«Целый мир не стоит одной слезы ребенка»
М.Ф. Достоевский
Осыдан бірнеше жыл бұрын бір танысым, өміріне өзгеріс енгізген мына бір оқиғаны баяндап берген еді
Сол бір сәт жадымда мәңгілік сақталып қалмақ, – деп әңгімесін бастады ол.
Аяулы анасының құшағындағы сәбидің сондағы күлкісі, иә, менің өміріме төңкеріс әкелген сәби күлкі...
Сен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та бар қалан.
Шіркін, қайран Абай. Осынау өлең шумақтарын бала күнімізден жаттап өссек те, ақын даналығының тереңіне бойлай алмағаныма ішім удай ашиды. Адамдықтың сырын ұғар, өмірдің мәнін түсінер жасқа келсек те, пендешілікке салынып, басымыз ауған жаққа қарай қисалаңдап жүре беретін әдетіміз. Қашан иығымыздан қу бас домалап түскенше ақылға келмей, айтқанның ақылына құлақ аспай, тұлдыр дүниенің тұтқасын ұстап тұрғандай шіренеміз.
Содан ұтарымыз бар ма?
Өз басым мағынасыз, мақсаты айқындалмаған өмірімнен шаршаған жанның бірі едім. Алайда мейірімі шексіз, құдіреті күшті Құдай тағала мені назарынан тыс қалдырмаған екен. Көрер таңым, татар дәмім әлі алда екен.
Әлі есімде...
Содан бері де талай жылдар өтіпті-ау.
Бүкірейіп аспанда ай жатты. Томаға тұйық қала кеші, немерелерінің шуылын қызықтап, ойға шомған қариядай көзі жұмылып мүлгіп барады. Ауыл шетіндегі жалғыз қалған бақсының моласындай аспандағы ай да жалғыз. Жұлдыздарға қарасаң тым сирек. Қала төбесіндегі жұлдыздар да қызық, сенімен тығылмақ ойнағысы келгендей ана жерден бір, мына жерден бір сығырайып тұрғаны. Абыр-сабыр болған бір топ адамның жанынан өтіп бара жатып, анадайдан аяғын некей-некей басып сол тобырға қарай аяңдап келе жатқан әйелдің сұлбасы көрінді. Қолында сәбиі бар. Жанымнан өте бере кішкене ғана саусағымен мені нұсқап күлгені... Жанарым жасқа толып, жылап тұрғаным... әлі есімде... Өмірімнің бейнебір жаңа парақтары ашылғандай, менің мақсатсыз да, мағынасыз өміріме сол түні нүкте қойылды.
Әлі есімде...
Көзден аққан ыстық жастан көз алдым бұлдырланып, өзімнен алыстап бара жатқан сәбиге сонооу жүрегімнің түбінен былай деп үн қатқаным:
«Мен енді сені іздеймін, өзімнің сендей сәбилік болмысымды іздеймін. Сенің себебіңмен кеудемде қайта оянған үміт сәулесі мені бала кезімде, сәби күнімде жоғалтқан нұрға, шаттыққа толы әлеміме жетелеп алып барарына сенемін. Енді тек жылай көрмеші?! Өз жүрегім қан жылап тұрғанда қалайша сені уатпақпын. Жыласаң, жүрегім қарс айрылатын сияқты. Сені жылататындар қатігездіктері арқылы жүрегіңді жаралап, сәби көңіліңді жығатындарын біле ме екен? Жооқ, мен енді саған жылауға, біреудің сені жылатуына жол бермеймін. Мен өзіңдей сәбилердің жыламауы үшін, сендердің шынайы күлкілерің үшін өмір сүремін.
Сәби күлкі, сәбидің күлкісі үзілмесін!
Өткенде, ашаршылық уақытында жылап тұрған сәбидің суретін көрдім. Неткен ауыр көрініс еді. Қаршадай нәрестенің жанарынан үзіліп түскен бір тамшы жас, сәби көңіліне орнаған бар ауыртпашылықтың куәсіндей сырғанап бара жатты. Сол сәбидің жылағанын көріп, мен де жанарыма жас алдым. Сәбилер үшін, сәбилерге күлкі сыйлау үшін өмір сүру керектігін ұғындым. Сәбидің күлгені қандай тәтті болса, оның жылағаны да соншалықты ауыр келеді емеспе адамға.
Білесің бе, мен күнде көріп жүрген гүлбақша бар, мен сені сонда алып барамын. Ол бақшаға кірген адам жыламайды. Жыласа да күлкісіне сызат түспейді. Керісінше, күлкісі аспандағы күнмен таласардай жайдарылана түседі, тәтті болады. Ол бақшаға кірген адам өзін бейнебір дүниеге жаңа келген адамдай сезінеді. Әр адамның сағына іздеген сәбилік болмысы сол гүлбақшаның ішінде. «Ондай гүлбақшаның бар екенін қайдан білесің», - деп таңырқап жатқан шығарсың, білемін, дұрысырағы біз бәріміз білеміз. Біз тіпті, оның ішін аралап, ондағы жұпар аңқыған гүлдердің исінен басымыз айналып, тамашалап көрмесек те, өзімізді сол бақшаның тұрғындарынан санаймыз. Өйткені, біздің рухани болмысымыз, тарихи тереңдігіміз сол бақшаның ішінде. Әл-Фараби, Шал ақын, Абай, Бұхар жырау, Жамбыл, Ыбырай, Ахмет, Міржақып, Мағжан сынды бабаларыңның барлығы айтылған бақшада ағатын мөлдір бұлақтан сусындап өскен. Қараңғы қазақ көгінде күн болып нұрын шашқан осынау асыл азаматтарымыз қазақ халқын, жалпы адамзатты өзінің негізімен қауышуына, сәбилік болмысын қайта табуына шақырған еді.
Кішкентай ғана ботақаным, бүлдіршінім, рахмет саған! Сен маған, мендей ғаріптің өмірге қайта келуіне себеп болдың. Сенің риясыз күлкің менің жанарыма көктем гүлін сыйлады. Тат басқан жүрегімді жібітіп, өшкен сезімдерімді қайта оятты. Сәбиім, саған бір сыр ашайын ба? Мұның сырын Алла ғұмыр берсе кейін өзің де ұғынарсың. Білесің бе, ересек адамдар есейген сайын өзіңдей сәби болуды аңсайды. Кешегі өткен Әнет бабамыз қартайған шағында елден оқшауланып, қыр асып кететін көрінеді. Күндердің күнінде қыр басында Әнет бабаға Қазыбек би жолығып:
– Әнет баба, бұл жерден не іздеп, кімді іздеп жүрсіз – деп сұраған екен. Сонда Әнет баба:
– Өзімді өзім іздеп жүрмін шырағым – деп жауап беріпті. Бұл жауапты Қазыбек бидің түсіне қоймағанын аңғарған қарт баба:
– Шырағым, адам баласы Алланың бұйрығымен адал, таза, пәк күйінде дүние есігін ашады. Есейе келе өмір атты мектептің талай сынақтарынан өтеді. Сүрінеді, жығылады, бірде күледі, бірде жылайды. Сөйтіп жүріп баяғы бала күнгі пәктігін жоғалтады. Дүние деген опасызға жолығады. Қанша соңына түсіп қуса да, бұлаңдаған түлкі дүниенің жеткізбесіне әбден көзі жетіп, бойдан қайрат, баяғы күш-жігер кетіп қартайған соң, әу баста жоғалтқан сәбилік болмысына қайтып оралады. Мінекей, бізде қартайдық. Топ алдында сөз алып та көрдік, тұлпар мініп топ жарып та көрдік, өткел бермес дариядай буырқанып тасып, кемерінен асып та көрдік, бәрі өткінші жалған екен. Енді міне, осы айтылғанның ешқайcсысының бүгінде маған керегі жоқ. Тек қана баяғы күнәдан пәк, адал жүрегім керек. Өзімді-өзім іздеп жүрмін дегенім осы айналайын – деген екен.
Ақиық ақын Мұқағали атаң бір өлеңінде:
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Бұл өмірден хабарсыз жаңа туған, – дейді. Бұл айтылғандардың біле -білсең астарында терең мән-мағына жатыр.
Жәә... бұ тіршіліктің баянсыздығын айтып сәби жүрегіңді жаралап қайтем. Осы уақытқа дейін өз болмысына үңіліп, өзін танымаған, тануға да тырыспаған адамнан несін сұрайсың.
Гүлбақша демекші... Ол айтып отырған гүлбақшаның аты, ата-бабамыз ежелден ұстанып келе жатқан асыл дініміз – Ислам діні. Оны бізге жеткізген Алланың елшісі Мұхаммед Мұстафа (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын). Айтпақшы, жоғарыда сәбидің жылағанын көріп, мен де жыладым деп едім ғой. Мен оны осынау мүбарак жаннан үйрендім. Екі дүние сардары намазда тұрғанда сәбидің жылағанын естіп, намазын ертерек бітіретін еді. Сәбидің жылағанын көрсе, жүрегі елжіреп бірге жылайтын. Бақша тұрғындарының барлығы Алла елшісін жандарынан артық жақсы көреді. Өзекті өртеген сағыныштан, пайғамбардың аты аталса еріксіз екі көзден жас тамады. Оған сансыз салауаттар айтып, ертең қияметтің күні болғанда Оның шапағатына ие болып, жәннәт бақтарында Онымен мәңгі бірге болуды армандайды. Мен де, дәл осы сәттен бастап сол гүлбақшада өмір сүрсем деймін. Өйткені мен, «Алланың, пайғамбардың жолындамыз» - деген Абайдай данышпан туған елдің ұрпағымын. Осындай биік тұлғаларымыздың айтқан ұлағатты сөздері ойланған адамға көп нәрсені ұқтырса керек. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) басынан өткен мына бір жағдайды сәбиім саған баяндап берейін:
Өзіне пайғамбарлық жүктелгеннен кейін Алла елшісі байыз таппай, ешбір тыным көрмей, күн демей, түн демей адамдарды Хақ жолына шақыра бастайды. Өз жерлестерінің көпшілігінен теперіш көріп, ешбір жылулық таппаған соң, Меккеден шалғайдағы Тайыф қаласына күннің сүйек балқытар аптап ыстығына қарамастан сапарға аттанады. Тайыф тұрғындарын ізгілікке бастар жолға үндеп, Өзінің пайғамбар екендігін айтады. Сондағы жаныма қатты бататыны, Тайыф жұртының сүйіктімізге көрсеткен опасыздығы. Олар, жас-кәрісі бар қолдарына тас алып, пайғамбарымызды өз елдерінен қатігездікпен қуып шыққан еді. Сұлтанымыздың жан-жақтан бораған тастардан қорғанған күйі, мүбарак тәні қанға боялып бара жатқанын елестетсем еріксіз жанарым жасқа толады. Тайыфтықтарға бәлкім Пайғамбарымыздың мүбарак тәніне тиген қара тастар қарғыс айтқан болар, алайда екі дүние сардары, рахым пайғамбары олай істемеді. Тәнін жаралап, қызыл қанға бөктірген, өзін мазақ еткен Тайыфтықтар үшін, күні ертең сол елде дүние есігін ашатын өзіңдей сәбилер үшін мүбарак алақанын көкке жайып, Аллаға жалбарынып: «Хақ – Тағалам, осы мүшіріктердің ұрпақтары арасынан Өзіңнің бірлігіңді мойындап, тек Саған ғана құлшылық қылатын ұрпақ шығара гөр», - деп тілек тілеген еді.
Иә, бұл Оның сөзі. Әлемдерге рахым етіп жіберілген Мұхаммед Мұстафаның сөзі. Алла тағала Құран Кәрімде пайғамбарымыз жайында: «Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік» – дейді. («Әнбия» сүресі, 106-аят).
Сәбиім, сенің бейнең көз ұшында мен мұндалап, барған сайын алыстап барады. Алайда, сенің сәбилік болмысың енді менің жадымда мәңгіге қалатыны айқын. Сенің бір ғана күлкің менің өмірге деген құлшынысымды арттырды. Дәл осы сәтке дейін санамды тұмшалап келген қара бастың қамынан арылтып, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік міндетімді ұқтырды. Бар болғаны бір ғана күлкі. Бірақта, тұнығы лайланбаған, жалғандықтан ада шынайы күлкі. Сенің шынайы болмысың...»
Иә, сәби шынайылықтың символы. Сәби, күнәдан пәк күйінде дүние есігін ашады, бейне бір періште іспеттес. Мөп-мұлдір су түбінен жарқырап көрінген маржан тасындай сәбидің әрбір қылығы, оның жылағаны, күлгені, былдырлап сөйлегені, бәрі, бәрі де адам өмірінің өзегі болған, адамдағы барша сезімдердің жиынтығы болған сонооу жүректің түбінен бастау алады.
Ендеше, ей пенде, сенде, сәби күніңде жоғалтқан шынайы адами болмысыңа ұмтыл, Алланың разылығын көзде. Сонда сен де, тәтті күлкісімен басқаларды қуанышқа, шаттыққа бөлеген сәби сынды өз күлкіңмен адамдарға күлкі сыйлай аласың. Сенің жылағаныңды көріп, өзгелерде өз ғапылдықтары үшін жылайтын болады. Кім біліпті, егер сәбиге ертерек толықсыған сана бітіп, ол өзінің өмірге келуімен, айналасына өмір сыйлайтындығын білсе, күлкісімен адамдардың жүзіне күлкі үйіретіндігін білсе, алдағы өмірдің айлаға, қатігездікке, екіжүзділікке толы екендігін білсе, бәлкім, Жаратушыдан мәңгі сәби күйінде қалдыруын тілер ме еді?! Өйткені, осынау тұрлаусыз тіршіліктің арасында жүріп, адамдарға өмір сыйлау, жүздеріне күлкі үйіру, шер болып қатқан қайғы-мұңына ортақ болу біріншіден – адамдық борышың, екіншіден – бақыт, екі дүниенің де бақыты.
Біз бәріміз Алладанбыз, сондықтан да Алланың берген әрбір нығыметі бізге аманат. «Атымды адам қойған соң қайтіп надан болайын», – деп Абай атамыз қалай керемет айтқан. Бойына терең ұят ұялаған адамның сөзі бұл.
Байқасақ, Жаратушы Раббымыздың жаратқан әрбір жаратылысының астарында түсіне білген адам үшін үлкен хикметтер бар. Сексенге келіп селкілдеген қарияны көргенде өзіміздің де ертең қартаятынымызды ойлап, өлімді еске алу арқылы өміріміздің мәні кірсе, іңгәлаған сәби, біз үшін бәлкім Г.Г. Маркестің бейнелеген жалғыздығына алданыш, өмірге деген, шынайылыққа, пәктікке деген құштарлық шығар.
Шынымен-ақ, адам өз болмысына үңіліп, өзінің негізгі жаратылыс мақсатын айқындап, надандықтың қараңғылығынан адамдықтың жарығына қарай ұмтылмаса, оның төрт аяқты мақұлықтан айырмашылығы қане? «Баяғы адал, пәк жүрегім керек», – деп Әнет бабамыз айтқандай, өзін танымаған адам кімге қолғанат, кімге үлгі болмақ. Ертеңгі дүниеге келер сәбилердің, болашақ ұрпақтың болашағына қайтіп кепіл болмақ, руханиятын қалайша жетілдірмек?
Сөзімді Алла елшісінің (с.а.у.) мына бір сөзімен аяқтағым келіп отыр: «Шын мәнінде, Аллаһ тағала сендердің сыртқы дене - бітімдеріңе не түр- тұрпаттарыңа емес, жүректерің мен амалдарыңа қарайды» (Муслим, бирр, 33).