Ертеде Лұқман есімді құл болыпты. Қожайыны оның парасаты мен мінезіне тәнті болғаны сонша, оны өз баласындай жақсы көрген екен. Тіпті, дастархан басына отырғанда Лұқман қасында болмаса, астың дәмі кірмейді деп есептейтін.
Бірде қожайынға сый ретінде бір қауын келеді. Ол Лұқманды шақыртып, қауынды тіліп, алғашқы тілімін өз қолымен ұсынады. Лұқман иісі мұрын жаратын бал қауынды тамсана жеп қояды. Қожайыны оның тәбетіне риза болып, екінші екінші тілім кесіп береді. Оны да Лұқман ыждағаттылықпен жеп қояды.
«Лұқман қауынды өте жақсы көреді екен-ау» деп ойлаған қожайыны, соңғы бір тілімін ғана өзіне қалдырып, бүкіл қауынды құлына жегізеді. Лұқман болса, әр түйірін аса тәбеттілікпен жейді.
Ең соңында қалған жалғыз тілімді қожайыны: «Мұншалықты сүйсініп жегеніне қарағанда, бұл не деген тәтти еді? Мен де бір дәм татайыншы», – деп аузына сала бергенде, өңеші өртеніп кете жаздайды. Қауынның ащылығы сондай, тіпті ауыз қуысын күйдіріп жібергендей болыпты.
Ащы дәмнен есеңгіреп қалған қожайыны көпке дейін аузының ашығанын қалай қойдырарын білмей дал болады. Бірақ уақыт өткеннен кейін таңырқап:
— Әу, Лұқман, жарығым! Мұндай зәрдей ащы дүниені қалайша еш білдірмей, сүйсіне жедің? – деп сұрайды.
Сонда Лұқман ибамен басын иіп, былай деп жауап беріпті:
— Мырзам, мен осы күнге дейін сіздің қолыңыздан қаншама тәтті дәм мен игілік көрдім. Соның бәрін татып жүріп, бүгін сол берекелі қолыңыздан бір ащы нәрсе ұсынылғанда: «Мынау ащы екен, жей алмаймын» деп айтуға арым жібермеді, сізден ұялдым» деген екен.
Түйін: Ендеше Хақ Тағаланы шын сүйген пенде Одан келген сынақтарды да Лұқманша сабырмен, тіпті сүйіспеншілікпен қарсы алады. Себебі, Жаратушының сансыз нығметін көріп жүріп, бір қиындық келгенде кейістік таныту — шынайы махаббатқа жат қылық1.
1Руми, «Мәснәуи Шәрифтен».