Әбу Ләйс әс-Сәмарқандиден 10 өсиет (ғалым, ілім және амалға қатысты)
Әбу Ләйс әс-Сәмарқандиден 10 өсиет (ғалым, ілім және амалға қатысты)
3 жыл бұрын 4192
  • «Неше ағаштар бар, бірақ олардың бәрі жеміс ағашы емес. Қаншама ғалымдар бар, бірақ оның бәрі тәлімгер емес. Неше жеміс бар, бірақ бәрі бірдей тәтті емес. Неше ілім-ғылым бар, бірақ бәрі бірдей пайдалы емес».
  • «Егер ғалымдар дүние жинаумен шұғылданып, дүниенің соңына түссе, халық күмәнді нәрселерді жей бастайды. Егер ғалымдар күмәнді нәрселерді жей бастаса, халық харам нәрселерді жей бастайды. Ал егер ғалымдар харам нәрсені жей бастаса, халық кәпір бола бастайды».
  • «Ғалым бұзылса, ғалам бұзылады».
  • «Қиямет күні білімсіздер білімділердің жағасына жабысып: «Сендер біле тұра, неге бізге үйретпедіңдер. Бізді істеп жүрген істерімізден неге тыймадыңдар», - дейді екен».
  • «Суфян ас-Сәури айтқан: «Ғылымның әуелі – үндемеу. Одан кейінгісі – тыңдау. Үшіншісі – жаттау (көкейге тоқу). Төртіншісі – алған іліміне амал ету. Бесіншісі – алған ілімін жаю».
  • «Сахаба Әбу Дәрда былай деген екен (радияллаһу анһ): «Білімді бол, не білім ізденуші бол, не (білімді) тыңдаушы бол. Төртіншісі болма». Яғни - білмейтін, не білім іздемейтін, не (білімді) тыңдамайтындардан болма».
  •  «Суфян ибн Ъуяйна айтқан: «Білімсіздің жетпіс қателігі кешірілуі мүмкін. Ал білімді ғалымның бірде-бір қателігі кешірілмейді».
  • «Әузаъи былай деген: «Кім білгенімен амал жасаса, Алла Тағала оған білмеген нәрсесін білдіреді».
  • "Бірде Бишр ибн әл-Харис хадис иелеріне (хадис саласының мамандарына): "Мына хадистердің зекетін беріңдер!" - деді. "Оның зекеті қалай?" - дегенде, Ол: "Әр екі жүз хадистің бес хадисіне амал жасаңдар" - дейді".
  •  «Он түрлі адамдағы он түрлі әбестік мыналар: 1) Патшадағы қызбалық; 2) Байдағы сараңдық; 3) Ғалымдағы іштарлық; 4) Кедейдегі ашкөздік; 5) Зиялыдағы ұятсыздық; 6) Қариядағы жас көрінушілік; 7) Еркектегі әйелге ұқсаушылық; 8) Әйелдегі еркекке ұқсаушылық; 9) Дүние адамдарының есігінде зүһд* иелерінің жүруі; 10) Ғибадатшыл адамдағы (немесе діндардағы) білімсіздік».
  • «Кей хәкімдер айтқан: «Даналардың сөздері – ақылсыздарға сауық. Ал ақылсыздардың сөздері – даналарға ғибрат»[2].   

[1] *Зүһд иесі – дүниеге қызықпайтын, дүниені тәрк еткен тақуа кісі.
[2] Әбу Ләйс әс-Самарқанди (рахимаһуллаһ): «Тәнбиһуль ғофилин». Араб тілінде.

Аударып, дайындаған А. Қасым 

0 пікір