Әбу Ханифа мен шәкірті Әбу Юсуф арасында болған оқиға
Әбу Ханифа мен шәкірті Әбу Юсуф арасында болған оқиға
6 жыл бұрын 6333
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

Имам Әбу Юсуф (раһимаһуллаһ) Имам Ағзам Әбу  Ханифа радияллаһу анһудың ең білікті шәкірттерінің бірі. Тіпті Әбу Ханифа жоқ кезде, оның орнына жаңа келгендерге сабақ беретіндей дәрежеде білімі артып, ұстазының ең сүйікті шәкірті еді. Күндердің бірінде Әбу Юсуф қатты ауырып қалады. Ол кезде Әбу Юсуфтың жас кезі тұғын.

Әбу Ханифа оның сырқаттанып қалғанын естіп, қасына бір-екі шәкіртін ерте оның үйіне барады. Барса, шәкірті ауыр халде екен. Есі кірелі-шығалы боп жатқан күйін көріп Әбу Ханифа қайғырады. Үйінен шығып бара жатып Әбу Ханифа қасындағыларға: «Бұл жігітті үлкен ғалым болып, өзімнен кейін орнымды басар деп үміттеніп жүр едім, бақұл болып кететін түрі бар, өкінішті-ақ» деп аһ ұрады. 

Алайда, Алланың қалауымен Әбу Юсуф көп ұзамай сырқатынан айығады. Айыққаннан кейін әдетінше ұстазының ілім алқасына барайын деп үйінен шықса, жолда бір танысы кездесіп, қайда жол тартқанын сұрайды. Әбу Юсуф ұстазының дәрісіне бара жатқанын айтады. Жаңағы адам болса: «Қайдағы дәріс? Имам Ағзам Әбу Ханифаның өзі сені орынбасарым деді, сені өзімен теңдей көретінін айтты» деп Әбу Ханифаның сөзін жеткізеді. 

Ұлық Имамнан сондай баға алған жас Әбу Юсуф іштей өз-өзіне тәнті болып, өзін расынан да ғұлама сезіне бастайды. Ойланып-толғанып, ақырында ұстаздың дәрісіне барғаннан гөрі өз алдыма жеке ілім алқасын құрайын, шәкірт даярлайын деген тоқтамға келеді. Сөйтіп, Имам Ағзамның дәріс жүргізіп отыратын мешітіне барып, оқшаулау жерде ол да жеке ілім алқасын құрады. О заманда дәрістер мешітте жүргізілетін.

Содан Имам Ағзам Әбу Ханифа мешітінде күнделікті дәрісін өткізіп отырып, көзі басқа бір ілім алқасына түседі.

- Біздің қалаға шейх келген бе?» деп сұрайды отырғандардан.

 Олар:
- Жоқ - деп, жауап береді.

- Олай болса, анда отырған шейх кім? – дейді Әбу Ханифа.

- Ол – шәкіртіңіз Әбу Юсуф. Сырқатынан айығыпты.

- Неге бізге келмейді? – деп таңданады Әбу Ханифа.

- Уә құрметті ұстаз, сіз өзіңіз емес пе, Әбу Юсуф тірі болса, өзімнің орынбасарым етер едім деген – дейді шәкірттері.

Мән-жайды ұққан Әбу Ханифа күледі. Сосын артынан: «Әбу Юсуф аса таяғының қабығын ашып беруімізді керек етіп тұрған сияқты» дейді де, оған ілім алқасын құруға әлі ерте екенін ұқтыру мақсатында басқа бір шәкіртін «сұрақ қой» деп жолдайды.   

Әбу Ханифаның жіберген шәкірті Әбу Юсуфтың ілім алқасына барып, сұрақ қоюға рұқсат сұрайды. Әбу Юсуф рұқсат береді.

Шәкірт былай деп Әбу Ханифа үйретіп жіберген сұрақты қояды:
- Бір кісі тігіншіге барып, киімін қысқартуға берген екен. Біраз уақыттан кейін тастаған киімін алу үшін келсе, тігінші қайтарып бергісі келмей "одан ешқандай киім алмадым" деп жалтарыпты. Содан сақшыларды шақыртып, дүкенін тінтіп, ақыры киімін тауып алыпты. Бірақ, қараса тігінші киімін қысқартқан екен. Енді сұрақ: Жаңағы адам әлгі тігіншіге қысқартқаны үшін еңбекақысын беруі керек пе, бермеуі керек пе?

Имам Әбу Юсуф:
- Киімін қысқартқан болса, еңбекақысын береді – дейді.

Шәкірт:
- Киімін ұрлағысы келсе де ақысын беруі керек пе? Дұрыс емес - дейді.

Әбу Юсуф аз ойланып:
- Олай болса, ақысын бермейді – деп басқа тұжырым жасайды.

Шәкірт қайтадан:
- Қателестіңіз – дейді.

Әбу Юсуф таң қалып сұрақ қоюшыға мұқият қараса, түрі ғалымға ұқсамайды, бірақ сауалы - білімді адамның сауалы. Одан соң оны Әбу  Ханифа жібергенін түсінеді де, орнынан тұрып, ұстазының ілім алқасына барады.

Ұстазының жанына барып: «Уа, ардақты шейх, мен сізден бір мәселенің жауабын білсем деп едім – дейді Әбу Юсуф. Әбу Ханифа естімегенсіп, дәрісін жалғастыра береді. Әбу Юсуф тағы өтінеді. Әбу Ханифа естімегенсіп, дәрісін жалғастыра береді. Кейін Әбу Юсуф Әбу Ханифаның тізесіне екі қолын қойып: «Шейх, мен бір мәселенің жауабын білейін деген едім» – деп өтінеді. 

- Сіз секілді шейхтың, мен сияқты адамнан сауал сұрағаны қызық екен» – дейді Әбу Ханифа түріне қарап.

Әбу Юсуф:
- Жоқ. Мен шейх емеспін. Сіз - шейхсыз. Мен сіздей шейхтан бір мәселенің үкімін білгім келеді

Әбу Ханифа:
- Хош. Сұрағын.

Әбу Юсуф:
- Сіз сауалдың мазмұнын білесіз.

Әбу Ханифа:
- Тігінші мәселесі ме?

Әбу Юсуф:
- Дәл өзі. Тігіншіге еңбек ақысы берілу керек пе, жоқ па? Тігінші киімді қысқартқан. Еңбек ақысын алуына құқылы емес пе? Әлде, ұрлағысы келгендіктен, пиғилына қарай берілмейді ме? Шешімін айтып жіберсеңіз! - деп өтініш жасайды. 

Сонда Әбу Ханифа мәселенің шешімін былай деп айтқан екен:
- Киімді қаншалықты қысқартқанына қараймыз, яғни қысқартқан мөлшеріне қарай үкімін беруге болады. Егер, тігінші киімді егесінің бойына шақтап қысқартқан болса, еңбекақысы берілу керек. Ал, тігінші өзінің бойына шақтап қысқартқан болса, еңбекақысы берілмейді. Неге десеңіз?

Біріншісінде - тігінші киімді егесінің айтқаны бойынша қысқартып, сол үшін еңбектенген. Жаман пиғылы қысқартқаннан соң туындаған. Сондықтан, еңбекақысы беріледі.

Екіншісінде, яғни өзіне шақтап қысқартқан жағдайда - тігінші о баста киімді ұрлағысы келгенін байқауға болады. Бұдан келіп, тігінші киімді егесі үшін емес, өзі үшін қысқартып, өзі үшін еңбектенгендігін аңғарамыз. Сондықтан да еңбекақысы берілмейді – деп Ұлық Имам Әбу Ханифа мәселенің шешімін айтқан екен. 

Жауапты естіген жас Әбу Юсуф ұстазының қолын сүйіп, өзінің уақытынан бұрын ғұламалыққа таласқанына ұялып, қателігін түсінген екен.

Бұдан соң Әбу Юсуф ұстазы бақилыққа аттанғанша оның дәрісінен қалмаған. Кейіннен Әбу Ханифа милади жыл санауы бойынша 767 жылы қайтыс болған кезде, оның орнына Әбу Юсуф лайық көріліп, ұстазының ілім алқасын әрі қарай жалғастырады. Бұл кез - Әбу Юсуфтың жасы да, ілімі де бұрынғыдан ілгерілеп қалған кез тұғын.

Әбу Юсуф ұстазы қайтыс болған жылдары Бағдат қаласының қазылық қызметіне тағайындалады. Одан кейін халифа Харун Рашид оған бас қазылық қызметін тапсырып, тарихта ең алғаш рет «Қазы-и Қузат» - «Қазылардың қазысы» атағын иеленеді. Халифаттағы бүкіл қазылардың үстінен қарайтын болады. Оған жер-жерлерге қазыларды тағайындау құқы, әрі қажет кезде қазылардың шығарған шешімін қайта қарау құқы беріледі. Ханафи мәзхабы ең көп таралған мәзхаб десек, соның таралуына үлкен үлес қосқан адам - Әбу Юсуф рахимаһулла.

0 пікір