Жәбірейіл періште бірде Адам атаға ақыл, ұят және иманды әкеліп былай деді:
- Уа, Адам! Алла Тағала саған сәлемін айтты. Мына үш сыйлықтың бірін қабыл алуыңды бұйырды.
Адам (алейһиссалам) бұл үш сыйлықтың ішінен ақылды таңдады.
Бұны көргенде Жәбірейіл періште иман мен ұятқа қарап:
- Сендер бара берсеңдер болады, - дейді.
Сонда Иман оған:
- Алла Тағала маған: Ақыл қайда болса, сен де сонда, жанында бол, - деп бұйырған. Сондықтан мен ақылдан ажырамаймын, - дейді.
Ұят та:
- Алла Тағала маған да дәл солай бұйырған. Мен де ақыл тұрған жерден табыламын, – дейді.
Иә, ақылды адамның бойынан ұят та, иман да табылады. Ал ақымақта ұят та, иман да болмайды.