Аламан бәйге
Аламан бәйге
10 жыл бұрын 11603
Сансызбай Сыздықұлы

Бесінші сыныпты беспен бітіргеніме риза болған әкем ақ боз ат сатып әкеліп, маған сыйға тартты. Атымды көрсетіп тұрып:

- Мына жануар биыл бес жасқа келетін бесті жылқы. Бабы келіссе, алдына қара салмайтын жүйрік тұқым. Мұндай мал жақсы күтімді қажет етеді, жем-суы таза да құнарлы болуы тиіс. Мал бағу, бабын жасай білу оңай шаруа емес, Құр күйбең емес, көп еңбектену де, іздену де керек, көргеніңді, оқығаныңды көңіліңе тоқы, шаруа жайын білетін көне көз қариялардан сұра, естігеніңді құлағыңа құйып ал. Бұл сын мектептегі оқуыңнан кем емес. Тұлпарды түлетесің бе, мәстекке айналдырасың ба, енді бапкер саған байланысты. Бірақ есіңде болсын, сабағың нашарлайтын болса, бұл атты сатып жіберемін,- деп нық ескертті әкем.

Жылқы бір көргеннен-ақ маған қатты ұнады. Мінезі жуас, мініске жайлы, жүрісі жұмсақ, ал шапқанда ұша жөнеледі, гулей соққан жел екі көзімнен жас ағызады. Өзім қатарлы ауыл балалары аттарымызды жарыстырып көреміз, менің жануарым бірден суырылып алға шығады, шаңда қалмайды. Жүйрігім жайлы болған соң әспеттеп Мамық деп ат қойдым.

Жаз бойы бар уақытым атымның маңында өтті, достарым Әшімхан, Айдар, Оразбек, Үсен, Құлахметтерді ертіп әкеліп көрсетемін. Олар тұлпарыма қызығады, мен іштей мақтанып тұрамын. Қант берем, суды үй  маңындағы құдықтан емес, ауыл шетінде ауыз су үшін қазылған артизан  құдығынан берем. Аз уақытта Мамығым маған үйреніп, соңымнан еріп  жүретін  болды, бос жіберіп, атын атап шақырам. Әкемнің ізден, оқы, көңіліңе тоқы дегені бар, ауыл кітапханасынан жылқы бағу, күтіп-баптау  туралы кітаптар алып оқи бастадым. Дастандардағы Қобыланды, Алпамыстардың аттары алыстағы аңыз, одан да мына бергі өмірде болған, өзіміз оқып, әнін тыңдап жүрген Ақан серінің жүйрігі Құлагердей болса екен деп армандай бастадым. Атымды жәй сабынмен ғана емес, арнайы сусабынмен жуып жатып қабырғасын санаймын, арасында қанат бар ма деп қараймын, іштей өзімді ат сыншысы, атақты атбегінің орнына қоям, атыммен адамша сөйлесетінді шығардым. Осылай айлар өтті.

Күз келді. Бір күні әкем:

- Көрші Жаңақорғанда Жартыбай деген кісі «Сүндет той» жасап, аламан бәйге береді, бас бәйге – түйе, екіншісі – жарамды ат, үшінші жүлде асыл тұқымды ірі қара екен, тұлпарың дайын ба?- деп маған сынай қарады.

Көрші «Еңбекші» ауылынан Әбілда деген бапкер шалды ертіп келіп атымды көрсетті, бәйгеге жарай ма деп сұрады. Шоқша сақалды қария атымның аузын ашып, тісін санады, тұяғын көтерді, қолтығының астын, шабын қарады, осылай біраз айналсоқтап қарап, атты бәйгеге баптауға келісімін берді. Мен ақсақалдың қасынан шықпай ат баптауға көмектестім.

Межелі күн де келіп жетті. Көрші «Алғабас» ауылында тұратын шашы, қасы, сақалы аппақ Шайық деген белгілі атбегі әрі шежіре қарт бәйге ат мінген Тәшман деген немересімен, біздің ат бапкеріміз Әбілда ата және мен төртеуміз тойшы ауылға қарай жолға шықтық. Көңілім күпті, жүрегім лүпілдейді. Той Қаратаудың бөктеріндегі «Мыңбұлақ» деген жерде өтеді екен. Жаз кезінде Сыр бойы шыбынды-шіркейлі, масалы-соналы, мал-жанға жайсыз-ақ, ал Қаратау бойы қай уақытта да ондайлардан ада, нағыз жұмақ дерсің. Көк майсалы, сыңғырлап, бүлкілдеп ағып жатқан сансыз бұлақты жерге қаздай тізілген ақ шаңқан киіз үйлер молынан тігіліп-ақ тасталыпты. Құжынаған халық, аттар да жетерлік.

Аламан бәйгеге шабатын аттар тізімінің соңын ала тіркелдік. Көк матаға ақ бояумен жазылған «50» деген нөмірдің бауын бапкерім Әбілда шал басымнан кигізіп, екінші ұшындағы жібін белімнен үш орап байлады. Бәйгеге шабатын аттар жиылған төбеде 150-ден аса ат тұрды. Қою қара  сақалды, белін қызыл матамен байлап алған кісі дәу күрең қасқа атымен  олай-бұлай жүріп, бар даусымен айқайлап бәйгеге шабатын аттардың бөлек  шығуына бұйрық берді. Жарамды ат мініп, белін қызыл матамен орап алған тағы оннан астам көмекшісі бар. Бәйгеге шабуға дайындалған, кекілін, құйрығын байлаған, ноқталары мен арқандарын алып тастап, тек ауыздықталған аттарға кілең мен секілді жеңіл де ықшам киінген  жасөспірімдер мініпті. Бапкерім Әбілда шал ақыл-кеңестерін құлағыма құйып-ақ жатыр, жүрегім алып ұшып лүпілдеп, сөздерінің бірін естіп, бірін естімеймін, тек білгенім бұл аламан бәйге дегенің тіке шабу екен, межелі сөреге жеткенше  жүріп барып, сосын тура осы мәреге дейін жарысып шауып келуің керек. Аламан дегенді естігенім болмаса, бұндай тіке шабатын бәйгені бірінші көруім.

Алдымызда жарау атқа мінген манағы бұйрық берген қою қара  сақалды кісі, соңымызда мықты аттарға мінген он шақты төреші күн  батысты бетке алып желе жүріспен суыт жүріп кеттік. Күн арқан бойы  көтерілген, Қаратау жатыр созылып. Алдын ала өлшеніп, дайындалған болса   керек, тракторлар жолсызбен тура жүріп жол салған сияқты, іздері сайрап жатыр. Анда-санда жеңіл автокөліктің де ізі көрінеді. Жолбасшымыз әр биік  төбенің басына бір-бір атты адамды қойып кетіп жатыр. Ол адамдар шауып  келе жатқан бізге қызыл матаны бұлғап қарақшы белгі болып, жол көрсетіп   тұрады екен. Осылайша он атты адам он от биік төбеде қалды.

Межелі жерге төрт сағаттан аса уақытта жеттік, жарты сағаттан аса демалыс берді. Аттарымыздың тартпасын босатып, терін үгіп алдық, өзіміз де керіліп-созылып бойымызды жаздық. Қалтамыздағы құрттан жеп, торсықтағы судан ауыз шайдық, іштік. Бір сағаттай болғанда бізді бастап алып келген қою қара сақалды кісі бәрімізді қатар тұрғызды, бетіміз келген жағымыз. Күн дәл төбеде тұрғанмен, ыстық емес, таудың салқын самалы жанға жайлы, жұмсақ. Жолбасшы кісі:

- Арнайы дайындалып, белгіленген жолды көріп келдіңдер, төбенің басындағы адамдар қызыл матаны бұлғап тұрады, тура соған қарай  шабасыңдар, одан ары тағы төбе басында қол бұлғап тұрған адам көрінеді,   осылай тарта бересіңдер, той болып жатқан жерде екі таудың арасынан  кіресіңдер, мәре сызығы сонда,- деп айқайлап, ұқтырды. Елеріп, тықыршып тұрған бәйге аттарының үстінде түрлі жастағы кілең балалармен қатар, сақалды, денесі шағын бір шал да бар екен.

«Алла жар болсын, жолдарың болсын!» деген ұран тілектен соң зулай   жөнелдік. Атылып шыққан атынан сол жерде-ақ бір бала аунап түсіп қалды. Иесіз бара жатқан атты белінде қызыл шүберегі бар, бұйрық берген адам  ұстап алды да, бәрімізге айқайлап тоқтауға әмір берді. Бәріміз амалсыз кері қайырылдық, абайламай атынан түсіп қалған баланы атына қайта отырғызған  соң тағы да сап түзедік. Тек екі аттылы тоқтамай кете барды, естімеді ме, әлде әдейі істеді ме, әйтеуір артына қарамай зулай берді...

Бұйрық берілді де, қайтадан тұра аттандық. Бәйгеге шапқан балалардың бәрі шаңға қалмай, жел жаққа шапқысы келген шығар, аттың басын іркіп жәй шабу деген болған жоқ, қарқынды үдеткен үстіне үдеттік. Атбегім айтқандай атымның жалына жабысып алдым, тұлпарымның көзінің айналасын арнайы алып шыққан орамалмен терден сүртіп қоям. Өзімнің де  көзімнен жас парлап барады. «Мамық, Мамығым» деп сыбырлап, атымды  емірене сипалап  қоям. Ұзын сонар Қаратау сілемдерін, төбелерін, әр төбенің басында бізге жол сілтеп қызыл мата бұлғаған адамдарды бірінен соң бірін артқа тастап, соңғы төбеге беттегенде алдымда екі-ақ аттылы қалды. «Әлгінде тоқтамай кеткендер ме екен?» деймін оларға ренішімді атыма сыбырлай айтып. Тұлпарым менің көңілімді сезетін сияқты, одан сайын гулейді, бейне Тайбурыл!

Арамыз жақындай түсті, екі шоқының арасында биік екі бағанаға керілген ақ матаға көк түспен жазылған «МӘРЕ-МЕЖЕ» деген жазу да айқын көріне бастады. Төбелердің басы, етегі толған тойшыл қауым, қиқулаған ығы-жығы халық. Ат бапкерімнің қалың елді көргенде «Ақжол» деп ұрандап,   атыңды бір-екі рет қамшылап ал» дегені есіме түсіп қиқуламақ болып ем   даусым шықпады, аузым құрғап қалыпты. Сосын қалтамдағы анам берген  құрттың малтасын алып аузыма салып, таңдап жібіттім, қамшымды  көтермедім, екі аяқпен тепкілеген де жоқпын, атымның жалынына жабыса  түсіп: «Мамық, Мамығым, біз жүлде алуымыз» керек деймін сыбырлап, жануарым түсінетін сияқты, екпіні қатты. Есі-дертім алдымдағы екі аттан   озу. Мәре сызығын алдағы екі атпен құйрық тістесіп, «Ақжол, Ақжол, Сыздық, Шиелі» деп айқайлап өттім.

Мәреден өтісімен ұзамай атымның басын кері бұрдым, ойым – алдағы екі ат иелері сөреден дұрыс шықпағанын айту. Дәу үлкен шұбар атқа мінген әкем жетті, көзінде жас, жылап жүр. «Көкем неге жылап жүр, жүлде алдық емес пе» деп ойладым.

- Көке, алдымда бірінші, екінші болып келген ат иелері дұрыс істемеді,- деп аптыға айта бастап ем, мені аттың үстінен мейірлене көтеріп алған әкем:

- Оның бәрін төрешілер алқасы шешеді,- деп, мені құшағына қысты.

- Көке, жүлдемді, алғашқы табысымды өзім алайыншы,- дедім.

- Иә, өзің аласың, қалқам!

Әкем бір айтса болды, орындалатынын білем. Алып, аялы құшаққа балқыдым ба, әлде алакөңілмен екі күн бойы шала ұйықтағандікі ме, әлде атпен елу шақырым жүріп барып, қайта шауып келгенге шаршағандықтан ба, әке құшағында талықсып ұйықтап кеткенімді сезбей қалыппын.

Көзімді ашсам екі үлкен таудың арасы, басыма ақ кителін көлегейлеп  қойып, әкем жымиып маған қарап отыр. Дереу айналаға көз жүгіртіп атымды  іздедім, отыз-қырық метрдей жерде көгалда атым төрт аяғы жоғары қарап теңкиіп жатыр. Шошып атып тұрдым, бәйге атым өліп қалған екен деп қорқып кеттім. Соны сезген әкем:

- Демалып жатыр, әрі-бері жүз шақырым шауып қайту оңай емес қой,- деді разы көңілмен.

Әудем жерде әкемнің өзінің «водовоз» атанған су таситын қызмет автокөлігі, қасында жүргізушісі Ыдырыс аға дастархан жайып,  қызмет жасап жүр. Көгалға жайылған дастархан басында ат бапкерім Әбілда атам, ауылдың молдасы Бекқожа, немере ағайымыз Қали. Дастарханда қазы, қарта, жал, жая, кесек-кесек ет, бауырсақ, анам пісірген таба нан туралған, қымыз, қымыран кесеге құйылған. Тамақтың неше атасы мені күтіп тұрғандай, сол кезде барып қарным шұрқырап, аш екенімді сездім. Дереу тамаққа ұмтылған мені әкем тоқтатып, бетімді, қолымды жуғызды, кесеге қымыранды аздап құйып, ұрттап ішкізді. Бір жағымда Қали аға, екінші жағымда Ыдырыс аға дастарханға қолымды создырмайды. Әкем қазыдан, қартадан өз шаппасымен жұқалап кесіп береді. Дастарханға ұмтыла берсем сөзбен көңілімді басқа жаққа аударды.

- Сен қарасай, өзің ұтып алған жүлдеңді көрмейсің бе?

Есік пен төрдей дәу қара ала өгіз, мұрнына домалақ темір өткізіп, арқандап қойыпты. Үшінші жүлде!

- Көке,  мұрны  ауырмай ма?- деймін басқа сөз аузыма түспей, балалық  көңілмен. Бұндай алып, дәу де әдемі малды тек кітаптардан, теледидардан ғана көргем.

Сөйтіп маған тамақтан аз берді. Әбілда, Бекқожа аталар маған мейірлене, риза көңілмен қарап отырды. Қали, Ыдырыс ағалар кезек-кезек  мені мойындарына мінгізіп ойнатты, еркелетіп жұлқылады. Аздап қана  тамақ ішіп бой сергіткен мені әкем құшағына алып мейірлене құшақтағанда рахат сезімге бөленіп тағы да ұйықтап қалыппын...

Осылай алғаш рет аламан бәйгеге қатысуым өмір аламанына қатысуымның басы екен. Бағым да, бабым да шапқан кездер талай басымнан өтті. Сол бір аламандағыдай алдымды орап кеткендер де кездесті. Сондай кезде сол бір аламанда төрешілердің ұйғарғанына шүкіршілік етіп, бұйырған бәйгеге риза болған әкемнің, үлкендердің қанағатшылдығын талай мәрте есіме алдым. Әкем Сыздық Нүркеұлының даладай дарқан көңілі, өмірлік тәжірибеден түйген пайымы мен үшін өмір аламанында жол сілтер болды.

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
3.2
442 дауыс
41 пікір
  • Автордың шығармадағы бейкүнә бала көңілі, өмірдегі алғашқы бәйгесі риясыз, шынайы сипатталған. Аймаққа белгілі әкенің тек атағымен малданбай, жүйелі тәрбиесін де көргені, жануарды тұлпарға айналдыра білгендігі кімді болса да тәнті ететіні даусыз. Шығарманың тілі - жатық, өте нанымды. Ересектерге бала күнін сағындыртса, кейінгі жастарға ой салатын дуние.
    10 жыл бұрын
  • тамаша ангиме екен
    10 жыл бұрын
  • Ауылдың жағдайын сипаттаған жақсы әңгіме екен, менің бала кезім есіме түсіп кетті. Рахмет Сізге Сансыз аға!!!
    Алғашқы аламан бәйгеде жүлдеге ие болсаңыз, өмірде әлі де алар асуларыңыз мол болсын.
    10 жыл бұрын
  • Ғаламат!!!
    Бұл атамыздың шығармасы ұрпаққа тәрбие беретін дәрежесі биік бірден бір шығарма. Ұлттық мәдениеті ақсап жатқан елімізде, осындай азаматтарды осы салаға жұмылдырып, мәртебе тұту керек.
    10 жыл бұрын
  • Өте тебрентіретін әңгіме екен. Бұл әңгімемен қазақ дәстүрінің бір түрін ғана бала көзімен көргенін өсиет ретінде сипаттаған. Жылқы жылына сәйкес жазылған әңгіме әр қазаққа үлкен ой салады деген ойдамын. Болашақта Сансызбай Сыздықұлы тәрізді кісілер қазақ дәстүрі туралы әңгімелер көп жазатын болса еліміз өзін дүние жүзіне қандай дәстүрлеоге бай екенін көрсете алады деп сенемін .
    10 жыл бұрын
  • Автор өз балашағын ғана еске алып отырған жоқ, ат ата-бабамыздың сенімді серігі болған, бүгінгі күнде де қадір-қасиетін жоғалтпасақ деген ойларға апарады.
    10 жыл бұрын
  • Сансызбай Ата өте керемет шыққан.Бұл мақаламен кино түсуруге болатын дүние екен.Жақсы атты тай жағалайды Жолға салсаң — жорға,
    Жонға салсаң - жүйрік ат болган екен.Сіз сияқты ағаларымыз көбейе берсін
    10 жыл бұрын
  • Қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан. Қазақтар адам мен оның жан серігі атына біртұтас әлем ретінде қарағанын. Адамның азамат қатарына қосылуының өзін “ат жалын тартып мінді” деп бейнелейді қазақ халқы. Жас баланың алғаш атқа отырғанын атап өту рәсімі – тоқым қағар тойынан бастап, адамның бұл өмірден өткенінің белгісі ат тұлдауға дейінгі бүкіл пәнилік тіршілікті жылқымен байланыстырған. Сыйлы қонаққа ат мінгізу, күйеу жігіттің қалыңдық алуына алғаш барғанда ат байлауы, ұрыс кезінде жау қоршауында қалған қолбасшыға ат сүйек беріп құтқару, т.б. дәстүрлер жылқының қазақ халқының шаруашылығында ғана емес, әлеуметтік өмірінде де үлкен мәнге ие болғанын білдіреді.
    10 жыл бұрын
  • Ниетіңіз қабыл Алла жар болсын тамаша мақалаңыз
    10 жыл бұрын
  • Оте керемет жазылган.
    10 жыл бұрын
  • Керемет
    10 жыл бұрын
  • Бекболат. Шенгельбаев
    10 жыл бұрын
  • Бекболат. Шенгельбаев. Оте. Тамаша
    10 жыл бұрын
  • Сансызбай ага, ангимениздин асеримен ауылда откен балалык шакка саяхат жасап келдим.Рахмет сизге.
    10 жыл бұрын
  • Керемет әңгіме, оқып отырып керемет әсер алдым.
    10 жыл бұрын
  • Әңгіме тартымды, оңай оқылады, авторға шығармашылық табыстар тілейміз
    10 жыл бұрын
  • Бұл әңгімеңіздің құндылық мәні жастарымыз үшін, қазақтың болашағы үшін өте үлкен деп ойлаймын.Рахмет.
    10 жыл бұрын
  • Әңгіме өте қызықты, бала кезіміздегі ауылдағы бәйге есіме түсті. "Мәңгілік ел" болу үшін осындай шығармаларды жазып жас ұрпақ арасында патриоттық сезімді оятып кеңінен насихаттау қажет.
    10 жыл бұрын
  • Керемет жазылған! Молодец Сансыз ата!))))
    10 жыл бұрын
  • Керемет
    10 жыл бұрын
  • Оте керемет жазылған дүние! Сансыз аға, ғибраты мол, тәлімі мен тәрбиеге бай мақала екен! Жылқы малын қасиет санаған қазақ баласының шынайы сезімге толы әңгімесі әрбір оқырманның жүрегіне жол тауып, өзіне баурай түсері даусыз. Шығармашылық табыс тілеймін!
    10 жыл бұрын
  • Көңіл толқытарлық шығарма! Керемет
    10 жыл бұрын
  • Шыны керек, тек коз алдыма картинкалар гана елестегени болмаса, журек тебирентердей асер алмадым. Каламыныз уштала берсин.
    10 жыл бұрын
  • Сосын пикир жазгандар ата, ага деп кетипти... ай, таныстары-ау шамасы, жас ерекшелигин билетин. Айтпесе, кай жерде корсетилген туган жылы? Мен мектеп жасындагы бала жазган шыгар деп отырмын... Адебиетти жаксы корип окыган. Ай, казир кимге не деп болама... Жасандылык пен жагымпаздыкты жаным суймейтин еди. Жараткан иемнин калауымен го бари.
    10 жыл бұрын
  • оте жаксы жазылган дуние озиме катты унады, сизге шыгармашылык табыс тилеимин
    10 жыл бұрын
  • Қарадүрсін, ортанқолды дүние ғой. Несі керемет? Өтірік мақтағанды доғарыңыздар, ұят болады.
    10 жыл бұрын
  • Құрметті оқырмандар (дауыс берушілер),
    Біреуіне 5 деген бағаны қойып, ал қалғандарына 1 қойғандарыңыз әділетсіздік болып табылады.
    Кім қай әңгімеге, қандай баға беріп отырғанының барлығы бізде бақылануда.
    Олай жасамауларыңызды қатаң түрде ескертеміз!
    10 жыл бұрын
  • мектеп мұғалимдерине балаларға қосымша құрал ретінде пайдаланса - тәрбиелік орны бар шығарма
    10 жыл бұрын
  • Мен осы әңгіме авторы Сансызбай Сыздықұлының қызымын, әкемнің он немересі бар, інілерінің балалары да "ата" дейді, барлығы осы шығарманы оқып, атасының балалалық шағындағы өміріне, сол уақыттағы жүрегі пәк баланың жылқы малын баптап, бәйгеге дайындалып, арманына қол жеткізе білгеніне, әкемнің әкесінің бала арманына өз қол жеткізуіне себепші болғанын оқи отырып, риза болғандарын, пікірлерін жеткізген. Мен өзімнің үш балама оқып бергенде олар тамсана тыңдап, өздерімен салыстыра отырып, көптеген сұрақтар қойып, қызығушылық танытқан да мен дән риза болдым. қысқа ғана әңгімемен өз балаларына, немерелеріне, күйеу балаларына тәлім-тәрбие, үлгі, дәстүрді жеткізе білді. Жоғарыда ЕРЖАН ИМАШ, МАХАМБЕТ СӘУКЕЛЕ деген кісілер, өздеріңіздің соншалықты іші тарлықтарыңызды, көре алмашулықтарыңызды жазған пікірлеріңізден көріп отырмын, туысы, інісі, бауырлары, немерелеріне пікір қалдыруға шектеу қойылмаған шығар. Аяқтан тартып, 1 деген бағаны төмендетіп қойғандарыңызға ұялмайсыздар ма, МЕН әкемнің осы әңгімесінін, әкемді, атамды мақтаныш тұтамын. Жүрек тебірентер әңгіме!!!!
    10 жыл бұрын
  • ЕРЖАН ИМАШ, МАХАМБЕТ СӘУКЕЛЕ, сіздерге тағы айта кететінім, бұл жерде қаламгер жазушылар сайысы емес, қарапайым зейнеткердің жазған әңгімесі, алайда сіздерге жетпесе, картиналар ғана елестесе ол өздеріңіздің саналарыңызға берілсін. Алла Тағаламызды ауыздарыңызға алып отырып, көре алмаушылықтан, қызғаныштан, жаман пиғылдарыңызды білдіруден қорқпайсыздар ма. сіздерге ұнау шарт емес.
    10 жыл бұрын
    • О..о..о...қарындасымыз ренжулі. Мен тағы да айтамын... Алған әсерім сол болса, өтірік мақта дейсіз бе? Және айтарым жүректің мәселесіне кірмей-ақ қойыңыз... Көреалмау, қызғану деген нәрсе жүректе туындайтын сезімдер. Оны тек Алла тағалам ғана біледі. Сіз менің жазған сөзіме қарап баға беріп отырған шығарсыз, бірақ біліп қойыңыз, Сіздің сөзіңіз маған жабылған "жала" екенің.
      Ал ата, аға деп жазғандар туыстарыңыз бен немерелері болса онда өзінен-ақ белгілі, ешкімнің 3,4 деген бағаны қоймағаны. Ал, мен бұл шығармаға 1 деген баға қойғаным жоқ. Администратордан сураңыз сенбесеңіз. Сіз сонымен 2 рет маған жала жауып отырсыз. Бірақ мен Сізді кешіремін. Не айтсаңыз да, не ойласаңыз да. Бұл шығармалардың арасында менің не досым, не туысымның шығармасы жоқ. Іштарлық қылып қызғанатындай, яғни ешкімді танымаймын.
      10 жыл бұрын
  • Дос жылатып айтады, душпан кулдіртіп айтады. Біздін "қазекен" мақтағаннан басқасын көтере алмайды ғо шіркін. Сын айтылып жатыр ғо...бәлки ол да дұрыс шығар деп санасу жоқ. "Сен неге олай дейсін..." деп бас салады. Ондайды өзім "сауатсыздық" деп білем.
    10 жыл бұрын
    • МАХАМБЕТ САУКЕЛИН, сын айтылмай, мін түзелмейді, ойдан, қиялдан шығарылған, сайысқа қатысқан әңгіме ғана емес, Біз үшін, балалары үшін, немерелері мен бауырлары үшін Өмірлік ұстанымында әділдік, адалдық және қамқорлық қағидалары бар, өмірлік жолында өнеге еткісі келетін ЕСТЕЛІК-ӘҢГІМЕ!!! Намысқа тимей, сынды айта біліңіз, сөз түсінетін ҚАЗАҚПЫЗ!!!!!
      10 жыл бұрын
      • Мине, озиниз мойындап турсыз... Сиздерге естелик ангиме болганмен, биз ушин сайыска тусип жаткан шыгарма. Сондыктан баска шыгармалармен салыстыра отырып ойымды билдиргенмин. Тусинем, арким оз шыгармаларына шан жуыткысы келмейди. Дегенмен, кемшиликти мойындай билу керек.
        10 жыл бұрын
  • керемет жазылған, сын айтуға келмейді. артық кетпегендеріңіз жөн секілді
    10 жыл бұрын
  • Авторын танимын журектен шыккан, шынайы шыгарма... конил тебирентерлик... Биз туралы ягни коршилер туралы жазуды умытпагайсыз...
    10 жыл бұрын
  • Ассалаумагаликум!осы сайтка жарияланган ангиелерди кайдан тапсам болады?букил ангимелердн тизими кайда бар?
    10 жыл бұрын