Шырақ шамдай Шернияз
Шырақ шамдай Шернияз
6 жыл бұрын 3699 egemen.kz
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ, әдебиеттанушы

XIX ғасырдың I жартысындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінде ойып тұрып орын алатын шайырлардың бірі – Шернияз шешен Жарылғасұлы. Кете руынан шыққан Шернияздың өмір жолы туралы көптеген деректер кездеседі. Қазақтың энциклопедист-ғалымы Халел Досмұхамедов кете руынан шыққанын «Сәуле» журналының №4 санына сілтеме жасау арқылы көрсетеді. Себебі, Ығылман Шөрекұлының:

Малай кете Шернияз,

Шерлілер сөзін сағынған.

Секерден шырын дәмі бар

Тыңдағанға жағынған, - деген өлең жолдары үзінді ретінде журнал бетінде жарық көреді.

Жазушы, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек: «Қазақ шежіресінің діңгек идеясы, яғни тұжырымы түптеп келгенде, жалпы тарихты тануда бел алып жататын адамдық бастау идеясымен үндес келеді», деген еді. Шернияз ақынның шежіресіне үңілсек, Шернияздың әкесі – Жарылғас, Жарылғастың әкесі – Елде, Елденің әкесі – Жаман, Жаманның әкесі – Малай, Малайдың әкесі – Сарымбет, Сарымбеттің әкесі – Айдар болып атал­ған. Шежіредегі аталарының бірі – Малай, Шернияздың ауылының атауы бол­ған деген деректер кездеседі. Қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинастырушы, этнограф, шежіреші, ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Естігенін ұмытпайтын, құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауызға алып айтуы­мен үлгі-өсиет қалдырған», деп жаза­ды. Шернияз шешенге қатысты дерек­тердің ауыздан-ауызға тарауы әбден мүмкін. 

Шернияздың туған және қайтыс болған мерзімдері әлі күнге дейін нақ­ты­ланбай келеді. Деректерді сараптап қарасақ, 1817-1881 (64 жас), 1807-1867 (60 жас), 1806 – 1867 (61 жас) деген дата­лар көрсетілген. Ақынның мәң­гі­­лік мекені – Атырау облысы, Қызыл­­қоға ауданы, Мұқыр ауылынан 35 шақы­рым жерде орналасқан зиратындағы құлпы­таста «1807-1867 жылдары өмір сүрген» делінген. «Қазақстан тарихы» пәніне арналған Ұлттық бірыңғай тестілеу оқулығының «XIX ғасырдың I жартысындағы мәдениет» атты тарауында ( 208-бет) Шернияз ақынның өмір сүрген жылдары «1807-1867 жылдар» деп көр­сетіл­ген. Сондықтан, құлпытаста көр­сетіл­­ген датамен жүргеніміз жөн. XIX ғасыр­­­дың 30-жылдарында Кіші жүз аума­ғын қамтыған Исатай-Махамбет көтері­лісінің қатысушысы және жалын­ды жыршысы болған. Көтерілістің екінші кезеңінде батырдың артына ерген рулар – кете, әлім еді. Исатайдың соңғы шай­қасы кетенің жерінде, яғни Қиыл бойында болғанын білеміз. Шернияздың Исатай­дың жан досы болғандығы туралы энциклопедист-ғалым Х.Досмұха­медов «Сәуле» журналының №6 санында баяндайды. Бұл сөзімізді Шернияз ақынның:

Алаштың баласына түгел жеткен, 

Айтпауға бола ма екен түлік малын.

Мен өзім Исатайдың ақыны едім, 

Малданып Исатайдан маңғаз болдым, - деген өлең жолдары дәлелдей түседі. Шернияздың немере інісі Көкей молда Жарылғас, Шернияз молда болған деп суреттейді. Інісі Балмырза жырау:

Айдын көлге жабылған,

Құлан едім ордалы. Асатаяқ алысқан,

Ауыл едім молдалы, - деп Шернияз­дың шариғатқа жетік екендігін айтады. Шамшырақтай сөздің иесі Шернияз шешеннің болашақ ұрпақтың нәрлі сөзден ажырамай өсуіне септігін тигізеді деп есептеймін. 

0 пікір