Дәрігерлік оқуымыздың соңғы жылы болатын. Өзімізді нағыз дәрігерше сезініп, науқас қабылдап, үйге шақыртуларға барамыз. Бүгінде медбике шақыртуларды әкеліп:
- Мына әже тағы шақыртыпты ғой . Тіпті біздерді көрмесе тұра алмайтындай. Аса қатты шағымы болмаса да аптасына бір–екі мәрте міндетті түрде шақыртады, – деп, мекен-жайы мен аты–жөні жазылған қағазды ұсынды.
Шақыртулар бойынша көрсетілген мекен–жайларды аралап келе жатырмын. Келесі кезек манағы әжейдің үйі. Толық жасы жетпіс үште екен. Домофоннан пәтер нөмірін теріп, біршама күтуіме тура келді. Әжей ұйықтап қалды ма?әлде естімей жатыр ма? Әлде сыртқа шығып кетті ме екен? Үйінде болмаса жүре берейін дегенімде ар жақтан әженің дауысы да естілді.
- Сәлеметсіз бе? Емханадан шақырту бойынша келген едім.
- Кіре ғой, қарағым.
Есік ашылып ішке кірдім. Мұнда да лифт арнайы карточка арқылы жұмыс істейді екен. Тағы да жаяу көтерілуіме тура келеді.Жас болсаңда қайта–қайта жоғары қабаттарға көтеріліп-түсуден барлық күш-жігерің таусылардай. «Бисмиллә» деп тоғызыншы қабатқа да жеттім. Мамандығымның физикалық күш талап ететін тұстарын осындай практикалық сабақтардан-ақ сезе бастағандаймын. Әжейдің есігі ашық екен. Өзі ас даярлайтын аядай тар бөлмеде кәдімгі ас ішетін ұзынша келген орындыққа салынған төсек үстіне жайғасқан. Сәлем беріп, ішке кірдім. Бөлменің тарлығынан жүріп тұрудың өзі қиынға соғатындай. Ар жағында кең бөлме тұрғанда, қарт ананың тар бөлмеге жайғасқаны көңіліме қаяу келтірді.
- Саламатпысың қызым, Раушан келе алмады ма (учаскелік дәрігерді сұрап жатыр)?
- Жоқ, апа, уақытша мені жіберді. Келесіде келеді ол кісі.
Әжей бас жағынан қалың дәптерін алып, алдыма қойды.
- Раушан жақсы қыз. Ешбір шақыртуымды қалдырмай келеді. Бақытты болсын. Мына дәптерімде бәрі жазылған. Дәрігерді жиі шақыртатын болғандықтан үнемі қасымда ұстаймын.
Қалың дәптерді ашып парақтай бастадым. Соңғы жазба осыдан үш күн бұрын жазылған екен. Шағымы: бас ауруы, мазасыздық, ұйқының нашарлауы. Бұдан алдыңғы парақтарда да дәл осындай жазбалар.
- Иә, апа, айта беріңіз қандай шағымдарыңыз бар?
- Шағым болғанда... сол басым ауырып, ұйқым қашады. Негізі жүрегім ауырады, қан қысымымда ара-тұра көтеріледі. Дәрігердің жазып берген дәрілерін уақытылы қабылдаймын. Мынасын таңертең сағат сегізде, мынасын түскі бірде, мынасын кешке тамақтан соң ішемін, - деп, бас жағынан алған бір пакет дәрілерін біртіндеп шығарып тізбектей бастады.
- Иә, дұрыс, апа, ең бастысы дәрілерді уақытылы қабылдау керек. Алланың қалауымен, бұл дәрілер асқынулардың алдын алуға көмектеседі. Қолыңызды мұнда қойыңызшы, қан қысымыңызды өлшейін...
- Өлшесең өлше, бірақ мана бір сағат бұрын өлшегенімде қалыпты еді.
Иә, расымен де әженің қан қысымы жазбаларда көрсетілген қалыпты қысымымен сай келеді. Ауруын, дәрілерін жатқа біліп, қысымын өзі өлшей беретін әжейдің аса қатты шағымы болмаса да дәрігерді жиі шақыртуы неліктен екен?!..
- Мына бір давление өлшейтінді жақында пенсияма алдым. Балалардың әперген алдыңғы давление өлшейтіні бұзылып қалды. Қазір бәрі Қытайдікі. Ұзақ қолдануға жарамайды. Балалар келсе, жөндетуге берермін..
- Ал, балаларыңыз қазір жұмыста ма?
- Иә, жұмыста шығар... Екі ұлым бар. Үлкенім министрлікте істейді. Келінім президенттік емханада дәрігер. Кіші ұлым заңгер, кіші келін де заңгер. Жұмыстан қолдары босамайды.
- Олар сонда бөлек тұра ма?
- Иә, шал қайтқан соң, барлық жүк менің мойнымда қалды ғой... Осылар үшін күн, түн демей жұмыс істедім. Ешкімнен кем қылмай, жоғары оқуларды оқыттым. Кейін үйлендірдім. Пенсияға шыққан соң балаларым жер үйдің условиясы жоқ деп, үйді сатып, осы бір бөлмелі пәтерді әперді. Өздері сөйтіп бөлек шығып кетті. Бірақ демалыс сайын келіп, немерелерімді әкеліп тұрады. Келгендерінде төбем көкке жетіп, бір қуанып қалам. Немере деген тәтті болады екен ғой...
Не дерімді білмей аңтарылып тұрып қалдым. Шынымды айтсам, бұрын-соңды әке-шешесін жалғызсыратып тастап кететіндер жайлы теледидардан көріп, газет-журналдардан қанша оқысам да, өмірімде жолықтырмағаннан соң, қазақтардан мұндай қылық шыға қоймас деген ойда болатын едім...
- Сіз осында ұйықтайсыз ба? - дедім әңгіме ауанын басқа жаққа бұрмақшы болып.
- Иә...
- Мына тар жерде жүріп-тұрудың өзі қиын, майдың иісі, тамақ-шайдың буынан бөлме іші тез ысып кетеді, бұл денсаулығыңызға зиян ғой. Ал ар жақтағы бөлмеде кім жатады? Туысыңыз ба?
- Жоқ, қарағым, ол жақта маған қарайтын қыз бала жатады. Ешқандай туысымыз емес... Өзі күндіз оқиды. Кешке қарай келіп, тамағымды істеп, кірімді жуады. Тамақтан соң кеш құрым бір мезгіл далаға шығып таза ауа жұтып келеміз. Жас қой, кейде кешігіп келеді, кейде емтихандарына дайындалып қолы тимейді. Сол кездерде төрт қабырғаға қарап қалатын кездерім болады. Жалпы жамандамаймын, Айман - жақсы қыз. Аман болсын, әйтеуір...
- Иә...
- Балаларым бас-көз болсын деп тауып берді осы қызды. Өздерінің жұмыстан қолдары тимейді... Жұмыстары ауыр ғой... Уақыттары жоқ. Әйтпесе... уфф, қарағым-ай..., - деп, қарт ана жанарына толған жасын жасырмақшы болып, орнынан әзер тұрып, артындағы үстелге қарай кері бұрылыды. Өз–өзімді әзер ұстап тұрмын. Кеудемді кернеген ащы өксіктен жүрегім сығылып барады. Кейуана көз жасын жасырын сүртіп, үстел үстіндегі тәттілерін реттеп: - Кел, шәй іш, - деп шәйға шақырды.
- Жоқ, апа, шайыңызға рахмет, мен асығыс едім, қазір оқуға қайта барып, мұғалімге қараған науқастар жайлы есеп беруіміз қажет. Мен жүрейін.
- Ондай болса уақытыңды алмайын, қарағым.Өркенің өссін! Бақытты болыңдар! Ең болмаса, үйіңе барып шәй ішерсің, мә, салып ал, мыналарды, - деп тәттілерін қолыма ұстатты. Қарсылығыма қарамастан:
- Қазақ емепіз бе? Үйден құр шығуға болмайды, - деп тәттілерін сөмкеме салып, мені шығарып салмақ болып есікке қарай беттеді. Таяғына сүйеніп есік жаққа әрең келді.
Кейуанамен жылы қоштасып, баспалдаққа қарай беттедім. Манадан бері әзер ұстап тұрған көз жасыма ерік бердім. Тоғызыншы қабаттан қалай тез түскенімді де білмей қалғандаймын. Енді ғана жалғызсыраған әженің неге жиі дәрігер шақыратын түсінгендеймін. Бәлкім тән ауруынан емес, жан ауруынан қиналатындай. Қартайған шағында туған балаларына ауыр келіп, жат қолына телмірген қарт ананың «қазақ емеспіз бе?!» деген сөздері жол бойы еміс–еміс құлағыма келе берді...