Пендеде іс бар жалығу деген...
Пендеде іс бар жалығу деген...
8 жыл бұрын 6891
Меруерт Бақдәулетқызы, Семей қаласы

 "Пендеде іс бар жалығу деген"... Хакім Абай осы мәселені тереңінен түсіндіріп, тарқатып берген. Жиырмасыншы қара сөзінде ары қарай: "...Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңілі, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің  ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі  бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние бір қалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бір қалыпты тұрмайды.  Әрбір мақұлыққа Құдай Тағала бір қалыпты тұрақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бір қалыпты тұра алады?". Ақиқатында, пендеде бір іс бар жалығу деген, адам баласы таусылмас тіршіліктің барлық қызығынан да, қиындығынан да, құндылығынан да жаны жалығады. Мәселен, бір дәмді тамақ ішкісі келіп, аңсары ауса, одан дәм татып, тойынғаннан кейін, бір әдемі киімді алғысы келіп, қолы жетіп алғаннан соң жаны жалығады. Тіпті қолы жетпей жүрген бір жетістікке қолы жеткеннен соң да, биік шыңдарды бағындырса да рухы байыз таппай бәрібір жалығады. Себебі, пенденің болмысында жалығу деген бір іс бар. Өйткені, бұл айтылмыш құндылықтардың баршасы да мына пәни дүниенің топырақ тектес тұрлаусыз қызықтары, көңілді бір сәт алдарқатқан сағымдары іспетті болғандықтан рухыңа мәңгілік рақат пен тыныштықты сыйлай алмайды. Адам баласы осы айтылғандардың, тіпті өзі армандарының бәріне қолы жеткенімен де қауқарсыз, көңілі толқымалы, жаны-жүдеу тартады, себебі, бұлар адам рухының нәрін, қорегін  бере алмайды.

     Адамның рухы мәңгілікті іздейді, Ұлы Хақты тануға, рухани жақындауға, құлшылық жасауға құштарлық оны пәнилік дүниенің барлық жылтырақтарынан жалықтырып, алшақтатады. Өйткені, әлмисақта біздің рухымыз Ұлы Жаратушыға бойұсынып, уәде бергендіктен, Хақты шынайы танығандықтан әуелгі уәде сөзін жүрегінің түбінде жасырын сақтаған. Алланы тануды аңсаған жүрек үшін оны еске алып, ғибадат етуден артық бақытты сәт жоқ.  Сондай ізгі пенделері туралы: «Олар қашан Алла зікір етілсе, жүректері дүпілдейді. Өздеріне келген ауыршылыққа шыдап, намазды орындай отырып, берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды» - дейді (Хаж, 35). Ал Жаратушысын танымайтын құлдары жайында былайша ескерту жасайды: «Міне, бұлар сондай Алла, олардың жүректерін, құлақтарын және көздерін бітеп қойған. Тағы олар мүлде қаперсіз» (Нахыл, 108). Алла Елшісі (с.а.у.) былай деді: "Алланы еске алудан тыс, орынсыз көп сөйлемеңдер. Өйткені, Алланы еске алудан басқа бос сөздер жүректі қарайтады. Адамдардың ішіндегі Алладан ұзақ болатындар тac жүрек адамдар" (Тирмизи, Зүһд 62).  Хазіреті Омар (р.а.) болса: "Кімде-кім көп сөйлер болса, көп қателеседі. Көп қателесу күнәнің көбеюіне себеп болады. Ал күнәһар адамның барар жері тозақ қана", - деген.   

   Біз дүниемен соғұрлым тығыз қарым-қатынаста болған сайын жүректегі иман сәулесі күңгірттеніп, солғындана бастайтыны анық. Ал Алла Тағаланы еске алып, ғибадатымызды арттырып, Хақты ұлықтап, мадақтаған сайын  жүрегімізде иләһи нұр күшейе түседі. Аталған сипат біздің жүзімізден де көрініс тауып жатады. Сондықтан жүрегіміздегі иләһи нұрдың кемелденуіне де, ықыласымыздың төмендеуі де, біздің аузымыздан шыққан сөзіміз бен іс-әрекетімізге әрі құлшылығымызға  байланысты. Осы орайда Фудейл бин Иад осы мәселені төмендегіше айшықтаған: "Бес нәрсе бетпақтықтың белгісін білдіреді: жүректің қатаюы, көзден жас шықпау, ұяттың аздығы, дүниеге ынтық болу, шексіз қиялдану". Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Сендердің ауруларың мен емдеріңді айтайын ба?" - деді. Сахабалар: "Иә", - десті. Сонда Әз Елші Мұхаммед (с.а.у.): "Мұқият болыңдар! Сендердің ауруларың күнә істеуден болады. Ал, жазылатын емдерің Ұлы Жаратушыдан кешірім сұрап, жалбарынуларың" - деді. Хазіреті Сафия (р.а.) анамыз былай дейді: Бір әйел Айшаға келіп жүрегінің қатайғандығын айтып шағымданды. Айша оған: "Өлімді көп ойласаң, жүрегің жұмсарады" деп өсиет айтты. Әлгі әйел оның айтқанын орындап жүрегінің қатайған күйден арылғандығын айтады. Расында, Раббысымен рухани, нәзік байланысын күшейтпеген, амалын арттырып, тірлігін түземеген адамға тірліктің материалдық бағыттары көңілге түбегейлі қуаныш, орнықты шаттық сыйлай алмайды. Тұрақсыз тірлікте тек қана жанымызды жалықтырмас ғибадат пен Ұлы Жаратушыға жақындық рухымызды тыныштық пен иләһи нұрға бөлейтіні ақиқат.

 

0 пікір