Әдепсіздерден "әдеп" үйрену (әңгіме)
Әдепсіздерден "әдеп" үйрену (әңгіме)
8 жыл бұрын 4721
Құдайберді БАҒАШАР

О баста журналистік мамандықты таңдаған өзі. Енді міне табанынан тоздырып сұқбат алу үшін бүгін де бір кісіге баруы керек. Атағы дардай бұл өнер адамын бірнеше рет хабарласып жүріп əрең көндірген. Онсыз да танымалмын, атағым жер жарып тұр дей ме, жоқ көкірегіне нан пісіп дандайси бастағандікі ме, əйтеуір, сұқбат алу үшін хабарласа қалса, уақыты жоқтығын айтып бастарын алып-қашатын осындай кісімсымақтарға іштей зығырданы қайнайды. Бүгін өзінің аса көңіл-күйі де жоқ. Кешегі үйдегі ұрыстан кейін басы мең-зең болып жабырқау қабағы əлі ашылар емес. Кешелі бері əйелінің де ашуы тарқай қоймаған сыңайлы. Таңғы шайын зілдене отырып берді. Қайынатасының қалаға емделем деп келіп, үйде біраз жатып қалғанын жақтырмаған əйелі бүйректен сирақ шығарып, болмашы нəрседен ұрыс шығарып отырғаны. Кеше кешкісін балабақшаға барып жүрген баласына қарадан қарап тиісіп, бұлқан-талқан болып, демде шу шығарды. «Қаршадай баланың не жазығы бар?» – деп, немересін қорғаштамақ болып араға түскен атасына да ауыр-ауыр сөздер айтты. «Əрі-беріден кейін сақалыңызды сапситып неғып жатырсыз?! Ауырсаңыз, менің үйім емхана ма екен, ауруханаға барыңыз!» – деп дүңк еткені. Бұл – үй менікі, балаңыз келіп қолыма кірген дегенді бетке басқаны ма, жоқ əлде енді жетпегені əкесі келіп жатып алды дегені ме, əйтеуір, атасы келсе болды, бір қонғаннан-ақ келіннің арқа терісі құрысып, шеке-басы тырысып, алакөзденіп, мазасы қаша бастайтын əдеті. Емханада орын болмаған соң, қарт байғұс жалғыз ұлының үйін жағалай тұрмағанда, басқа қай жерден пана тапсын? Əйтпесе, науқасынан онсыз да ас-суға тəбеті жоқ адам олардың қайбір ырысын кемітіп жатыр дейсің?..

– Əй, сен оңбайсың, шалдың сақалын сыйласаң қайтеді, денсаулығы сəл жақсарса өзім-ақ ауылға апарып тастаймын, кешегідей шайпау мінезіңді қой! – деген ертеңгі шай үстіндегі күйеуінің ызғарлы сөзіне де бетбақтырар емес. Демде түтігіп шыға келді.

- Мен ешкімді шақыртып алғаным жоқ. Тегі, қонақ күткен дегенді суқаным сүймейді. Өз əкем болса да бір күннен кейін шығарып салғанша асығам. Олардың онсыз да келмейтінін білесің. Маған келмегені жақсы. Əкеңе анық жаның ашыса, инесі мен дəрі-дəрмегін алып ауылға неге апарып тастамайсың, кемпірі бар ғой қарайтын.

Күйеуін қоса өзі тапқандай долданып отырған бұл бетпақпен ұрысып береке таппайсың, «Дауылға жолыққанда да бір, долыға жолыққанда бір» деген рас. Бұл ұрысса бір адамды емес, мың адамды жеңеді, бір үй емес бір ауыл түгел торығады деп іштей күйінген күйеуі сағатына қарап, одан да əлгі жұмысымды бітіріп қайтайын деп үйден шығуға ыңғайланды.

Келін болып түскелі, бері əдеп-иба дегеннен жұрдай, шаш-тырнағын жасатумен алысып, телесериал көргеннен басқаны білмейтін осының несіне қызықтым екен деп іштей кіжінген күйі киініп үйден шықты. Күн сəл бұлыңғырлау. Байқамаса, көктемнің ызғары бойдан өтіп кетеді. Əнебір қыздардың жаз түскендей ашық-шашық киінгені несі екен, ей?! Ышқырынан іш киімдері көрініп барады. Денесі жалаңаштанған сайын жан дүниесінің де соншалықты жалаңаш, жұтаң екендігін байқатып алатындықтарын өздері сезбейді-ау, шамасы?! Ешкімнен қысылып-қымтырылу деген жоқ, əй, бірақ біздің мектептерде де қазір тəрбие төмендеп кетті ғой! Аялдамаға жетті. Бір топ адам тұр. Сонадай жерде құшақтасып, бір-біріне өліп-өшкен бір жас жігіт пен қызды көрді. Санына жабыстырып қысқа шалбар киген, жалбыр шашты қыз бояуды бетіне аямай жаққан екен. Қолдарында бір-бір бөтелке сыра. Арасында қарқылдай күлісіп, шалқалаған күйі сары шөлмектен ұрттап-ұрттап қояды. Сырттай бір топ адамның өздеріне көз салып тұрғанын елер емес. Махаббат деген осы деп ұғады-ау, шамасы?!

Автобусы келді. Ел бірдеңеден қалыс қалғандай жапа-тармағай жүгіріп, түсетіндерге де жол берместен, бірін-бірі кимелеп кіріп барады. Сөмке-сөмке заттары бар қалт-құлт еткен əжейге көз салмастан бəрі қағып-соғып мініп жатыр. Ішке кіргенде қарт əже орын іздеп алақтап қалды. Жастар ұйықтап отырған болып əдейі-ақ көз қырын салар емес. Қалт-құлт етіп тұрып, бүгіліп заттарын ыңғайлап қоям деп жатып, автобус бір ырғалғанда ұшып түсе жаздады. Əбүйір болғанда, бұл сүйеп үлгерді. Орын беретін ешкім жоқ па дегендей əжей маңайына бүгежектей қарағыштап, тағы да құлап кетпейін дегендей тұтқадан мықтап ұстауға əрекет жасап жатыр. Мына бір екі студент жас құлақтарын тығындап алып музыка тыңдап отыр. Мынадай даңғыраған дыбыстан құлақтан-құлақ қалмайтын сияқты. Ара-арасында бастарын шайқап- шайқап, сандарын ұрып-ұрып қояды. Ал ана бір орындықта отырған екі оқушы бала бұлар кіргеннен-ақ сазарып, дереу терезеден сыртқа үңіліп қадала қалған. Қастарына жақындағанда да ыңғай беріп, қозғала қоймады. Əлден уақытта біреуі: «Мына кісіге орын береміз бе?» – деп ымдап еді, екіншісі: «Ұяла берсең, көп нəрседен құр қаласың. Неғыласың, көрмегенсіп отыра бер», – деп сыбырлады. Əжейге басқа бір ересектеу кісі орын берді. Кондуктор: «Дереу жолақысын төлейміз!» – деп, құлақ түбінен қатты дауыстап қайта-қайта ескерткен соң, қолын қалтасына сұқты. Қайта майда ақшасы бар екен. Əйтпесе өткен жолы майда ақшасы болмай, ірісін берген біреумен кондуктор қыз елдің көзінше салғыласып, қос бүйірін таянып тұрып қатты ұрсысып еді. «Майда жоқ деп ірі ақшаны əдейі беріп тұрсың. Төлемей кетуге жасаған қулығың ғой, шамасы! Тоқта, мынаны түсіріп кетейік!» – деп ит терісін басына қаптаған. Ақыр аяғында бəрібір қоймай майдалап, əлгінің екі уысын майда тиындарға толтырған. Содан бері автобусқа отырарда қалтасындағы майда ақшасын бір түгендеп алуды өзіне əдетке айналдырды. Ол осыны ойлап тұрғанда, кенет қатты шайқатылған автобустың кесірінен қасындағы еңгезердей біреудің бұның аяғын басып кетпесі бар ма?! Еркек басымен құлағына сырға тағып алғаны тегі ерсі көрініп тұр. Аяғын қатты ауыртты. Тура жаны көзіне көрінді. Ұятты кісімен кездесуге барам деп үйден шығарда аяқкиімін майлап шыққаны бекерге кетті. Ал кешірім сұрар деп күткен əлгі кісі болса, оған көлік жүргізушісі кінəлі дегендей алдыңғы жаққа бажбиып бір қарады да, сағызын шайнап міз бақпай тұра берді. Не деген арсыздық!

Жүргізуші де адамды көбірек толтыру үшін қайта-қайта автобусты шайқап, бірді- бірге соғылыстырып іштегі елдің ашу-ызасын тудырды. «Бұларға ақша тапса болды, адамды адам екен демейді», «Төбемізге шығарасың ба, қайтесің?», «Ақшаны ойлаған адамда ұят бола ма?» деген секілді елдің ашынған, ұрысқан дауыстары естіліп жатты. Бірақ оны елер кондуктор жоқ. «Ұнамаса, түсіп қалыңдар! Маған не қыл дейсіңдер? Қу ақша үшін жүрмегенде не үшін жүрміз?! Мен ұятты ойласам, бала-шағамды кім бағып береді? Ұяттың заманы өткен баяғыда». Тілінің ащысын-ай мынаның. «Ұяттың заманы өткен» деп қояды. Ұяттан айырылғандағы пұшпаққа жеткен түрі мынау ма сонда? Ұяттан айырылған адамның түрі де ұсқынсыз болып кете ме, қалай өзі?! Тағы да кейіді. Түсіп қалып кері қайтқысы келді. Бірақ бармасқа болмай тұр. Өйткені бүгін дереу барып, сұқбатын алып алмаса, бір-екі күнде бұл кісінің шетелге кетем дегені есінде. Оның үстіне журналдың айлық жоспарына сол кісімен сұқбаттың берілетіндігі енгізіліп қойған.

Айтпақшы, қазір бұл кісі қызметі өсіп, мəдениет саласын басқарып отырған жайы бар. Алдын-ала əуелі шағын журналистік зерттеу жүргізіп, ол кісінің соңғы уақыттарда басқа газеттерге берген сұқбаттарын шолып шыққан еді. Құдай салмасын, берген сұқбаттарында мін жоқ. Патриоттығын, өзінің əлі де ашылмаған қырлары көп екенін, халықты қалтқысыз құрметтейтіндігін жиі тілге тиек етіпті. Қоятын сұрақтарын көкейіне түйіп, əне-міне дегенше əлгі кісінің қызмет орнына да келіп жетті. Хатшы қызға телефон шалдыртып, келіскен уақытта келіп, кіруді күтіп отырғанын білдіртті. Көп кідірместен ішке кірді. Көк түтіннің ортасында креслода шайқатылып отырған, галстук таққан бұжыр бет кісінің ымдауымен қарсы алдындағы үстелді жағалай қойылған орындықтардың біреуіне отырды. Қол созып амандасам ба деп еді, оған ыңғай бермеді. Өзі темекіні үсті-үстіне тұтатып əлек. Сонадай жердегі теледидардан көз алар емес. Мазасыз ба, қалай өзі? Көздері ісіңкі, аузынан да жағымсыз иіс шығатындай. Қайта-қайта басын ұстап, маңдайын уқалап қояды. Əуелгіде түтінге бұл да қақалып қала жаздады. Жыбырлап қоя берген тамағы бір-екі жөткірініп барып əрең ретке келді. Мынадай кабинетте тұншықпай қалай отыр деп ойлады. Қалам-қағаз, диктафонын шығарып дайындығын жасай бастады. Əңгімені бастасақ дегенді білдіріп қозғалақтап қойды. Анау болса енді ғана пультпен теледидардың даусын бəсеңдетіп, назарын бері аударды. Сөйтті де жақтырмаған қалып танытып: «Осы сендер-ақ адамның қыр соңынан қалмай қоясыңдар. Бүгін біраз басым да ауырып тұр еді. Осы мен жайлы шыққан мақалалар көп қой, солардың бас-аяғын құрастырып, бір мақала жасай салсаң қайтеді?» деп сұқбат беруге аса құлқы жоғын аңғартты. Дегенмен жаңа қызметіне қатысы бар екі-үш сұраққа жауап беруге келісті. Бірақ ол қойған сұрақтардан ауытқып, өзінің ел үшін атқарған ұшан-теңіз еңбектерін санамалап, өзін жер-көкке сыйғызбай мақтаумен болды. Айтқандарын тыңдап отырса, ол болмаса өнер саласы əлдеқашан қожырап, дамымай қалғандай екен. Сөз арасында қызды-қыздымен «Кімнен сұрасаң да осы менің мендігімнен, күн-түн демей жұмыс істегендігімнен өнер саласының белгілі бір деңгейге көтерілгенін естисің. Енді мəдениет саласын дамытуға аянбай күш салып жатқан жайым бар» деді. «Бұйырса, осы жолғы шетелдегі демалысымды жақсы өткізіп келсем, тың күшпен кірісем бе деп отырмын» дегенді де қосып қойды.

Сөз ауаны мəдениет тақырыбына ауысқанда, журналистік əуестікпен оқыстан бір сұрақ қоюды жөн көрді. «Сіз адамның жеке бас мəдениеті дегенді қалай түсінесіз?». Темекінің тұқылын күл салғышқа қадап, мыжғылап отырып: «Жеке бас мəдениет дейсің бе? – деді көзін сығырайтып. Өңі бұрыннан сұп-сұр ма еді, жоқ қазір осылай көрініп кетті ме ол жағын айыра алмады. Дегенмен бұл сұрақты ұнатқан секілді, жауап бермек болып ойланып отыр, – ол енді былай.. мəселен, ресми кездесулерге кешікпей бару, ол жерде өзіңді маңғаз ұстай білу. Шақырған кештерден қалмау... Жарасымды əрі сапамен киіну... Керекті адамыңмен тіл табыса білу... Сыйлы кісілермен мейрамханаға тамақтануға барғанда, қасықты қай қолға ұстап, шанышқыны қалай қолдану керек екенін білуің». Бұл осы тақырыпқа кеңірек тоқталса деп ойлап еді. Өкінішке орай, ол осыдан əрі аса алмады. Шыр ете түскен қалта телефонымен тағы да сөйлесіп кетті. Əлден уақытта хатшы қызға звондап: «Кофе əкелші?» – деді. Сірə, журналисті сыйламақ болған шығар деп ойлады. Күн де салқындау екен, жақсы болар еді. Негізі, бұл да бір мəдениеттілік қой, өркениетті елдерден үйренгені шығар деп қойды іштей. Алайда кофе əкелінгенде, жіпсіген маңдайын сүрткен ол қайта-қайта ұрттап, өзі ғана ішіп отырды. Біраз əңгімелескеннен кейін, кофесі таусылып қалғанын байқап, тағы да алдыртты. Тағы да өзі ішіп тауысты. Алдымда қонақ отыр-ау деп, я болмаса журналистке де бір кофе алдырту оның есіне кіріп-шықпады. Мəдениет жағын басқарып отырған, өзін аса мəдениеттімін деп санаған адамның мына қылығы неткен таяздық еді? Бұдан жеке бас мəдениет туралы сұрап, оңған жауап күтіп отырған мен де ақымақпын деп ойлады іштей. Алған сұқбатының да бас-аяғы болмай берекесі кетті. Бойын реніш биледі. Дереу кеткісі келіп жинала бастады. Бастық оның неге аяқасты кетпек болғанына көңіл аудармастан, «жақсы, рұқсат» дегендей ым қақты да, терезеге қарап, телефонмен сөйлескен күйі қала берді. Көшеге шықты. Ішін тартып, құшырланып тұрып терең тыныс алды да, «уф» деп демін шығарды. Əлгі жерден тезірек кеткені дұрыс болды. Əйтпесе тым тынысы тарылып кетті. Таза ауада көше бойын жағалап, қалың ойға беріліп келеді. Бүгінгі азаннан бері надандық исі мүңкіген бірнеше қылыққа куə болғанына қатты қынжылды.

Апыр-ай, əдеп қайда кеткен? Ұят қайда? Кісілік қайда?! Жұмысқа көше бойымен жүріп баруды қалады. Жолай есіне биыл танысының үйіне ауызашарға барғандағы əңгімелер түсті. Иə, сол жолы танысы біраз қонақтардың басын қосыпты. Келген қонақтар өте сыпайы əрі мəдениетті екен. Араларынан біреуі руханияттан, діннен хабары мол, парасатты жан болып шықты. Көпшілік көбіне соның сөзіне құлақ салып отырды. Оның тағылымды əңгімелерін естіген сайын, жан дүниесі нұрланып, бұл да тағы ести түссем деп құмартқан. Сонда ол жігіт көркем мінез, ұят, əдеп туралы көп айтып еді. Бір данышпаннан «Осынша əдептілікті қайдан үйрендіңіз?» – деп сұрағанда, «Əдепсіздерден» деп таңғалдырыпты. «Өйткені əдепсіздердің əрбір жағымсыз қылығынан бір сабақ ұғуға болады», – деп жауап берсе керек. Басқаның қателігінен сабақ алуды қандай əдемі ұқтырған! Тағы бір əңгімесінде Жəлəладдин Руми атты əулиенің мына сөзін келтіріп еді. Жүрек ақылдан «Иман деген не?» – деп сұрағанда, ол «Əдептілік» деп сыбырлапты. Əдепсіз жан өзіне ғана кесірін тигізбей, əдепсіздігімен жүрген жерін түгел ластайды екен. Сол жолы əлгі жігіт құлақ құрышын қандырып, біраз жайттардан хабардар етті. Аят- хадистерді талдады. Айтқандары сол күйі есінде. Даусы да тым əуезді екен. «Алла тағала əдепті құлдарын жақсы көреді. Ұятты құлдарын сүйеді. «Əр діннің бір мінезі болады, Исламның мінезі – ұяттылықта» деген Мұхаммед пайғамбарымыздың əдептілігінде мін болмаған. Ол өте көркем мінезді жан болған. «Мені Жаратушы ием өзі тəрбиеледі. Ең тамаша тəрбиемен», – дейтін. Ар-ұяттылықтың үлгі-өнегесін паш етті. Бөгде əйелге көз салмайтын. Ешкімге қатты сөз айтпайтын. Сахабалардың айтуынша, ол əлі ұзатыла қоймаған жас қыздан бетер ұятты еді. Серіктерін де əдептілікке тəрбиелеп: «Ұят – иманнан келеді», «Ұят тек абыройға бөлейді», «Үлкендеріне құрмет, кішілеріне ізет көрсетпеген – бізден емес», «Ата- анасын сыйлап, жүзіне мейірлене қараған кісіге, Аллаһ тағала да мейіріммен қарайды», – деп отыратын», – деді. ...Сыйласаңдар кəріңді, жарылқармын бəріңді... Көнекөздердің тəрбиесі деп бұл да соның айтқаны. ...Сахабалардан хазірет Османның да өте бір əдепті əрі ұятты кісі болғандығына тоқталған. Тіпті Яссауи мен Ғұмар Қараштың өлеңдері деп тебірене отырып бір-бір шумақ өлең оқығаны есінде қалыпты. «Үлкен-кіші адамдардан əдеп кетті, Қыз-келіншек, нəзік жаннан ұят кетті. «Ұят барда - иман бар» деп Расул айтты, Арсыз қауым бүлдіріп кетті, достар!» ...«Жігіттер, жаның жаста əдеп үйрен, Қаш жырақ, əдебі жоқ істен жирен. Сүйкімді əдеп тұтпай бола алмассың, Əдепсіз, жоқ мінезі Тəңірі сүйген!» Шынында да, əдепсіз адамда Тəңірі сүйетін қандай жақсы қылық болсын?! Ғұламалардан Абдуллаһ ибн Мүбəрак деген кісі айтқан екен деп мына бір мағыналы сөзді де қосқаны бар: «Біз көп білімдіден гөрі, аз да болса, əдептіге зəруміз!» Рас-ау, аз да болса əдептіге, тəрбиелі кісілерге зəруміз. Əдеп…тəрбие… Ол ойға беріліп келе жатып, бір мезет күннің салқындай түскенін сезді. Денесі аздап тоңазып қалған секілді. Кішкене бой жылытқысы келіп қиылыстағы кафелердің біріне бас сұқты. «Қош келдіңіз!» деп күлімдей қарсы алып, жылы шырай білдіре ішке бастаған даяшы қыздың ибасын көргенде, іштей сүйсініп қалды. Атын, затын сұрағысы келіп кетті, бірақ «Қой, əдептен озбайын» деп өзін тез тежеді. Орындыққа жайғасқанда, қасына ізетпен жақындаған даяшы қызға «Кофе əкеліңізші!», – деді жай ғана. 

0 пікір