Қайыршы
Қайыршы
10 жыл бұрын 6294
Әлижан Тауұлы

Өгіздей өңкиген алып «Джип» бес жолақты үлкен жолдың шетіне тақай бере кілт тоқтады. Жүргізушінің жанында манаурай бейқам отырған сылқым  келіншек селк ете түсті.

– Өй, не болды?! Машинаң бұзылып қалды ма?! – деді ол рөлде

отырған күйеуіне бажырая қарап.

– Е-е, жоғ-е-е... – деді жуан мойын, жалпақ бет отағасы мұрнын тыржитып. – Бүгін жұма ғой... Мешітке баруға еш қол тимейді... жұмыс көп... Сондықтан анау қайыршыға садақа тастап кетейін де...

Отағасы қалтасынан екі бүйірі тырсылдай томпиған әмиянын шығарып, аузын ашып еді ішінде өңшең қызылды-жасылды бесмыңдық, онмыңдық теңге мен кілең жүздік доллар екен.

– Ым-м...

Қып-қызыл бесмыңдықтың бірін қос саусағымен шымши ұстаған ол бір сәт бөгеліп қалды. Күйеуінің әрбір қимылын қалт жібермей бақылап отырған келіншек:

– Әй, сенің есің дұрыс па, қайдағы бір танымайтын қайыршыға ананы бермексің бе?!  – деді көздері шатынай баж етіп.

– Енді қайтем-м... басқа ұсақтау ақшам болмай тұр ғой... – деді отағасы лажсыз кейіппен.

– Онда ананы бері әкел, мен саған басқасын беремін! – деді келіншек күйеуінің қолындағы бесмыңдықты қақшып түсіп, сөмкесіне жытыртып жіберді де, орнына екіжүз теңгеліктің бірін ұстата қойды. – Мә, ол бейшараға мынау да жетеді!

Қолдан-қолға өтіп, әбден ұйпа-тұйпасы шыққан екіжүз теңгелікті қолына ұстап сыртқа шыққан жуан мойын, жалпақ бет отағасы жаяу жүргіншілер жүретін жолдың шетінде тұрған тіленшінің қасына жақындай бере кілт кері бұрылды.

– Өй, мынауың қандай қайыршы, өзі сотовый телефонмен сөйлесіп тұр ғой! Мұндайларға садақа бергеннен бермеген жақсы! Бұлардан ешқандай сауап болмайды! – деді ол машинасының есігін жұлқа ашып жатып.

– Туһ, баршылық-ай! Мына заман қайыршыларды да құтыртып

жіберді, ә! – деді сылқым келіншек ернін сылп еткізіп.

– Иә, бұл бір молшылық заман болды ғой! – Жуан мойын, жалпақ бет отағасы машинасын оталдыра бере қолындағы екіжүз теңгелікті умаждай мыжып терезеден лақтырып жіберді. Онсыз да әбден ұйпа-тұйпасы шығып, құнсызданудың шегіне жеткен бейшара екіжүздік орнынан осқырына  қозғалған еңгезердей «Джиптің» дөңкиген доңғалағының астында тапталып қала берді...

– Қап, қасыма келіп тұрып, кері бұрылып кеткенін-ай!.. – деді таяққа сүйенген қара көзілдірікті кісі терең күрсініп. – Әсте, мына телефонымнан үрікті-ау?!  Әлгі адам тура қасыма жақындаған кезде сенің телефон шалғаныңды қарашы...

– Кешір достым, мен оны қайдан білейін, екі ортада сені нәпақаңнан қақтым-ау!.. – деді телефондағы дауыс иесі аяқ астынан қолайсызданып.

– Жә, сен тым абыржымай-ақ қой... – деді қара көзілдірікті кісі енді досын кінәлағандай болып тұрғанына өкініп. – Мен былай... бүгін бір кісіге көмектессем бе деп тыраштанып жатқаным ғой...

– Көмектессем дейсің бе?!

– Иә, бір көршіміздің баласы көптен бері қатерлі дертпен ауыратын...

Соны бір шетелдік дәрігерлер тегін емдеуге келісімін беріпті. Бірақ ол жаққа баласын апаруға оның ақшасы жоқ. Біраз газеттер арқылы мүмкіндігі бар адамдардан көмек сұраған екен, алайда ешкім селт етпепті...

–  Апырай, а?!

– Сосын амал жоқ, үйіндегі іліп алар бар затын шетінен сатып жатыр...

Соны көріп, мен де шыдай алмадым... Бүгін тапқан барлық ақшамды соларға апарып берсем деп едім...

– Әрине, мұның дұрыс қой! Тіпті өте дұрыс-с! – деді телефондағы дауыс иесі досын қосыла құптап.

– Және бір өзіңе айтарым, егер қарсы болмасаң, сен сыйлаған мына қалта телефонын да сатып, ақшасын көршімнің қолына ұстатсам деймін...

– Бәрекелді, мен мұныңа еш қарсы болмаймын!

– Саған рақмет! Түсінгенің үшін рақмет! – деді қара көзілдірікті кісі

қуана абдырап. – Шын мәнінде, қалта телефоны менің не сәнім?!

– Жоқ, сен олай деме! Бүйтсең ренжимін! Себебі мен оны саған кезінде қуансын деп сыйлағам! Асып-тасығанымнан емес, бір ай бойы қалтама түскен садақадан жырымдап жүріп, сатып алдым. Өйткені сен де осы қоғамның адамысың. Осы қоғамның адамдары сияқты сен де қолыңа ұялы телефон ұстап, рәтін неге көрмеске! Ал әлгінде сенің ұялы телефонмен сөйлесіп тұрғаныңды көріп, шошып жүргендердікі: «Бай атқа мінсе, құтты болсын дейді. Кедей атқа мінсе, қайдан алдың дейді» дегеннің кері дә. Сол үшін де оған бола қапаланбай-ақ қой!

– Жә, достым, кешір, мен сені ренжітейін деген жоқ едім! Менікі әйтеуір қиналған көршіме қалайда көбірек ақша апарып берсем дегенім ғой! – деді қара көзілдірікті кісі ағынан жарыла ақтала сөйлеп.

– Міне, мұның жөн сөз! – деді телефондағы дауыс иесі кеңкілдей күліп.  

– Сондықтан телефоныңды еш алаңдамай сата бер, мен кейінірек ақша жинап, саған басқасын сатып әперемін!

– Рақмет, достым! Мен саған ризамын! Рақмет-т! – Үстін-үстін алғысын жаудырып жатқан қара көзілдірікті кісі жақындап келіп, жолдың шетіне тоқтаған машинаның дауысын естіп елең ете түсті. –  Жә, және біреулер аялдаған сияқты... Телефонымды өшірейін, әйтпесем тағы да үркітіп алармын...

Досымен апыл-құпыл қоштасып, телефонын қалтасына сүңгітіп жіберген қара көзілдірікті кісі өзіне қарай екпіндей бет алған адамдардың дабырына құлағын түре қалды. Келе жатқандар үшеу секілді. Әсте, біреуі әйел, екеуі еркек-ау... Қимылдары асығыс, қауырт жүргендері байқалып-ақ тұр...

Қара көзілдірік киген қайршының қасына серіктерінен бұрынырақ жетіп тоқтаған жас жігіт – учаскелік полицей:

– Осылардан қашан құтылар екенбіз, а?! – деді қала басшыларына шағынғандай  кейіппен.

– Соны айтам-ау, мына жерден қусаң ана жерді, ана жерден қусаң, тағы бір жерді тауып алады! Қуа-қуа әбден шаршадық! – деді мосқол еркек – әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің бастығы.

– Дегенмен де бүгін-ертең бұлардың бірде-біреуі көзге түспеуі тиіс! Өйткені қатарынан екі күн бойы қаланы біріншінің өзі аралайды! Байқаңыздар, мына сияқты қол жайғандар алдынан шығып, ұятқа қалып жүрмейік! Онда сіздермен әңгіме басқаша болады! – деді әйел кісі – қала басшысының бірінші орынбасары қасындағыларға сес көрсете қатқыл сөйлеп.

Сол-ақ екен билік иесінің сұсты қабағынан жасқанған екі еркек қара көзілдірік киген кісіні ортаға алып, бастырмалата жөнелді.

– Әне, естідіңіз ғой, бүгін-ертең үйіңізден шықпай, омалып отырыңыз!

– Көшеге аттап басуға болмайды!

– Жейтін нан-паныңызды бүгін алып алыңыз!

– Екі күн «табыс» таппасаңыз, байлығыңыз ортайып қалмас!

Жарыса қожаңдаған екеуге балаша жаутаңдаған көзілдірікті кісі:

– Айналайындар, мен бір көмекке мұқтаж жанға қол ұшын бергім келіп... – деп сөзін бастай бергені сол еді, учаскелік полицей оның сөзін бөліп жіберді.

– Өй, сіз де бір, адам сенбес қай-қайдағыны құрастырып! – деді ол ашуға булығып. – Оданда сөзді доғарып, тез үйіңізге қайтыңыз!

– Ертең де көзге түсуші болмаңыз! – деді бөлім бастығы серігін қостай жеки сөйлеп.

Жағдай айтып, өтініш жасағанмен түк шықпасын байқаған қара көзілдірікті кісі үн-түнсіз үйіне қарай бет алды. Кемтар жанды айтқандарына көндіріп, үлкен бір іс тындырғандай масаттанған үшеу жол шетінде өздерін күтіп тұрған сүліктей жұтынған қара «Мерседеске» отырып, қала басшысының ертеңгі шаһар аралау сапарына байланысты «дайындық» жұмыстарын әрмен қарай жалғастыру үшін асығыс жүріп кетті.

Үйіне қарай кібіртіктей басқан қара көзілдірікті кісінің телефоны тағы да шылдырлады. Қоңырау шалып тұрған досы екен.

– Қалайсың-ң?.. – деді ол бұл жолы әлгіндей емес, сыбырлай сөйлеп.

– Жағдай қиын... үйге қайтып барамын... – деді қара көзілдірікті кісі қамыға тіл қатып.

– Н-неге?! – деді телефондағы дауыс сасқалақтап. – А-а... көршің

туралы манағы әңгімең ше?!

– Білмеймін-н... Не істерімді өзім де білмей тұрмын... – деді қара көзілдірікті кісі тығырыққа тірелген шарасыз кейіппен. – Байғұстарға көмектескім-ақ келеді, бірақ маған басшылар екі күн сыртқа шығуға рұқсат етпей қойды...

– Қап, «қырсыққанда қымыран іриді» дегендей... Енді не істесек екен?!

– Телефондағы дауыс біраз бөгеліп барып, сөзін қайта жалғады. – Онда сен қазір Абай көшесімен жоғары көтеріліп, Торайғыров көшесінің қиылысына кел! Мен Ленин даңғылымен төмен қарай түсіп, сол жерге жетемін...

– Өй, сен жалғыз аяғыңмен шоқырақтап... Бір жерде құлап қалып жүрерсің...

– Қорықпа-а... Ниет түзу болса, осы жалғыз аяқпен-ақ талай істі тындыруға болады!  

– Әй, сен тым жұмбақтап кеттің ғой, сонда не істемекшісің?!

– Әлгі кездесетін жерге қалта телефонымды ала барамын. Сосын екеуміздің телефондарымызды сатып, ақшасын сенің көршіңе апарып береміз. Баласын емдетсін! – деді телефондағы дауыстың иесі бастырмалата нық-нық сөйлеп. – Расында, мана сен дұрыс айтыпсың... Дәл жанымыздағы бір бейбақ қайғыға батып, жанталасып жатқанда, ұялы телефон біздің не сәніміз...

– Рақмет, достым! Осынау қайырымдылығың үшін рақмет! – деді көзілдірікті кісі қатты қуанып.

Қолындағы құртақандай телефонын мейірлене бір сипап, қалтасына салған қара көзілдірікті кісі таяғымен жол жиегін түрткілей Абай көшесінің бойымен жоғары өрлеп бара жатты...

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.2
234 дауыс
11 пікір
  • керемет жаксылыка бет бурып тек кана кара бастын камын ойламайык
    10 жыл бұрын
  • МашаАллах кандай кайырымдылык десеншi керемет.
    10 жыл бұрын
  • Рамазан айында кайырлы, сауапты істер істейік ағайын бауырлар. Аллах разы болсын сіздерге!
    10 жыл бұрын
  • Қайыршыға ауыз берген құдай нәпақа да береді .
    Ораза қабыл болсын, ұстаған жан.
    10 жыл бұрын
  • Жаман адам жакынға да жат болар
    10 жыл бұрын
  • Жақсы жазылыпты.
    "Бүгін жұма ғой... Мешітке баруға еш қол тимейді... жұмыс көп... Сондықтан анау қайыршыға садақа тастап кетейін де..." - демек, қолы тигенде мешітке жұма намазға барады. Садақа да беріп тұрады екен. Соған қарағанда жүрегінде сәл де болса иманы бар болса керек...
    10 жыл бұрын
  • Өте мағыналы,тәрбиелік мәні бар шығарма.
    10 жыл бұрын
  • Өте мағыналы,тәрбиелік мәні бар шығарма.
    10 жыл бұрын
  • Өте мағыналы,тәрбиелік мәні бар шығарма.
    10 жыл бұрын
  • Ozin muktazh bola tura bergen sadaka en kairlisi. Asirese aielderdin sanin tozakta kobirek etetin - duniekumarlik, sankoilik. Kundelikti sirga, sakina tagip zhurip, paigambarimizdin(s.a.s) kizinin(r.a) kolinan bilezikti korgende aitkan sozi, uilenu toiina koilek tappagandagi akili esime tusedi. Al biz "olardin" kasinda kimbiz...
    10 жыл бұрын
  • Құрметті оқырмандар (дауыс берушілер),
    Біреуіне 5 деген бағаны қойып, ал қалғандарына 1 қойғандарыңыз әділетсіздік болып табылады.
    Кім қай әңгімеге, қандай баға беріп отырғанының барлығы бізде бақылануда.
    Олай жасамауларыңызды қатаң түрде ескертеміз!
    10 жыл бұрын