Сәлемі үзілген ене
Сәлемі үзілген ене
7 жыл бұрын 5303
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Он тоғыз жасына ақ босаға аттап, бөтен үйден бөтен елге келгенде, ол көп істі үлкендерден көргендей етіп жасап жүрді. Таң сәріде көзін тырнап ашқаннан ақ жаулықты тағып тұру, ата-енеге сәлем салу, олардың таңғы шәйларын қамдап беруден басталатын шаруалар қара кешке дейін өзімен өзі дөңгелей береді. Ауылдың тірлігі біткен бе? Бес бие, жеті сиыр сауу, тандырға нан жабу, келген қонақтың бабын табу...Қазақтың өзге келіндері секілді ол да барған жеріне тастай батып, судай сіңе бастады. Бірақ осыншама істің ішінде оның жанындай сүйіп атқарған ісі ата-енесіне сәлем салу десем, сіз сенерсіз не сенбессіз. Күнделікті атқарылып кете беретін әдеттегі жай іс емес пе сәлем деген?! Басында оған да солай көрінген. Алайда енесінің бір әңгімесі оның сәлемге деген махаббатын арттырып жіберген секілді. Қай әңгіме дерсіз?

Ол келін болып түскенде, енесінің де енесі де көзі тірі болатын. Жасы тоқсанға таяған, өзі мейіздей әдемі болып қартайған кейуана еді. Кәрілік деген қойсын ба, әженің тізедегі күшін, аузындағы тісін алып, өз дегенін жасап қойған. Күндердің күнінде осы әженің көретін жарығы таусылып дүние салады. Бұл қаза қанша адамның қабырғасын қайыстырып, өзектерін өртеп кетті. Міне, осы кезде шын жүректен қатты қиналғандардың бірі әженің келіні болатын. Жетісі, қырық күндік асы өтсе де, көңілінің жүдегені жүдеген. Аһ, үһ деп көп күрсінеді. Тіпті кейде көзін моншақтатып жылап та алады. Өз бала-шағасы да дардай кісілер болғанына қарамай, енесінің жоқтығына қатты қайғырады. Жас келін осыны байқамайды дейсіз бе? Енесінің қасына отырып жұбатқысы да келеді. Бірақ үлкен кісіге не айтсын?!

Бір күні енесінің өзі ашылды: «Қарағым, мені неге осынша қайғырып жүр деп ойлап жүрсің бе? Ол кісінің орны бөлек еді ғой. Мен бұл үйге он жеті жасымда келін болып түстім. Содан бері ол кісіге берген таңғы сәлемім үзілген жоқ еді ғой. Өзің ойлап көрші, неше жыл өтті содан бері? Енді ол кісінің орны үңірейіп бос тұрғанын көрмейсің бе? Сол үзілмей жалғасып келген таңғы сәлем менің өмірлік серігімдей болып кетіпті-ау. Не құдірет екенін қайдам, сәлем салсам жанып рақат табатын. Осы үйге алғаш келгенімде енемнің маған жасаған жақсылықтарын қайтарудың бір нышаны осы сәлем сияқты көрінетін. Ол кісінің де: «Құдай жарылқасын!», «Бағыңды ашсын!» «Өсіп-өн, қарағым» деген тілектері менің жап-жас бойыма сондай әдемі даритын. Міне, енді сол 50 жылдан астам салынған таңғы сәлемім үзіліп отыр. Менің мұңымның бір сыры, осы, шырақ!»

Осы әңгіме айтылып жатқанда жас келіннің де сәлемге деген сүйіспеншілігі қалай күшейіп жатқанын ол кезде сезбесе де керек. Әңгіме кәдімдгі уыздай болып бойына тарады. Содан бері ата-енесіне таңғы сәлемін салғанда, ерекше сезімге бөленуді шығарды.

Сәлемің түзу болсын демей ме атам қазақ. Сәлемі түзудің ниеті түзу. Ниеті түзудің ісі тузу. Осылай жаңа құрылған шаңырақтың берекесі күн санап арта берді. Тірліктің де түк қиындығы жоқ, бар шаруасы өз ретімен дөңгелей берді. Ата-анасын сыйлап жүргені үшін жұбайы да риза. Ол де таң ертең жұмысына, кешке үйіне асығады. Өйткені оның үйінде біріне-бірі сәлемі түзу, берекелі отбасы күтіп отыр.

0 пікір