Бір күні жолда қарсы алдында келе жатқан бір кісі Әбу Ханифаны көре салып бетін бұрып, бағытын өзгертпек болды. Бұны байқап қалған парасатты имам «Неге мені көрген бір мұсылман бағытын өзгерту керек?» деп ойлап бұл әрекетінен жайсызданды. Іле-шала Әбу Ханифа дереу
оны қасына шақыртып:
– Неге мені көре салып жолыңды өзгертпек болдың? – дегенде, әлгі кісі қысылып:
– Мен сізден кезінде 10 000 ақша (сол кездің құны бойынша) қарыз алған едім. Қарыздың белгіленген күні өтіп кетті. Оны әлі сізге қайтара алмадым. Соны ойлап ұялғандықтан көзіңізге түспей-ақ қояйын деп едім, – дейді.
Әбу Ханифа:
– Субханаллаһ! Ол ақша саған менің сыйым болсын. Қайта саған бағытыңды өзгертерлік жайсыздық жасағаным үшін кешірім сұраймын, – деп, жомарттық пен жоғары адамгершіліктің ерекше үлгісін көрсеткен еді.
Жомарттық – кісіні адамдықтың ең биік шыңына шығаратын бірден-бір асыл қасиет.