Алла елшісінің адалдығы
Алла елшісінің адалдығы
11 жыл бұрын 4601
Алдаберген Үсен

Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбармыз (с.а.у.) өте адал кісі болған. Уәдесінде тұратын, берген сөзінен ешқашан таймайтын, өзіне және қасындағы сахабаларына көмектескендерді ешқашан ұмытпайтын, достарын жиі іздеп барып, жағдайларын сұрайтын.

Адалдық деген кезде сондықтан есімізге ең әуелі Алла елшісі түседі. Ол мұсылмандарға да адал болуды насихаттайтын. Осыған қатысты мынандай бірнеше мысал беруге болады. Сахабалардан Абдуллаһ бин Әбил Хамса былай дейді:  «Бірде Пайғамбарымызбен бірге сауда жасауға шықтық. «Күте тұрыңыз, қазір келемін», - деп кетіп, бұл туралы өзім ұмытып кетіппін. Арадан үш күн өткен соң есіме түсіп барсам, ол кісі сол жерде мені әлі күтіп жүр екен».

Бұдан Пайғамбарымыздың (с.а.у.) саудасында сенімді және уәдеге соншалықты берік екенін көреміз. Ол серігін күтумен шектелмей, оның басына бір жағдай туындады ма деп те уайымдаған.

Мұтғим ибн Адый (р.а.) құрайыштардың бетке тұтар адамы еді. Кезінде Таиф сапарынан оралған кезде дұшпандары пайғамбарымызды (с.а.у.) қалаға кіргізгісі келмеді. Сондықтан ол Меккенің бірнеше алдыңғы қатарлы адамдарынан көмек сұрады. Бірақ, ешкім қабылдамады. Сонда тек Мұтғим ғана қабылдап, балаларын қаруландырып, пайғамбарымызды қалаға кіргізген.

Арада бірнеше жыл өтеді. Мұтғим Бәдір соғысында құрайыштар қатарында мұсылмандармен болған соғыста өледі. Белгілі ақын Хассан ибн Сабит оған өлең арнап, кезінде оның пайғамбарымызға қамқорлық танытқанын еске алған.  

Пайғамбарымыз өзіне танытылған осындай адалдыққа қатты қуанған болатын. Жау тұтқындарға не істеу керектігі талас тудырғанда, Пайғамбарымыздың айтқан мына сөзі оның адалдығының қандай екенін көрсетіп береді: «Егер Мұтғим бин Адый тірі болып менен тұтқындарды сұраса, ақысын сұрамастан бәрін босатар едім».

Пайғамбарымыз (с.а.у.) серіктестеріне де адал болған. Худайбия келісімінде мұсылмандармен бірге келісімге қатысқан Хуза қауымы құрайыштармен бірге келісімге кірген Бәни Бәкірдің шабуылына ұшырайды. Құрайыштар да осы шабуылды қолдаған. Хузаға қауымының өкілдері жағдайды жеткізгенде, пайғамбарымыз дереу құрайыштарға талап қойып, әскер дайындайды. Бұл оқиға Меккенің алынуына себеп болып, тарихтан өз орнын алды. Осылайша, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейхи уәссәлләм) шабуылға ұшыраған серіктесін жалғыз қалдырмай, оған көмек қолын созған. 

Пайғамбарымыз сахабаларына көмектескен адамдарға да адалдық танытатын. Бір күні Хабашстан билеушісінің елшілері келеді. Пайғамбарымыз оларға ыстық ықылас білдіреді. Кейбір сахабалар «Уа, Алланың елшісі! Біз қызметті өзіміз атқарамыз, сіз демалыңыз» дегенде, жанындағыларға: «Бұл кісілер Хабашстанға көшіп барған сахабаларымды жылы қабылдап, құшақ жайып күтті. Енді мен де оларға құрмет көрсеткім келеді» деп жауап береді.

Мәдинаға келген тайпаларды пайғамбарымыз (с.а.у.) жақсылап күтіп алатын. Өзімен танысуға келген тайпа өкілдерін қонақ етіп күтіп, олармен жақын араласып, оларға арнайы мұғалімдер тағайындап, материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ететін. Жаңа киімдер алып беретін, сыйлықтар сыйлайтын, Ислам дініне қызығушылық танытып Мәдинаға келген бұл қонақтарды ұмытылмастай адал көңілімен шығарып салатын.

0 пікір