Мафия немесе жалғыз асық хикаясы...
Мафия немесе жалғыз асық хикаясы...
10 жыл бұрын 6621
Бауыржан Жәлел

Қым-қуыт қала тіршілігі. Алматының ми қайнатар аптап ыстығынан сая іздеп, көлеңкеге тығылған қала халқының бір аптадан бергі өмірі ыстықпен күресумен өтуде...

Қанат та әдеттегідей жұмыстан келе сала салқын душ қабылдап, екінті намазын өтеді. Намаздан соң кітап оқудың қызығына кіріп кетіп, қас қарайғанын сезбей де қалыпты. Ішінен: «Кітап шіркін, бір бас қойсаң ажырай алмайтындай бал-шекерсің-ау! Қарашы, тұңғиығыңа батырып алып кеткеніңді...» - деп мырс етіп, қолындағы кітабын үстелдің шетіне ысыра салды. Аз-кем ойланып отырды да, ыстық қайтқан кезде тысқа шығып, сергіп қайту мақсатымен, өзі тұратын көп қабатты тұрғын үйдің ауласына шықты. Аула іші асыр салып ойнаған кішкентай бүлдіршіндердің шат күлкісіне толы.

Ол елеусіз ғана шеткерірек орналасқан сәкіге жайғасып, кішкентай бүлдіршіндерге қызыға, әрі қызғана көз тастап, ойланып отырған кезде,  әлдебір балақайдың: «Город спит, просыпается мафия ааа!» - деп саңқ еткен дауысынан селк ете түсті.

- Ойпырмай-ә? Бұлары несі екен, ә?! – деп ойлады ішінен... Ойынның қызығына беріліп кеткен балақайлардың мұнымен шаруасы жоқ, шат-шадыман көңілмен ойындарын әрі қарай жалғастыруда. Кейінгі толқынның қандай ойын ойнайтынын білмекке бұл да құмарта түсті.

Жағалай тізіліп отырған алты-жеті бүлдіршін, ішінде төрт-бесеуі қаракөз қазақтың балалары, олар да орыс ағайындардан қалыспай орысша ойынның шарты бойынша бірдеңелерін айтып, былдырлап қояды. Көрмегенге көсеу таң дегендей, бұл да басында ойынның шартын түсінбеп еді, уақыт өте келе ойын ережелерін балақайлардың сөзінен, іс-әрекетінен біртіндеп ұға бастады. Сөйтсе, бұл орыстың Давыдов деген студенті ойлап тапқан «Мафия» атты ойыны екен.

- Атының өзі қандай жаман бәтшағардың, тегі заты оңбас..., - деп ойлады ішінен, бірақ тағы біле түсейін деген ниетпен, бар ынта-ықыласымен әрбірінің қимыл, іс-әрекетін, сөзін қалт жібермеді. Біреуі, байқауынша жүргізушіге ұқсайды:

- Город спит! – деп, айнала отырғандарға өктем дауыспен бұйрық бере сөйледі, барлығы осыны күткендей жапатармағай көздерін жұмып, бастарын ие түсті. Барлығының ұйқыға (әрине, өтірік ұйықтау) кеткеніне көз жеткізген жүргізуші:

- Просыпается мафия и выбирает жертвуууу! – деген келесі өктем бұйрығын жеткізді. Әлгі мафиясымақтың рөліндегі қарадомалақ қазақ баласы жүргізуші орыс қызымен көзбен ғана ұғысып, шамасы «жертва» деген құрбандығын таңдады-ау, қайтадан ұйқыға кетті. Ал жүргізуші балақай:

- Мафия выбрала свою жертву. Мафия уснула. Проснулся комиссар, - деп кезекті бұйрығын берді. Бұдан кейінгісі тіптен сорақы екен барлығы бір-бірін алдап-арбап, әркім өзіне шаң жуытпауға тырысуда, тегі бәрі бір-бір бетперде киіп алған адамдар секілді лезде өзгеріп шыға келді.

- Кіп-кішкентай болып өтірікті қалай-қалай соғады-ей, шіркіндерің... Бұлардың жанында қырық өтірікті құбылта айтатын Тазша баланың өзі жолда қалады-ау, - деп жүзіне күлкі үйіріле бастап еді, дереу жиып ала қойды. Олай істемеске шарасы жоқ еді, өйткені бұл қулық-сұмдығын ішіне жасырған сұрқай ойынның отандастарына, болашақ ұрпағына деген қаупін жүрек шіркін сездірді-ау шамасы...

Бір сәт ол тұнжырап, ойланған кейіпте балалық шағын еске алды:

... Шағын ғана ұйысқан қазақи ауыл. Түс қайта ауыл көшелерінің шаңын көкке көтеретін қарасирақ балалар күн ұясына батқанға дейін жер-анаға бір сәт дамыл бермейді. Күнге күйіп тотығып кеткен денелерінің арасынан жылт-жылт етіп жымыңдаған көздері ғана көрінеді. Ол уақытта таңның атысынан кештің батысына дейін ойнайтындары санамақ, асық, ләңгі тебу, тай үйрету, одан қалса Марадоннамын, Пелемін, Тимур Сегізбаевпын деп шуласып доп қуалайды.

Балаларының кешқұрым шаң-шаң, күс-күс болып келуінен мезі болған ата-аналары: «Доп ойнаған тозар, асық ойнаған азар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар...», - деп тектемек болғанда әжесі: «Қой балам, тиме оларға! Ойын балалары емес пе?!» - деп ақылын айтатын...

-  Иә, қашанда ойын – мектеп жасына дейінгі, тіпті одан кейінгі балалардың ең басты іс-әрекеті болған, бола да береді. Қай заманда болмасын ойын ойнау – әр баланың тілігі, қажеттілігі, арманы, тіпті борышы десек те болады.

Ол уақыттағы қазақи ойындар балалардың өсіп, дамуына ықпал етіп, ойлау қабілеттерін аша түсумен қатар, табиғатқа, ілімге, өмірге, сондай-ақ, айналасын тануға деген құштарлықтарын оятып, тіршілікке бейімдеп, санаға тың серпіліс беруші еді. Мәселен, асық атуды алыңыз, біріншіден, мергендікке, дәлдікке баулиды, екіншіден, адамды бір мақсатқа жету жолында төзімділікке шақырып, дер кезінде қимыл жасауға үйрететін. Тай міну... Кең байтақ далада еркін өскен қазақ баласының тақымы әрқашан берік келетін! Тай үйрету – баланы шыдамдылыққа, төзімділікке, қиындыққа төтеп беруге, қағылездікке тәрбиелейді, тай мен оның үстіндегі шабандоз балақайдың біраз уақытқа дейін бір-бірінің ырқына көнбеуінің өзі де бұл өмірде бәрі адамның қалағанындай бола бермейтіндігін көрсетеді және ондай жағдайларға дайын болып, ағысқа қарсы жүзіп, жеңіске жетуге тәрбиелейді. Яғни, қазақтың қас батыры мен арғымағының гармониясы осы балалық шақтағы ойындарынан бастау алады деген сөз. Ал санамақ, түрлі тақпақтарды жатқа айту секілді ойындар жас өркенді білімге баулып, өнердің, ғылымның маңыздылығын түсіндіруші еді, - деп ойын бір түйді.

Ал мына жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шыққан «Мафия» деген атының өзінен ат үркетін бәленің болашақ ізбасарларын өтірік айтуға үйретіп, шындықты жалғанға шығарып, жалғанды шындыққа ұластырып, өз пайдалары үшін ақиқатты өтірікке айналдырып, бет әлпеттерін құбылтып бейне бір аса қатерлі қылыққа тәрбиелеп жатқанын түсінді. Адам баласына туа біткен жақсы қасиеттерден айырылудың бір белгісі, былайғы көзге ойын болып көрінетін осындай факторлардың екендігіне көзі анық жетті.

-  Қой! – деді ол ішінен Мұхтар Әуезов бабасының: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» - деген сөзі есіне түсіп, бүгіннен бастап баяғыдағы кәрі ата- әжесінің шопан бола жүріп, өзіне деп жинаған бір дорба асықтың хикметін енді түсінгендей...

-  Қайран қазыналы қарттарым-ай, ұрпақ қамын жеген қарекеттеріңді түсінбеген бізді кешіріңдер! – деп кемсеңдеп кетті, бірақ бойын тез жиып ала қойды. Ойына бір нәрсе түскен адамдай жүгіре басып, пәтеріне кіре сала кешегі ауылдан әжесі «сыбағаларың» деп жіберген асықты жіліктің асығын іздей бастады. Өз иесін күтіп жатқандай асық та алшысынан түсіп, өздері бешбармақ жеген үстелдің үстінде жатыр екен. Асыл қазынасын тапқан адамдай күбірлеп жүріп, жалғыз асықты болашаққа егілген бір дән болсын дегендей дорбаға асығыс сүңгітіп жіберді...     

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.1
114 дауыс
3 пікір
  • Ойы жақсы,бірақ қарабайыр, жалаңдау секілді
    10 жыл бұрын
  • Құрметті оқырмандар (дауыс берушілер),
    Біреуіне 5 деген бағаны қойып, ал қалғандарына 1 қойғандарыңыз әділетсіздік болып табылады.
    Кім қай әңгімеге, қандай баға беріп отырғанының барлығы бізде бақылануда.
    Олай жасамауларыңызды қатаң түрде ескертеміз!
    10 жыл бұрын