Атақты табиғин Ибн Сиринға түс жору қасиеті қалай қонған?
Атақты табиғин Ибн Сиринға түс жору қасиеті қалай қонған?
3 жыл бұрын 6256
Нұғман Тұрғын

Атақты түс жорушысы, сахаба көрген табиғин дін ғалымы Ибн Сирин былай әңгімелейді:

«Естуімше адамның бірі Юсуф пайғамбарды түсінде көріп (ғалейһиссәләм), Юсуф пайғамбар оған аяқ киімінің бірін берген екен. Содан түс жорушы болып ояныпты.

Сондай-ақ, Ибраһим ибн Абдулла әл-Кәрамәни деген кісі түсінде Юсуф пайғамбарды көрген ұқсайды (ғалейһиссәләм). Бұл Юсуф пайғамбарға тіл қатып: «Алланың сізге үйреткенінен, маған да үйретіңіз!» - депті. Сондай Юсуф ғалейһиссәләм үстіндегі көйлегін шешіп, оған кигізіпті. Сол күні ол түс жорушылардың бірі болып ояныпты.

Мен бір күні түс көрдім. Түсімде бейнбір үлкен мешітке кірген екенмін. Мешіттің ішінде үш қария кісіні көрдім. Қастарында көркем жүзді бір жас жігіт отыр екен. Жас жігітке қарап:

- Алла саған рақымын жаудырсын, сен кім боласың? – деп сұрадым.

Ол (ғ.с.):

- Мен Юсуфпын (Жүсіп пайғамбар), - деді.

- Мына қариялар кім? – дегенімде, Ол (ғ.с.):

-  Бұлар менің аталарым – Ибраһим, Исхақ және Жақып (ғалейһимсәләм), -  деді.

Мен:

- Алланың саған берген ілімінен маған да үйретші! – дедім. Ол болса аузын ашып:

- Қарашы. Не көріп тұрсың? – деп сұрады.

- Тіліңді көріп тұрмын, - дедім. Кейін аузын қайта ашып:

- Енді қара, не көріп тұрсың?

- Жұтқыншағыңды.

Аузын қайта ашып:

- Тағы қарашы, не көріп тұрсың? – деді.

- Жүрегіңді көріп тұрмын, - дедім. Сонда Ол маған:  

- Түс жори бер. Қорықпа! – деді.

Азанда оянғаннан кейін, кім қандай түс айтса да оның жорамалын алақанымда көріп тұрғандай болдым» - деп, әңгімесін аяқтайды[1].  


[1] Ибн Сирин: «Тәфсируль Әхләм». Юсуф пайғамбарды көру. 27 бет.

0 пікір