Баязит Бистами: «Ғылымда бұндай биік дәрежеге қалай жеттің?» - деп сұрағандарға:
– Анамның дұғасымен, – деп, басынан өткен мына оқиғаны айтушы еді:
«Бір күні анам қатты ауырды. Мен қасынан бір елі ажырамадым. Түнде анамның аяқ жағында отырған едім. Әлден уақытта «Ботам, су берші?» деді. Тұра жүгірдім. Бірақ үйде су бітіп қалған екен, екі өкпемді қолыма алып ауыл сыртындағы бұлаққа бардым. Суды алып келсем, анамның көзі ілініп кетіпті. Қолыма мұздай суды ұстап, шешемнің оянуын күтіп отырдым. Таң ата анам оянды, мен суды ұсына қойдым. Анам басында ештеңеге түсінбей тұрды да, есіне түскеннен кейін көзіне жас алып былай деді: «Я, Жаратқан, мен ұлыма разымын, сен де разы бола гөр!».
Баязит Бистами сөзін ары қарай жалғап:
– Егер Алланың алдында аз да болса қадірім болса, ол анамның сол дұғасынан деп білемін, – дейтін.