автобустың ішіндегі қалың жұрт енді не болар екен дегендей Әлидің аузына қарап қалды. Сонда Әли бірден жанына қараса, терезеден үсті матамен жабылған автокөлікке көзі түседі.
- Анау үсті жабылған көлікті көрдіңіз бе? – деп Әли әлгі кісінің назарын аудартады.
- Иә, көрдім. Онда тұрған не бар? - деп сұрайды таңғала.
- Неге ол көлікті жауып қойған деп ойлайсыз?
- Енді, ол көліктің иесі көлігіне аса ұқыптылықпен, күтіп қарайтыны көрініп тұр. Көлігінің сырылмауын, кірлемеуін қалағандықтан солай істейді.
- Ал енді сол жердегі автобусты көріп тұрсыз ба?
- Иә, көріп тұрмын.
- Неліктен ол жабылмаған?
- Себебі, ол қоғамдық көлік. Оны жалғыз адам емес, дүйім жұрт пайдаланады. Сонымен не айтқың келіп отыр? – дейді әлгі кісі шыдамсызданып.
Екеуара әңгімені автобус ішіндегілердің бәрі тыңдап тұр еді. Сонда жас Әли:
- Білсеңіз, менің әйелім маған өте қымбат. Мен оған қамқор болам, әрі жақсы көрем. Сырттағы сұқ көздердің менің әйеліме қарағанын қаламаймын. Мен өзімнің сүйікті жарыма жаңағы беті жабылған көлікке қарағандай қараймын. Сондықтан да ол жабықтау киім киіп, орамал тағады. Ал, сіздің әйеліңіз әлгіндегі әркім кез-келген сәтте қарай алатын қоғамдық көлікке көбірек ұқсайды. Сіздің онда жұмысыңыз жоқ, - депті шегелегендей қылып.
Содан жұрт назары әлгі екеуіне ауады. Сонда әлгі кісі не дерін білмей қобалжып қалады. Әйелі болса, қызарып орнынан қозғала алмапты. Сөйтіп әлгі кісі есікке қарай ұмтылады. Әйелі де артынан тұра жөнеледі. Екеуі аялдамаға жеткенде есік толық ашылмай жатып, тезірек түсіп кетеді. Ал, автобус болса жүрісін әрі қарай жалғастыра берген екен.