Бірде Мизәміл деген (фамилиясын ұмыттым) соғыс ардагерімен әңгімелескенім бар. Өзі семейлік әрі профессор Бейсембай Кенжебаевпен бажа екен. Кенжебаевтың әкесі Абаймен қарым-қатынаста болған көрінеді. Сол Бейсембай Кенжебаевтың әкесі Абайға: – Сен әкеңнен артықсың, - депті. – Жоқ, мен әкемнен артық емеспін, - деп Абай төмендегі оқиғаны айтып беріпті.
Бір күні Құнанбай Абайды оңаша шақырып алып: – Мырзажігіт (Құнанбай Абайды Мырзажігіт, ал әкесін Абай тәте дейді екен), үйіріңде жақсы аттар бар ма? - дейді. Абай әкесінің ойын түсініп: – Бар, тәте, - дейді.
Үйіне келген соң, ойланып отырып, Құнанбай:
- Үйірден жеті байталды бөліп алуың және бір жақсы айғыр табуың керек, - деп шешеді. Бір адамның үш рет бәйгеден келген құнанын Абай жүз қойға сатып ап, жеті байтал тобына қосады. Арада жыл өтеді. Құнанбай мен Абайдың үйлері де, жылқылары да бөлек көшіп жүреді екен. Таңертеңгі мезгілде:
- Тәтең өз жігіттерімен келе жатыр, - деген хабар жетеді. Абай әкесінің мінезін біледі. Үй төңірегін тазалап, аттарын ерттеп, жігіттерін дайындап тұрады. Құнанбай жақындағанда Абай алдынан жүгіріп шығып, қос қолын кеудесіне қойып сәлем беріп, аттан түсіріп алады. Қолтығынан сүйегеннен-ақ Құнанбай:
– Мырзажігіт, көңіліңді қалдырмайын, түсейін. Тек үйде отырмаймыз, шай-пайішпейміз, шұғыл аттанамыз, - деп ескертеді. Қазақтың көшпелі өмір тәртібі біздің әскер тәртібінен бір де кем емес. Кермеден аттар үзілмейді, кейбірі ерттеліп, жорыққа дайын тұрады. Құнанбай: «Ал, Мырзажігіт, кеттік» - дегендей салмақ сала қараған сәтте, Абайдың басына: «Ә, бұл кісі жылқыға барып, баяғы жеті байтал мен құнанды көрмек екен ғой» деген ой сап ете түседі.
Қыстың күні, қар қалың. Жылқылар Ақшатау тауын қыстап жатқан. Жолда Құнанбай әңгіме айтқансып, Абайды алыстан қармап келеді. Төрт-бес сағат жүріп, жылқыға да жетеді.
– Тәтемнің артықтығын сонда білдім. Жылқының ішінен мен сатып алған бөтен құнанды айтқызбай таныды. Танып тұрды да:
– Мырзажігіт, мына құнанды ұстаттыршы, - деді. Жылқышы құнанды әп-сәтте-ақ ұстап әкелді.
– Жүр, енді ана үйірді аралайық, - деп тәтем басқа шоғырға бастады.
– Ана құнанды ұстаңдар! - Жылқышылар үйірді алты айналдырып жүріп, әрең ұстады.
– Ал, енді осы екеуін жарыстырып көрейік, Мырзажігіт. Қар белуардан асады. Көз көрім жерден екі ат бірінен бірі оза алмай қатар келе жатыр. Жақындағанда тәтем: – Мырзажігіт, қазір құнаның қалай болар екен, құлап қалмас па екен? - деп күлді. Езуін жиып алғанша болған жоқ, жүз қойға сатып алған жүйрігім етпетінен түсті. Анау тұсымыздан құйғытып өте шықты. Тәтем: –Ал, Мырзажігіт, сау бол, - деді де, атын бұрып ап, өз жігіттерімен жүрді де кетті. Мен әкемнен артық болсам, өз жылқымның ішінен жүйрік құнанды таңдай білмес пе едім? Халық мені ақылды, әкесінен артық дейді. Ақылдылығым қайда? Мұны мен қалайынша байқамадым? Бала қандай ақылды болса да, әкесінен бір басқыш төмен болады екен деген түйінге келдім, - деген екен Абай...
Бауыржан Момышұлының естелігінен
© ummet.kz