"Пендеміз ғой..." Осы бір ауыз сөзді барлық күнәмізді ақтап алатындай қылып айтамыз-ау кейбіріміз... Мен де сондай "пендемін". Жылдың он бір айында Құдайдың барын ұмытқандай, уақыттың өтіп жатқанын сезбейтіндей, ақірет үшін дайындалу қажеттігін түсінбейтіндей болып жүремін. Былайша айтқанда, бұл дүниенің мәнсіз-мағынасыз қызықтарын қимай, о дүниені ойлауға мұрша болмай кетеді. Тек, Рамазан айы келгенде ғана ес жиып, тәубеге келіп, ораза тұтамын. Қолыма кітап алып, намаз оқуды үйренуге талпынамын. Жыл бойы тартпаның бұрышында жататын екі тәспі де қолға алынады. Осы Ораза айында шифоньердің ішінде ораулы жатқан екі жайнамаз да жерге жайылады. Әттең, оларда тіл жоқ, әйтпесе, мен пақырға өкпелерін айтып, бір жылап алар ма еді, кім білген... Иә, иә, солай етеді ғой...
— Мені Түркістан қаласынан аттай қалап сатып алдың. Алғаныңды қайтейін, келдің де, тартпаңа тастай салдың. Есіңе жылына бір рет түсемін. Егер сенің орныңа мені өзге бір иманды жан сатып алғанда, күнделікті әрбір моншағымды сан мәрте аударып, "Субханаллаһты", Әлһәмдулилаһты", "Аллаһу акбарды" айтып, Жаратушыға зікір етіп отырмас па еді? — дейтін шығар мына бір 33 моншақты қоңыр тәспім мұңайып. — Мені тәспі етіп жаратты Құдай, парызым — әрбір моншағыммен күн сайын Аллаһтың атына зікір салу. Бірақ, сен маған ондай мүмкіншілік бермедің. Енді ақырзаман келіп, Аллаһтың алдына барғанда, мен Оған қалай қараймын?
Бұған екінші 99 моншақты сары-қызғылт тәспі қосылады.
— Сона-ау Меккеден жеткен мені тіптен ұмыттың. Қасиетті Қағбаны айналып, қажылық парызын орындауға келген сан миллион халықтың ішіндегі өзге біреуге бұйырғанымда ғой... Жездеңнің иманды жүзін көріп, қуанып едім. Ол мені саған тарту етті. Ал сен мені керек қылмай тартпаңның түбіне тастадың келіп. Өзің Меккеге бармасаң да, сол жақтан жеткен бір тәбәріктің қолыңа тигеніне шүкіршілік жасап, ең құрымаса күніне, тым болмаса әр жұмада бір қолыңа алып, әрбір моншағымды аударып, Алланы есіңе алсаң ғой... Өзіңнің сансыз сауаптан құр қалып жатқаныңмен қоймай, бізді де сауапсыз қалдырып жүрсің. Сонаа-ау қасиетті Меккеден келгенімде, көрем дегенім осы ма еді? Тағдырым неткен ауыр еді!..
Тәспілер мұңын шағып жатқанда, екі жайнамаз қалыс қалсын ба? Осы бір "жиналысты" пайдаланып, олар да іштеріндегі шерлерін шығарып алмай ма?
— Мені Орталық мешіт жанындағы дүңгіршектен сатып аларда "намаз үйренемін, намазға жығыламын" деп ниет еткен жоқ па едің? Сенің орныңа басқа біреу алғанында мені, күн сайын үстімде қанша мәрте Аллаһқа сәжде етуші еді-ау... Әр жұмада Аллаһтың үйі — мешітке кіріп, мен де көсіле жайылушы едім-ау... Мені жинап қою үшін ғана алдың ба, неге мені жайып, үстімде намаз оқымайсың? Мен де мақсатымды орындап, Аллаһтың алдында жүзімнің жарық болғанын қалаймын, — деп қызғылт жайнамазым өксіп-өксіп жібермейді ме?.. Екінші көкшіл-сұр жайнамаздың да бұл уақытта көңілі босап сала береді...
— Қайран менің бұрынғы ием!.. Құбылаға қарай жайып жіберіп, үстімде қаншама рет намаз оқып еді-ау! Қаншама сәждеде маңдайын тигізді ғой маған! Ал сен... Неше рет тигіздің? Бір рет пе? Екі рет пе?.. Тіпті, есімде жоқ. Ұятын-ай!.. Сол күні ием қалай ғана сәкі үстінде мені ұмыт қалдырып кетті екен? Сен қайдан тауып ала қойдың мені? Егер сен маған тиіспегенде, ием қайта айналып келіп, мені өзімен бірге алып кететін еді. Сонда мен қазір де онымен бірге Жаратушыға құлшылық етіп жататын едім. Мені сол бақыттан айырдың!
Қос тәспі мен жайнамаздың мына сөздерінен кейін ұяттан жерге кірердей болып, өрттей қызарып кеттім. Қорқыныштан денем тітіркеніп кеткендей. Иә, осы тәспілер мен жайнамаздар үшін о дүниеде менен жауап алынатын шығар... Қалай жауап беремін?.. Бұлар үшін де жауап беруім керек қой менің!.. Былтырғы Рамазан айында әжептеуір намаз оқуды үйреніп жүрген едім. Ораза бітті, ол да қалды жайына. "Келесі Оразадан бастап міндетті түрде..." деп өз-өзімді алдадым. Міне, бұл ораза да аяқталуға жақын. Ал мен әлі маңдайымды сәждеге тигізбедім. Былтырғы жаттаған намазда оқылатын дұғаларды да ұмытып қалдым ғой, сорлы басым... Қой, бүгін Қадір түні. Ең құрымаса осы түні маңдайымды сәждеге тигізейінші. Мына қос жайнамаздың үстінде кезек-кезек Аллаһқа құлшылық етейінші. Қос тәспіні кезек-кезек алып, Аллаһтың атына мадақтар айтайыншы...
Осы оймен ваннаға кірдім, дәрет алу үшін. Дәрет алар кезде көзім сол қолыма түсті. Сол қолымдағы төртінші саусағымның бас жағын осыдан 25 жылдай бұрын кесіп алып, шолақ етіп қойғанмын. Ол кезде 3-сыныпты бітіретін уақытым ғой. Иә, әлі күнәсіз, періште кезім... Ол саусақтың басы қайда екен? Анашым тұзға араластырып, бір шүберекпен түйіп, сақтап қойған еді. Өлгенде денеммен бірге жерленуі керек көрінеді. Кейіннен көрінбей кетті... Мейлі, қайда болса да, сол саусағымның басымен о дүниеде жолығарым анық. Бірақ, оған жақындай аламын ба? Сол уақыттардан бері мына қолдарым қандай күнә жасамады десеңші!.. Иә, жоғарыда айтып өткенімдей, "пендеміз ғой", күнә жасамай тұрмадық. Сол жасалынған күнәлардың кейбіріне осы екі қолдың да қатысқаны анық қой. Егер Аллаһтың кешіріміне ие бола алмасақ, тозақта бұл екі қолым да отқа күймей ме? Тек, әлгі "періште" кезінде бізден ұзап кеткен саусағым ғана ол уақытта жұмақта болады. Иә, мені ертерек тастап кеткен ол саусақ неткен бақытты десеңші!
"Бісмілләһ" деп дәрет алуды бастадым. "Е-е, Раббым Аллаһ, осы қолдарыммен жасалған күнәларым болса, кешіре гөр!.." Қолдарымды жуып тұрып осылай деп күбірледім. Менімен қалғаны үшін қалған саусақтарым, қолымның қалған бөлігі о дүниеде азап шекпесінші... Жаратушы Ием, күнәларымызды кешірші! Бөлінген саусағыммен бірге, барлық тәнім түгел жұмақта болайықшы, сол жұмақта екі жайнамазымды алып, Өзіңе құлшылық жасауды, қос тәспіммен Сенің есіміңді ұлықтауды нәсіп ете көрші! Әмин! Әмин! Әмин!..