Асыл сөз өнеріне қойылған ғибраттық талғам мен талап шарттары Әбу Насыр Әл-Фарабидің трактатынан бастап Махмұт Қашқаридің «Түрік тілдерінің жинағы» т.б. әдеби жәдігерлерде қалыптасты. Бұл дәстүр ХV-XVII ғасырлардағы жыраулар поэзиясында дамытылып, XVIII ғасырдағы би-шешендер, жыраулар мен ақындар поэзиясында ғибраттық терең толғауларға ұласты. XIX ғасырдағы қазақ асыл сөзіне Абай «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген жауапкершілік қойды.
Қазақ даласы о баста Әл-Фараби ғұламаның дәстүрін жалғастырғаны қазір дәлелденген қағида. Қазақтың асыл сөз мұрасы орта ғасырлық әдеби жәдігерлер, толғаулар мен тарихи жырларда бейнеленгендей – ғибратты мағынаны ғана алға қойған. Әдебиеттің басты мақсаты – А.Байтұрсынұлы айтқандай, «адамның жан қоштау керегінен шыққан нәрселер». Себебі, «сөз өнері адам санасының үш негізіне тірелді: 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге».
Кеңес кезінде асыл сөздің «адамның жан қоштау керегінен» қажет екенін айтуға тыйым салынды. Тек тәуелсіздік кезінде қайта оралған Алаш абайтануы Абай шығармаларының ғибратты мағынасын үлгі ретінде асыл сөздің басты мақсаты етіп, ата-баба дәстүрін қайта жаңғыртты.
Неге А.Байтұрсынұлы Абайды қазақтың бас ақыны дейді? Себебі «Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады». Сондықтан оның «Сөзі аз, мағынасы көп, терең».
А.Байтұрсынұлы «Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы боларға керек. Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек. Ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылық керек. Мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған», – дейді.
А.Байтұрсынұлы Абайдың сыншы, сөз тексергіш екенін дәлелдеу үшін «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» (1887) атты мәтінді талдаған. Әдебиетшінің бұл өлеңді таңдауы да тегін емес. Басты мағыналы дискурс келесі тармақтарда екені аңғарылған:
Әуелі аят, хадис – сөздің басы,
Қосарлы бәйітсымал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы?
А.Байтұрсынұлы «Тілек батам» деген өлеңінде бұл ойды дамыта түседі:
Я, Құдайым аққа жақ,
Өзіңе аян: мен нақақ.
Аққа деген жолымның
Абыройын ашпай, жап.
Аят пенен хадисте
Адал ниет, ақ іске
Жаңылмасам, жоқ еді
Жаза тартсын деген бап.
Адасқанын Алаштың
Түзу жолға түсір, Хақ!
Сондықтан да А.Байтұрсынұлы Абай туралы былай деген: «Хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді терең қалыбында жазған». Себебі, «Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әр түрлі Европа білім иелерінің кітаптарын оқыған». А.Байтұрсынұлы Ә.Бөкейханға сілтеме келтіріп, ол кітаптарды осы ретте атап өтеді. Бұлар: Спенсер, Льюис, Дрепер. А.Байтұрсынұлы Абайдың Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Достоевский, Белинский, Добролюбов, Писарев еңбектерімен таныс болғанын да осы ретте айғақтап береді.
А.Байтұрсынұлы Абай өлеңдерінің тағы бір қайталанбас сырын түсіндіреді: «Абайдың терең пікірлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады. Абайдың өлеңдерін мың қайтара оқып, жаттап алып жүрген адамдардың да Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасын түсініп жетпей жүргендерін байқағаным бар. Тіпті осының мағынасы не деп сұрағандары да бар. Сол өлеңді алып қарасақ, айтылған пікірде, ол пікірді сөзбен келістіріп айтуында еш кемшілік жоқ. Түсіне алмаса, ол кемшілік оқушыда». Осы ретте А.Байтұрсынұлы ақынның келесі өлеңін талдаған:
Көк тұман алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат та, сурет те жоқ, көзім талған.
Ол күндер өткен күнмен бәрі бір бәс,
Келер, кетер, артына із қалдырмас.
Соның бірі – арнаулы таусыншық, күн,
Арғысын бір-ақ Алла біледі рас.
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе, өлсін, оған бекі!
Шырақтар, ынталарың «менікінде»,
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Ғәділеттік, арлылық, махаббат пен –
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.
Адам ғапыл дүниені дер «менікі»,
«Менікі» деп жүргеннің бәрі оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Соны ойлашы, болады не сенікі?
Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.
Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек:
Көп ит жеңіп, көк итті күнде жемек.
Ғаділет пен мархамат – көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек.
Әркімнің мақсұты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін-дағы тереңінде.
Абай шығармаларындағы басты концептік ғибратты мағынаны – мұсылмандықты осылай алға қойған А.Байтұрсынұлы өз ғылыми мұрасы мен поэзиясында да Абай көрсеткен бағытты жалғастырған. Тәуелсіздікке дейін бұл мәтін біржақты ғана талданып келген. Кеңес кезінде абайтанушы Қайым Мұхамедхан ғана бұл өлеңді А.Байтұрсыновша түсіндірген. Ә.Бөкейханға арналған «Достыма хат» (1918) өлеңінде А.Байтұрсынұлы діннен безген замандастарын былай деп суреттеген:
Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай!
Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына іңкәрің-ай!
Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр?
Кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр?
Сасық ми, салқын жүрек санасыздар
Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр.
Ақшаға абыройын, арын сатып,
Азған жұрт, адамшылық қалмай сыны.
Жаны ашып, жақыны үшін қайғырар ма,
Жаны мал, жақыны мал, малдың құлы?
Ғылыми еңбектерін «Бисмилләһир Рахманир Рахиим» деп бастаған А.Байтұрсынұлы Абайдың имандылық ғибратын үлгі етіп, өз заманын осы тұрғыдан ақын ретінде сынап өткен.
А.Байтұрсынұлы өз жеке өмірінде де мұсылмандықты қатал ұстанған тұлға. А.Байтұрсынұлының жары Бадрисафаның шын аты – Александра. Оның Бадрисафа аталуына онымен некелескенде ғалымның жарына мұсылманша есім таңдауы себеп болған.
Ілияс Байтұрсын «Алтын бесік» (1998) атты кітабында Бадрисафаны Ахметтің туыстары «ақ келін» деп атағанын еске түсіріп, бұл атауға оның ашық мінезі толық сәйкес келгеніне тоқталады: «Ведь Бадрун» в переводе с арабского означает «полная луна», «сафа» – «кристально чиста», – деп жазады. «Аманқарағай қорықшысының қызы Александра Ивановна Ахметтің қалауымен Бадрисафа атанып, мұсылман дінін қабылдайды. Қостанайда некесін қиғызып, Зейнолла имамның қарауында екі ай мұсылман мектебінен өтеді». Кеңес кезінде қандай қиыншылықты бастан кешсе де, Бадрисафа өмірінің соңына дейін мұсылманша киініп, намазын үзбей өткен жан болғаны туралы дерек осы ретте келтірілген.
А.Байтұрсынұлы «Жазған сөз жаным ашып Алашыма» атты өлеңінде Құрандағы басты түсініктерді кеңестік кездің атеистік басымдығына қарамай батыл қолданған.
Жазған сөз жаным ашып Алашыма;
Алаштың адасқан аз баласына.
Қаннан қан еткен інім, бауыр жұртым!
Қараған «Қара таудың» қаласына:
Іші лас, сырты таза залымдардың
Алданып құр сыртының тазасына.
Мәз болып байғазы алған балаларша
Сатылып жылтыраған танасына.
Әбілдің зияратын аттап өтіп,
Қабылдың бата қылма моласына.
Қорыққанға қос көрініп, қойдай үркіп,
Тығылып дажалдың итханасына.
Ес кетіп, сабыр қалмай сасқалақтап,
Қорыққаннан көзің сыймай шарасына.
Ұмытып Құдайды да, Құранды да,
Бас ұрма Лат, Манат ағашына.
Бұл өлеңде де бұдан бұрынғы қолданған Құдай, Құран, Хақ Тағала, Алла сөздерінің ғибраттық мағынасына ерекше концептік мән берілген. А.Байтұрсынұлы «Маса» өлеңдер жинағында келесі сөздерге өз түсініктемесін берген: аят, хадис, мүбтала, шариғат, ғұсыл, ишарат, дұға, хикмет, рух, Лаухул-Махфуз, жәннәт, ғамал, ұлық, хәкім, Лат-Манат, Ғұзза, Ләфуз, машрик, пақыр, фаһам, қисса, мәжнүн, миһнат, аслан, ғибрат.
«Н.Қ. ханымға» өлеңінде А.Байтұрсынұлы Абайдың жоғарыда келтірілген «мен» мен «менікі» туралы пәлсапалық ойын дамыта түседі.
Рақатсыз өтсе де өмір жасым,
Бұл жөнімнен Құдайым айырмасын.
Ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң.
Жарым жолдан қайтпаспын, қарындасым!
Мен өлсем де өлемін жөнімменен
Тәннен басқа немді алар өлім менен?
Өлген күні апарып тығары – көр,
Мен жоқ болман көміліп тәнімменен.
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін.
Бұл өлеңде өздерін ел тәуелсіздігі үшін құрбандыққа қиған Алаш ерлерінің ұстанымы нақышталған.
Кеңес кезінде Абайды ескішіл, діншіл деп жоққа шығарған белсенділерге Алаш абайтануы ғылыми негізделген тойтарыс берді.
Осы ғылыми концепциялары үшін олар қуғын-сүргінге түсіп, соңында жазықсыз репрессияға ұшырады. Абайдың көркемдік әлемін тұңғыш рет зерттеген авторлардың бірі Жүсіпбек Аймауытұлы не бары 41 жасында ату жазасына ұшырады.
ХХ ғасыр басындағы Алаш абайтануындағы ерекше пікір Мағжан Жұмабайұлының «Алтын хакім Абайға» (1912) атты арнау өлеңінде берілген. Ақын өз заманының абайтанулық мәселелерін өлеңмен былай деп айқындап берген: «Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес, / Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес. / Қарадан хакім болған сендей жанның, / Әлемнің құлағынан әні кетпес!».
Әдебиеттанушы, ақын Мағжан Жұмабайұлының «Шын хакім» сөзін дәлелдеу үшін бүгін қаншама диссертациялар жазылуда! Сөзді нақты, орынды қолдана білген М.Жұмабайұлы өлеңінің осы бір тармағымен Абайтануға зор үлес қосып кетті.
Олай болса, әр сөзінен ұлттың рухы мен намысы өрлеп тұрған Алаш абайтануы – тәуелсіз әдебиеттанудың басты ұстанымы болып табылады.
Абай туралы орыс тіліндегі зерттеулердің авторлары – Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатов та ақын сөздерін кеңестік шеңберден тыс, жалпы адамзаттық контексте қарастырғандары үшін кінәлі болды. Екеуі де саяси көзқарастары үшін ату жазасына кесілді.
Абайды қазақтың «басты ақыны» деп атау арқылы А.Байтұрсынұлы қазақ әдебиетіндегі ұлттың ғибратты асыл сөз жүйесінің дәстүрлі темірқазығын осылай айқындап берді. Сондықтан да Алаш ғалымдары Абайды қорғауды өздеріне басты ғылыми, азаматтық парыз деп санаған.
Алла мен пайғамбар сөзін қазақ тілінде асыл сөзбен уағыздаған Абай мұрасын кеңес кезінде қолдану шектеліп, тыйым салынды. Кеңестік кезеңде Аллашыл ақындар керек болмады. Абайды соцреалистік тұрғыда танытуға ғана рұқсат етілді.
Тек тәуелсіздік кезінде ғана Алаш ғалымдарының Абай неліктен қазақтың басты ақыны деген ғылыми зерттеулері әдебиеттану ғылымына қайта оралды. Енді ғана қазақ әдебиеті өзінің имандылық жолына қайта оралып, осыны түсіндірген Алаш абайтануымен қайта қауышуда. Олай болса, Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», А.Байтұрсынұлының «Абай – қазақтың басты ақыны» деген қағидалары тұрғысынан қазіргі қазақ әдебиетінің де өз алдына нақты шарттар қоятын кезі жетті.