Қазақ Наурызды қай кезден тойлай бастады?
Қазақ Наурызды қай кезден тойлай бастады?
8 жыл бұрын 10880
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тариxшы
Наурыз мейрамының тарихынан бастасақ...

Қазақтың осы төл мерекесінің екі-үш мың жылдық тарихы бар деген пікірді білеміз. Мен Наурыз мейрамы Еуразия даласында екі-үш мың жыл емес, он екі-он үш мың жыл бұрын тойлана бастады деген пікірдемін. 

Біріншіден, шығысында Қытай қамалынан басталып Дунайға дейінгі жерді алып жатқан далалық алқап «һоmo sapiens», яғни саналы адам есебінде қалыптасқан орта. Оған себеп далалық алқап жылдың төрт мезгілі түгел континенталды табиғи ортада жатыр, бұл жерде адам табиғатпен партнер, бірде жеңіледі, бірде жеңеді. Бізден солтүстікке қарай жыл он екі ай адам жігерін құм қылатын қыстың суығы ұрып тұрады, бізден оңтүстікке қарай жыл он екі ай бойы адам жігерін езіп жіберетін ыстық аймақтар бар. Табиғатпен тепе-теңдікті ұстау үшін біздің ата-бабаларымыз оны жақсылап зерттеуге мәжбүр болғандығы аян. Наурыз деп біз алдымен күн мен түннің теңелген уақытын айтамыз, оны бар тіршілігі далада өтетін, еркін ойлы, ұшқыр қиялды сахара адамы аңғармағанда кім аңғарады ?!

Екіншіден, қазақтың әңгімелері Наурызды Нұқ пайғамбардың заманымен байланыстырады. Жер бетін топан су басқан оқиға оқырманның бәріне де белгілі. Нұқтың жанында Құдайға сенген сексен адам бар, үш ұл, үш келіні бар алты ай он күн су бетінде қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтапты дейді. Біреуі ата-анасынан, біреуі баласынан айрылған, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Нұқтың әңгімесін баяндай келе «Кемe Қазығұрттың басына тоқтаған күн қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебімен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні» дейді. Арабтың календары ай есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деп құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ Хамал қазіргі уақытта Тоқты аталады және мартқа сәйкеседі. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Хамалдан» шығады. Еуразия халықтарының көпшілігінде жаңа санат (григориан) календары кіргенге дейін жыл басы Наурыз болды. Қалай болғанда да Нұқ пайғамбардың кемесі тура Наурызда Қазығұртқа тоқтаған болып отыр. Осыдан кейін Топан су қай заманда болған деген сұрақ туындауы заңды, қазіргі кешенді ғылыми зерттеулер жер бетінде соңғы топан судың біздің жыл санауымызға дейінгі 12-13 мың жылдар бұрын болғанын айтады.

Үшіншіден қазіргі өркениеттің қарқынды дамуы сондай, біз өзімізді ата-бабаларымыздан ақылдырақ санайтын болдық, бұл адасқандық, адами негізден айрылып бара жатқандығымыз. Адамзаттың ең үлкен жаңалықтары көне тас ғасырында жасалған, біздің бабаларымыз миллион жыл бойы шошқа тағалап жүрген жоқ, тірішілікке керекті негізгі ұғымдарды қалыптастырды. Біз сол заманда қалыптасқан ұғымдармен, өзіміз соның маңызына бойламасақ та, әлі өмір сүріп келеміз. Наурыздың тарихын бергі заманнан іздеу адамзаттың көне тарихын, жасампаздығын мойындамаудың көрінісі.

"Наурыз" деген сөз қандай мағына береді?

Көп адамдар Наурыз сөзін парсы тілімен байланыстырады. Бұл біржақты пікір. Наурыз сөзі Еуразия халықтарының көпшілігінде бар, әсіресе үнді-иран, герман-латын тілдес халықтарда «новый», «нью», «нео», яғни жаңа деген мағынада қолданылады. Қазақта тұтас бір айдың аты және ай болғанда жылдың басы. Осыған қарағанда бұл сөз Еуразия халықтары жеке тілдерге жіктелмей тұрғанда пайда болған көне ұғым. Жоғарыда біз Нұқ пайғамбар заманы туралы сөз еттік, сол сөзіміздің бір дәлелі осы мысал. Мен наурыз сөзі қазаққа сырттан (парсыдан т.б.) келіп сіңіп кетті деген пікірлердің бәрі негізсіз деймін. Әлемде өзінің жерінен Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтады деп белгі көрсете алатын төрт халық қана: арабтар Жуды тауын, еврейлер Сион тауын, армяндар Арарат тауын, қазақтар Қазықұрт тауын көрсетеді. Енді осыншама тарихи мұраны сақтап келген қазақтың Наурызын өзіміз келіп өзгеге телиміз, дұрыс па? Жарайды, біз парсыдан алдық дейік, сіз солтүстіктегі чуваш халқының наурызды «ноурас-ойахе» дейтін себебін түсіндіріп бере аласыз ба, олардың парсыға қатысы шамалы емес пе?

Біз Наурызды Қазығұрт сияқты қасиетті жерлерден қарсы алып, содан бастап тойлауымыз керек.

Біздің ата-бабаларымыз күн мен түннің теңелген, яғни Наурыздың келген сәтін қалай анықтады?

Наурыздың басы деп революцияға дейінгі уақытта 9-наурызды айтатын, бұл ескі юлиан есебі бойынша. 1918 жылы Совет үкіметі еуропалық календарды қолдану жөнінде декрет қабылдап бұрыңғы есепке 13 күн қосты. Осылайша біз қазір Наурызды 22-наурыз күні тойлап жүрміз. Батыс өлкенің қазақтары совет календар ревормасын мойындамай әлі де 14-нен бастап Наурызды тойлап жүр. Ертеде қазақ арасында ай мен жұлдыздың қозғалысын бақылап отыратын есепшілер болған, олар сәл өзгеріс болса елге хабарлап отырар еді. Себебі аспан денелері де мәңгілік қозғалыстағы тірі дүниелер, алашақ, берешектері болады. Осыған қарағанда дәл тепе-теңдікті шығару қазір астрономдардың міндеті, ондаған-жүздеген жылдарда олардың орын өзгертіп отыратыны сөзсіз.
Қазақ халқы ертеде Сырдың бойын қыстап, Сарыарқаны жайлап жүргенде Мәуреннахрға бір табан жақын болған. Сол себепті қазақтың Наурызды тойлайтын дәстүрінде Мәуреннахр өлкесімен ортақтық көп, Наурыздың келген сәтін анықтайтын астрономиялық есепті де қазақ «Бұхар есебі» дейді. Біз Наурыз мерекесін Батыс Қазақстанда қалыптасқан 14 наурыздан «Көрісуден» бастап тойлағанымыз жөн. «Көрісу» 22-наурызға дейін созылады. Бүкіл халық болып Күн мен Түннің теңелген сәтін тосып, бір-бірімізді құттықтап, мемлекет астанасында, ірі қалаларда от шашу жасап, осыдан кейін Наурыздың тойына кіріскеніміз дұрыс. Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері бастап алдын-ала Наурызбен құттықтау шараларын ұйымдастырып жатқсак қандай тамаша ?! Бізде әлі күнге дұрыс құттықтау открыткалары да жоқ. Наурыз мейрамын күннің жылыған уақытына ауыстырамыз деген ешқандай не ғылыми, не адами қисынға жатпайды, халықтың дәстүрін, ғылымды сыйлаған адамдардың айтатын сөзі емес.

Наурыз мейрамы неше күн тойланады?

Шежіре деректері Наурыз мейрамы сегіз күн қатарынан тойланады дейді. Қазақтың қариялары «орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той-мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған» дейді екен. Болса болар дейміз, себебі қазақ бір жағынан кең халық, екінші жағынан қонақжай. Қазақ шежіресі «наурыздаманы қай жерде асқан атақты бай болса, сол бай қылады екен» дейді. Біздің қазіргі байлар кіріссе Наурыз мейрамы да жайнап кетер еді. Үкімет және қоғамдық ұйымдар, әсіресе жастар белсене кірісіп Наурызды қайырымдылық және мейірімділік мерекесі қылып өткізген жөн. 

Қазақ хандығы дәуірінде Наурыздың бірінші күні ханның өзі бастап орда қалың елдің ортасына шығады. М.Ж.Көпейұлы қолжазбасында Наурыз тойы ханның сарайының алдында басталады дейді. Есепшілер Наурыз кірді, күн мен түн теңелді деген соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!»- деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!»- деп”. “Жандыда күн мен түннің теңелгенін балық біледі» деп хан өзі бас болып бір керсен суға балық жіберіп, оның бір аунап түскенін қарап отырады дейді. 

Қазақтың басты азаматтары да ертеде Наурызды сегіз күн бойы тойлайтынына мына бір дерек куә: «Би Едіге - Айдабол Пәлі Төлебайдың баласы. Едіге би Баянауланың бауырынан жүз кісі болып, атқа мінді дейді: «Қызылтауда Сәти тасында отырған Мырзағұл баласы Сәти мырзаға барып, наурызды қылдырамын!» - деп. Барса, Тәти мырза үйде жоқ екен. Қарсонар болған соң, бүркіт алып, шығып кеткен екен. Баяу деген бәйбішесі бар екен, «бес берекенің біріне» қосылған бәйбіше екен:

- Мырзаңыз ас-суды алып кеткен жоқ. «Зәуіде келе қалса, мені жоқтатпа!»- деп тапсырып кетті! - деп, «ас та төк, шаш та төк» қылыпты.

– Сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз, әдейін наурыздама қылдыра келдіңіз! Ұдайымен сегіз күн қылмаған соң, мұның қылуға не сәндігі бар?! - деп, сегіз күн күтіп, сыйлап, бір күнінен бір күнін асыра беріпті”.

Наурыз аяқталатын күні хауызға қантты аямай төгіп, жұрт жабыла қант татыған сиропты ішіп «той тарқар» өткізеді. Ертеде Түркістанда хан ордасының жанында үлкен тоған, одан шығарылған бірнеше арық, олардың бойында хауыздар болған. Жазға қарай хан ордасы Әзіреті Сұлтанға таяу Кәріз деген жерде Бақ Жаһан деген тоғайдың ішінде кигіз үй тігіп тұтас көшіп барады. Кәріз деген жер астынан судың ағысын реттеп отыратын құдықтар жүйесі. Үлкен апан құдықтар қырық күн шіледенің ыстығында елдің жан сақтайтын, демалатын бір көркем жері. Наурыз бұл Кәрізге де келіп өзінің жалғасын тауып жатады.

"Той басы» мен «той тарқар» аралығында толып жатқан той-домалақ өз кезегімен өтіп жатады. Оның ішінде балуан күресі, аламан бәйге, жорға жарысы, көкпар т.б. бар, оның бәрін бір әңгімеде түгендеудің өзі қиын.

Наурыз тойындағы «Көрісу» рәсімі

Көрісу қазақтың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі. Совет заманында әбден ұмытылып барып, жаңа жанданып жатыр. Қазаққа қыс мезгілі қашанда ауыр болған, тіпті ертеде түгелге жуық Сырдың бойынан бастап Жиделі Байсынға дейінгі аймақта қыстап отырғанда да қиналса керек. Себебі қыс қытымыр болып жатса мал ашығады, кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып жұт басталып кетеді. Көтерем мал қырыла бастайды. Мал ашуы –жан ашуы, қыс-қамытта бір жерден екінші жерге көшіп, не малын алысқа айдап, жайылымға бола дауласып бір-бірімен араздасып елдің есі шығады. Оның үстіне малдың пайдасына бола қазақ шаруашылықтары бір-бірінен қыс кезінде алыстау отырады, себебі қыста та жайылым керек, ол уақытта қазақ шөп-азық дайынадамайды дегендей. Осындай қиындықтардан шыққаннан кейін Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда кім қарсы алады? Наурызға қазақ қуанбағанда кім қуанады?

Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтып көріседі.

 

Наурыздың дастарханы туралы

Қазіргі күні Наурыз күні көже дайындауды халық үйренген сияқты, бірақ Наурыздың тағамын әлі түгендеп бола алмай жатырмыз. Ертеде берекелі бәйбішелер Наурызға дайындықты бір жыл бұрын бастайды. Ең алдымен Наурыздың басты тағамы жент дайындалады. Қыс бойы тас қайрақтай қатып тұрған қарын-қарын жентті бәйбішелер «Самарқанның көк тасы жібіген күні біздің жент те балқып, босады» деп дастарханға алып шығады. Сары май, қазы-қарта Наурыз дастарханының басты белгілері. 

Наурыз мейрамының дастарханын байлар көтереді, олар семіртіп мүйізі шаңырақтай нән өгіз сояды. Осы Наурызға өгіз союдың өзі көне дәстүр, яғни бұл мейрам жылқыны қолға үйретпей тұрған уақытта қалыптасқан дегенді білдіреді. Жылқыны Еуразия даласында біздің жыл санауымыздан 4 мың жыл бұрын үйретті десек, сиыр малын қолға үйрету одан да ертерек заманның жемісі. Шумерлер біздің жерімізден Месопотамияға қарай (Екі өзен арасы) өгізді арбаларға жегіп аттанған болса керек. Қазақты соңғы кезге дейін сақталған бұқа культі де сол заманның бір мұрасы.

Жалпы жағдайы келсін-келмесін әр қазақ Наурыз мейрамында қазан көтереді. Көрші-қолаңды шақырады, жолаушы жүрген халыққа таратады. Әр қазанда бас болуы шарт, сол себепті тым кедей деген адамның өзі қыста сойылған қойдың басы болса, алып қалып Наурыз көже пісіретін қазанға салады. Қазіргі уақытта қой сойса, оның басын шек-қарнымен қоса лақтырып жіберу орын алып отыр. Наурыз мейрамы басты қадірлеудан басталады және сол арқылы біз қазақ құндылықтарына қайтып келеміз.

Наурыз бата

Қазақ «батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» дейді. Қазақта батагөй ақсақалдар ертеде көп болған, қазірде де бар. Наурыз мейрамында тілі орамды, шешен, елге сыйлы ақсақалдар халықтың ортасында арнайы бата береді. Осы батаны «Наурыз батасы» деп атайды. Елдің бәрі шын ниетпен тыңдағаннан кейін, көңілдері босағаннан кейін, бәрі бірдей «әмин» деп жылап отырған себепті сол ақсақалдардың айтқаны келіп, елдің басы өсіп, малы көбейіп, берекесі тасады. Бұл жерде ең бастысы елдің шын ниеті. Бұл күндері де бата беретін адам табылады ғой, тек елдің іші таза, ниеті дұрыс болуы керек. Әрине бата беретін адам да дуалы ауыз, сөзі мен ісі бір болғаны жөн, әйтпесе судыратып сайрап берген дүниенің бәрі бата емес қой.

 

Наурызға қатысты айтылмай жүрген бір дәстүр бар. Мәшһүр Жүсіп «Ол күні қожаларға оқытатын, наурызға арналған кітап болады» дейді. Наурыз мейрамы басталғанда ғалымдардың дәрісін тыңдау керек, әр жерде ғалымдармен кездесулерді ұйымдастыру керек. Егер біз Наурыз мейрамын қайта жаңғыртамыз десек осы күні той тойлап, ән-күйді қызықтаумен қатар ғылым адамдарына да ерекше бір құрмет жасалғаны жөн. Пайғамбарымыз айтқан ғой «отыз күн оразаның сауабынан бір күн ғылыммен айналысқанның сауабы көп» деп... Қазақтың байлары осы күні ғалымдарға арнайы сый беріп жатса оған мерей, байға сауап, елге мереке емес пе?!

«Ұлыстың ұлы күні» деген сөздің мағынасы туралы

Наурыз мейрамын қазақ «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды. Түрік-моңғол тілдес елдер ұлыс деп мемлекетті айтады. Бұл ғажап ұғым, бұл кішкене ғана сөз тіркесі Наурыз мемлекеттің ең басты мейрамы дегенді білдіреді. Қазақ халқының осындай керемет сөздерді сақтап қалғанына таң қаламын. «Ұлыстың ұлы күні» деген сөз қазақтың бұрын мемлекеті болмаған т.б. деп былшылдап жүргендердің бәрінің аузына құм құятын тарихи дерек емес пе?! 

Наурыз мейрамы - Қазақстанды мекендеген сан түрлі этностардың басын қосатын нағыз халықтық мейрам. Тек қазақ емес, өзге де халықтардың арғы тарихында Наруыз болған. Соны біз ғалымдар жазуымыз, зерттеуіміз керек. Мәдениет саласындағы азаматтар бүгінгі күні Наурыз тойына жоғарыда айтылған әдет-ғұрыптарды кіріктіруі керек, яғни бәріміз қосылып Наруызды шын мәнінде жалпы халықтық мейрам есебінде жаңғыртуымыз керек. Соңғы кезде Қазақстандық сәйкестікті қалай қалыптастырамыз деген сияқты сұрақтар көтеріліп жүр. Мен айтар едім Наурыз сол мемлекеттік сәйкестікті (идентичность) қалыптастыратын ең мықты тетіктердің бірі деп.

Наурызды қазақ баласы өмір бақи тойлап келеген, оның тарихы оны мың жылдан асатынан жоғарыда айттым. Әрине, қазақ баласы Сырдың бойында қыстап жүрген заманда, Түркістанда Әз Тәуке сияқты хандары отырғанда Наурыз тойы ерекше болған. Кейін хандықты жоғалтып Ресейдің боданы болғанда да Наурызды тойлай бердік, бірақ мемлекеттік мейрамды мемлекеті жоқ халық өз дәрежесінде қалай тойлайды? Біртіндеп наурыздың мәртебесі түсе берді. Совет үкіметінің қазаққа жасаған қастандықтарының бірі ХХ ғасырдың 20 жылдары Қазақ автономия алғаннан кейін мәртебесі қайта жаңғыра бастаған мейрамды ескіліктің қалдығы деп тиып тастады. Шындығында Совет үкіметі Наурыздың тәуелсіз елдің мейрамы, яғни «Ұлыстың ұлы күні» екенін өзіне сенімді ғалымдар арқылы біліп, анықтап барып шешім қабылдады.

СССР-де большевиктік темір тәртіп босаңсып, жариялылық, қайта құру кіргеннен кейін қазақ елі 1988 жылы бұл мейрамды қайта жаңғыртты.

Наурыз дәстүрлері

Наурыздың қазақтың дәстүр-салтын есіне түсіретін этнографиялық тойына айналып кеткені де рас. Әркім өзінің есінде қалғанын, білгенін істеп жүр. Біреулер келіп түсіру ырымын жасайды, біреулер баланың тұсау кесерін өткізеді деген сияқты. Наурыз жаңа жылдың басы, бірнеше мың жылдық тарихы бар қасиетті мейрам есебінде тойланбай келеді. Менің ойымша Наурыз біздің ұлттық жаңғыруымыздың, ұлт құндылықтарына көзқарасымыздың, ұлтжандылығымыздың көрсеткіші. Мен бұл жерде бір адамды, немесе халықты кіналайын деп отырған жоқпын. Шамасы Ресей отаршылдығы, Совет үкіметінің қырып-жою саясаты қазақтың рухын, өзіндік санасын осындай ауыр деңгейге жеткізген. Ұлттық жаңғыру ауыр жүріп жатыр. Қазақ этнографиясын білетін ғалымдарды үкіметтің пайдалануы да кем болып тұр. Нағыз ғалымдар отыратын жерді «атаңнан мал қалмасын, тал қалсын» деп өтірік мақал ойлап тапқыш қулар билеп алған. Қазақ бірінен бірі амандық сұрағанда «мал-жаның аман ба?» дейтін халық. Атадан қалған малдан «жоқ, маған тал керек» деп безген қазақтың моласын көргем жоқ. 

Осы уақ мысал өз тарихымызды, өз этнографиямызды білмейтінімізді көрсетеді. Сонда да Наурыздың енді ұмытылмайтынына сенемін. Наурыз түбінде Қазақстанның ең басты мейрамына айналатыны сөзсіз. 

Егер қазақтың байырғы дәстүрлеріне келсек Мәшһүр Жүсіп шежіресінде қызықты деректер бар екенін айтқан жөн. «Наурыздың келген сәтін жандыда балық біледі» дейді шежіреші: «Наурызнама той қылатын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!»- деп. 

Қазақтың «Наурыздың келгенін жандыда балық біледі, жансызда Самарқанның көк тасы біледі» деген сөзінің шешімі осы. «Самарқанның көк тасы» Мәуреннахр өлкесінде хан тағына иелік жасаймын деген патшаларды ақ кигізбен көтергеннен кейін, әдейілеп алып келіп отырғызатын қасиетті тас. Қазақтың хандарының ішінен бұл тасқа Тәуекел отырған. Наурыз туғанда хандар мен сұлтандар тұтқындарға кешірім жасайды, зынданда отрығандарды босатады, құлдар азаттық алады, сол себепті «Самарқанның көк тасы жібіді» делінеді.

Біз бүгінгі күні Наурыз мейрамының бұрыңғы салтын қайта жаңғырта алмай жүрміз ғой, кезінде Түркістандағы алтын тақта отырған қазақтың хандары қолданған -керсен толы суға балық жіберу, наурыз тұсында ұсақ қылмыс жасаған адамдарға кешірім жасау т.б. дәстүрлерді неге пайдаланбасқа ?!

Түркістанда сарт ағайындар Наурыз тойында қарнайларын тартып, даңғыраларын ұрып қаланы азан-қазан қылады. Сарт қазақтың отырықшы қоңсысы, саудасын, өнеркәсібін жүргізетін субэтникалық топ. Сарттың ішінде көшке ере алмай отырықшы тұрмысқа көшкен қазақ көп, қазақтың ішінде саудамен келіп кейін қаласына қайта алмай қалған сарт көп. Ертеде Әзіреті Сұлтан мешіті ішіндегі құжыраларды мекен қылған қаптаған дуаналар әлем-жәлем киініп, аса таяқтарын салдыратып тойдың қызығына олар да қосылады. Нағыз карнавал деуге келеді. Қызық думан кезінде жастар қазақтың мүшел деген он екі жылдық есебіне сәйкес кеб киіп шығады. «Кеб» қазіргі маска деп жүргеніміз, яғни бет-жүзін жасырып киіп алатын жасанды түр. Қозы көрпештің Баян сұлу ауылына келгенде Тазшаның кебін киетінін есіңізге алыңыз. «Маска-шоудың» орнына бәріміз он екі мүшелдің бейнесінен костюм жасап, кеб киіп «Наурыз -шоу» неге өткізбеске ?! Наурыз келгенде он екі жылға ие болған жануардың біреуі таққа мінеді, біреуі тақтан түседі, өзгелері де орнынан бір-бір саты жылжиды. Наурыз тойында шығырды алып келіп алаңның ортасына орнатып он екі жылға ие боған жануарлардың кеб-маскасын киген адамдардың бәрін сол шығырға отырғызады. Осының бәрі үлкен карнавалға айналады. Әрине, той мереке өзінен өзі басталып, әнші –күйшілер ортаға шығып жаз бен қыстың айтыстарын жасайды, бишілер тойды қыздырырып жатады.

Наурызда арнайы наурызнама жасап құрбы-құрдас, бастас-сыйлас азаматтар бір-бірінің ауылына барады. Наруызнама жасап арнайы келген адамға деген құрмет шексіз болады. Дәулеті жеткендері «тоғыз» деп тоғыз мал байлайды, орта шаруалар ат мінгізіп, шапан кигізіп жатады. Әйтеуір наурызнама жасап келген адам құр қол қайтпау керек, тіпті бір көйлектік деп мата береді.

Қазақ қызықшыл халық. Наурыз мейрамы күндері қызды-қыздымен, жігіт-желеңнің ұйымдастыруымен қайынғасы мен келіні, құдасы мен құдағиы, жеңгесі мен қайыны т.б. көрісіп жатады. Даланың бала сияқты аңғалақ халқы әр әдемі қимыл, әр маңызды сөзге бола той-мереке жасайды. Осыны бәрі елді көңілдендіріп, бәрі де мәз-мейрам, қыстың ызғары той мерекемен естен шығады, қыстың шығыны, қиындығы ұмытылады. Наурыз мейрамы да осы үшін керек.
Қазіргі күні Наурыз мейрамы заманға бейімделуі керек-ақ. Ол үшін ол жастарға ұнамды болуы керек, яғни жастар іліп алып кететіндей дүниелерді ұсынуымыз керек.

0 пікір