Әбу Ханифаның араб ұлтынан емес екендігін бетіне басқан бір топ араб ғалымдарына берген жауабы
Әбу Ханифаның араб ұлтынан емес екендігін бетіне басқан бір топ араб ғалымдарына берген жауабы
5 жыл бұрын 9732
Абдусамат Қасым

Имам Ағзам Әбу Ханифаның түпкі тегі Парсы болғандығы үшін кейбір ұлтшыл араб ғалымдары оны менсінбейтін болған екен. Бірде қажылық айында Имам Ағзам қажылық ғибадатын өтеу мақсатында қасиетті Мекке қаласына келіпті. Әдеттегідей Меккеге жан-жақтан келген ғалымдар бас қосып, Әбу Ханифаны да мәжілістеріне шақырады. Қал-жағдай сұраса келе, оның қай ұлттан екендігін сұраған кейбір араб ұлтты ғалымдарға Ол араб емес екендігін айтады. Сонда сол жердегі отырғандар оның араб болмағандығы себепті Құранды жетерліктей ұғына алмайтындығын көлденең тартып: «Сен бұл күйінше Құранды (арабтар сияқты) дұрыс оқи алмайсың. Құранды дұрыс оқи алмай тұрып, аяттан үкім қалай шығармақсың. Ижтиһат ету қайда, сен қайда!» - дейді. «Қане бір аят оқышы, тыңдап көрелік» деседі.

Араб ұлтты болғандықтары үшін өздерін ғұлама, ал Әбу Ханифаны сауатсыз деп отырған оларға Әбу ханифа беттеріне мына бір аятты оқиды:

الْأَعْرَابُ أَشَدُّ كُفْرًا وَنِفَاقًا وَأَجْدَرُ أَلَّا يَعْلَمُوا حُدُودَ مَا أَنزَلَ اللَّهُ عَلَىٰ رَسُولِهِ ۗ وَاللَّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ

«Арабтар – күпірлік пен екі жүзділік тұрғысынан ең қатты болғандар (күпірлігі мен екі жүзділігі тым күшті болғандар). Сондай-ақ, олар Алланың өз елшісіне түсірген шариғат жолдарын білмеуге аса бейім. Алла толық білуші, аса дана», - деген аятты оқиды. («Тәубе» сүресі, 97 аят).

Әбу Ханифаның алты мыңға жуық Құран аяттарының арасынан дәл арабтарды жер қылар аятты таба қойып оқығанына сасып қалған олар, астамшылық жасағандықтарын түсініп, Әбу Ханифаны парсы деп бөлектеуді қойыпты.

Негізінде аталмыш аятта «арабтар» деп бәдәуи арабтары айтылуда. Дегенмен, «біз араппыз, сол себепті шариғатты өзгелерден жақсырақ түсінеміз» деп өздерін асыл қанды, өзгелерді қараңғы деп төмен санап отырған араб ұлтты ғалымдардың бұл қылықтарының қате екендігін көрсетіп, бір аятпен мат қылған екен. 

Имам Ағзам Әбу Ханифаның тапқырлығы мен зеректігі тілдерде дастан болып тұрғандықтан оның бұл абыройын көре алмайтын, қызғанатын, сол себепті оған көптеген жала жауып, оның абыройын түсіргісі келетіндер кездесіп жататын. Әйтсе де, оның біліктілігіне бас иген ғұламалар аз емес-тін. Өзінің замандасы Имам Мәлік те Әбу Ханифаның біліктілігін мойындап кеткен. 

Бір күні Әбу Ханифа Аббаси империясының екінші патшасы әл-Мансурдың қабылдауына кірсе, оның қасында бас уәзірі атақты Иса ибн Мұса отыр екен. Әбу Ханифаны көрген ол халифа әл-Мансурға қарап: «Қазіргі таңда дүниедегі ең білгір ғұлама осы адам», - деп Әбу Ханифаның ғылымын мойындаған екен.  

0 пікір