Бір саудагердің есегі болыпты. Саудагер ол есегімен күнде базарға тұз апарып сатады екен. Алайда, базарға бару үшін өзенді кешіп өтуге мәжбүр екен. Бір күні әдеттегінше өзеннен өтіп бара жатқан сәтте есектің аяғы шалынып, суға құлайды. Үстіндегі түз да су болып, ақыры ериді де, үстіндегі қаптың салмағы жеңілдейді. Бұған есек қуанады.
Сол күннен бастап есек қулыққа басып, күнде өзеннен өтіп бара жатқан тұста суға құлауды әдеттеніпті. Есегінің қулығын түсінген иесі, оған сабақ болар бір айла жасауды ұйғарады. Сөйтеді де, қаптың бәріне тығыздап мақта салып, есекке артады.
Бұл жолы да қулығына басқысы келген есек аяғын әдейі шалдырып, суға құлайды, бірақ бұл жолы, жүгі жеңілдеудің орнына керісінше ауырлап кетеді. Ауырлап кеткен жүгін әрең көтеріп, зорға дегенде қиналып судан шығады. Содан бері әдейі суға құламайтын болыпты. Есектен айласын асырған қожайыны болса, қуаныпты[1].
Осы қысқа хикаядан алынатын ғибрат:
“Бағыңды қинай берудің қажеті шамалы. Сәттілік әрдайым серігің болмауы мүмкін! Ақырын жүріп, анық басқан жөн. Тәуекелдің бәрі табысқа жетелей бермейді”
[1] Араб хикаясы.
Қазақшалаған А. Қасым