Әбу Ханифаның тапқырлығы мен даналығына жұрт таңданатын. Ол қарапайым халық арасында шыққан дау-дамайды қарапайым жолмен шешуші еді. Осыны растайтын біршама оқиғалар баян етіледі. Соның бірі мынадай:
Мұсылман болған өзге ұлт иелерінен бірнеше отбасы Куфа қаласына қоныстанады. Солардың арасында бір кісінің өте сұлу жұбайы болған екен. Ол әйелге Куфа қаласының бір тұрғыны ғашық болады. Сөйтіп бір күні оның бұл пиғылына кет әрі емес әлгі әйелді өзінің зайыбы екендігін айтады. Әйел де әлгі куфалық кісінің сөзін қостайды. Әйелдің шынайы күйеуі ғалымдарға жүгініп, мұның өтіріктігін дәлелдейтін ешқандай айғақ табалмағандықтан, хадисші ғалымдар мәселені куфалықтың пайдасына шешеді. Амалы қалмаған әлгі бейбақ әділдік іздеп Әбу Ханифаның есігін қағады. Мән-жайды естіп болғаннан кейін Имам Ағзам Әбу Ханифа қасына бір топ адам алып (арасында хадисші ғалымдар да бар), алдымен шағымданып келген кісінің тұратын үйіне келеді. Бұларды бөтенсіген оның иттері әупілдеп үріп, дүрсе қоя береді. Бұдан соң Әбу Ханифа: «Енді әлгі әйелді шақырыңдар», - дейді. Әйел келгенде, жаңа ғана жеп қоярдай айбат шегіп, әупілдеп үрген иттер, әйелді көре салысымен оны танып, құйрықтарын бұлғаңдатып еркелеп, сағыныштарын жасырмады. Мұны көрген Әбу Ханифа айналасындағыларға қарап: «Міне, ақиқат айқындалды», - дейді. Әйел де өзінің өтірігін мойындап, шынайы еріне оралады. Түлен түртіп, бұлай жасағанына қатты өкініп, әйелі шынайы тәубе етіпті.
Бір кісінің үйіне түнде ұрылар басып кіріп, бүкіл заттарын алып кетіпті. Бірақ ұрылар кетіп бара жатып үй егесінен: «Егер сіздердің біреуіңізді танып ұстап берер болсам, әйелім үш талақпен талақ болсын» деген уәдесін алып кетеді. Таң атқаннан кейін не істерін білмеген үй егесі Әбу Ханифамен кеңесуді жөн көреді. Әбу Ханифаға келіп болған жайды баяндап береді. Сонда Ұлық Имам оған жергілікті мешіт имамын, оның азаншысын және шыншыл кісілерді жина деп бұйырады. Айтқан кісілері жиналғаннан кейін Имам Ағзам Әбу Ханифа оларға:
- Мына кісінің заттарын Алланың қалауымен қайтарғыларың келеді ме? - деп сұрайды. Олар:
- Иә, қайтарғымыз келеді - деп жауап береді. Әбу Ханифа оларға:
- Олай болса, күмәнді адамдардың бәрін үйге ме, әлде мешітке ме жинаңдар да, бір-бірлеп қайта сыртқа шығарыңдар. Әр шығарған сайын жапа шегушіден: «Мынау ма, ұры?» - деп сұраңдар. Егер шыққан кісі ұры болмаса «жоқ» деп жауап берсін. Ал, егер затын ұрлаған сол болса, ләм-мим деп тіл қатпасын. Тіл қатпаған адамын ұстаңдар!» - деп бұйырады.
Олар Әбу Ханифаның айтқанын екі етпей орындап, бейшара жапа шегушінің бүкіл ұрланған заттарын қайтарып берген екен.