Ертеректе ата-бабасы Катонқарағай өңірінен шекара асып кеткен Шәріп Найман қажы осыдан екі-үш жыл бұрын сонау Германиядан Шыңғыстайға келіп, ауылды аралады, о дүниелік болған ағайындарының рухына құран бағыштады. Елдегі азаматтармен әңгімелесіп, өз өмірінен сыр шертісті. Дастарқан басында әріден бастаған әңгімесін біз де ұйып тыңдадық. Атамекенінде ақтарыла айтқан соңғы әңгімесі де, соңғы сапары да сол еді...
- Бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдім. Жалпы, менен отыз бес ұрпақ тарады. Жеті-сегіз үй болып қалдым. Бәрі Германияда тұрып жатыр. Балаларым шетте жүргенімен «қазақпын» деп мақтанады. Жатса-тұрса Қазақстанның, қазақтың тілеуін тілеп жүреді. Меккеде тұрғанда маңдайым сәждеге тиген сайын, Қазақстанымыздың өз Президенті болса екен, еліміз Тәуелсіздік алса екен деп Аллаға сыйынатынмын. Аллаға шүкір, қазақтың тәуелсіз жері бар, егемен елі бар, көк туы бар. Қазақ туып-өссін, көбейсін, өнсін. Ал ата-бабаларымның жері бұзылмай тұрса екен, - деп еді Шәріп қажы.
Нұршәріп Сейітқазыұлы Найман 1932 жылдың жазында Қытайдың Алтай аймағы, Шіңгіл-Сарытоғай ауданында өмірге келген. Ақсақалдың айтуынша, ол тұста үкімет ауысып, дүнгендердің дүрлігіп тұрған кезі екен. Еркіндікке үйренген қазақтар 1937 жылы жұртты жалмаған жұтқа шыдамай дүнгендер өлкесі Гансудың тіршіліксіз даласынан бір-ақ шыққан. Қуғынға ұшыраған олар мұнда да ұзақ тұрақтамайды. Бұл жөнінде Нұршәріп Сейтқазыұлы туралы жарық көрген кітапта: «Тұсауымыз тоймен емес, қылышпен кесіліп, «аттың жалы, түйенің қомында» кете беріппіз. Құлағымыз шілдехананың өлеңімен емес, қансыраған халықтың жоқтауымен ашылыпты» деп жазады.
«Қазақабад» атты ауыл тұрғызған
Гималайдың теріскейіндегі Тибет тауын адам аяғы оп-оңай бағындыра бермейді. Бірақ қопарыла көшкен халық жол азабын артқа тастап, Тибетке табан тірейді. Ондағы аз ғана таңғұт халқының кәсібі мал шаруашылығы еді. Аттың орнына қодасты көлік ретінде пайдаланады. Қодастар боран-шашынға төзімді, тастай қатты тұяқтары мұзда тая бермейтін көрінеді. Кәсібі ұқсас екі халық әу бастағы тіршіліктері жарасқанымен, уақыт өте ұсақ-түйек қақтығыстары, барымталары көбейе бастайды.
- Алғаш Алтайдан көтерілгенде қатарымызда 18 000 адам еді. Алайда, 1940 жылы Тибетке соның үштен бірі ғана жетті. Жол-жөнекей тоналып, құздан құлап, сырқаттанып, Үнді шекарасына 4000 адам әрең жеттік. Бәле емес, пана іздеген жазықсыз жандар екенімізді білген соң ғана шекарадан өткізді, - деп еске алған еді Шәріп ақсақал сонау қырқыншы жылдарды.
Бас сауғалап келе жатқан қазақтарды Кашмир аймағының бір аңғарына қамап тастайды. Ақсақалдың айтуынша, бұл жерде күніне оннан астам адам аурудан көз жұмып отырған. Ақыры шыдамның шегіне жеткен үш адам қашып шығып, көмекке жүгінеді. Дәл сол кезде қапастың басшысы ауысып, оларға рақымшылық та жасап жіберген. Сөйтіп, араға уақыт салып, бір топ халық Пәкістанның Бхопал қаласына көшіп барады. Ол жерден шаруашылыққа жер берілгенімен, халық қауқарсыз еді. Бірақ әбден шаршап-шалдыққан, торғайдай тозған халыққа үкіметтен азды-көпті көмек те көрсетіледі. Қызыл крестің, Қытайдың көмегімен әркім бастарына баспана салып, «Қазақабад» атты кішігірім ауыл тұрғызады.
Қазақтардың кейбіреуі Матар деген орманды алқапты сұрап, біразы сонда көшіп барады. Сөйтсе, Матар аралына жергілікті халықтың өздері баруға жүректері дауаламайтын мекен екен. Ауасы қапырық, жаңбыры толастамайтын, жыртқыш аңы күндіз-түні жортып жүретін жер екенін жаңа көшіп барған қазақтар қайдан білсін?! Жерден қопарыла шыққан қазандай қоңыздарды, қайқы құйрық шаяндарды көрген жұрт кері көшуге бірден қамданады. Қысқасы мұнда Қазақабадтан артық жер жоқ екеніне көз жеткізеді. Жаңа бой көтерген Қазақабад ауылында төрт сыныптық мектеп ашылып, білімді адам Хашим Али басшылық тізгінін алады. Ал Халифа Алтай сол кісіге көмекшілік етеді. Нұршәріп Сейтқазыұлы осы мектеп-медреседен құран, намаз оқуды және хинди, урду тілдерін үйреніп шығады. Осы Қазақабадта сауатын ашқан Нұршәріп Найманның бір өкініші - Делидегі «Исламият» колледжіне түсуге мүмкінідігі бола тұра бара алмай қалғаны...
Қажылық парызын өтейді
1947 жылы Үндістанның тыныштығы бұзылады. Мемлекет екіге жарылып, үндістер және Пәкістан болып бөлінеді. Қазақтар болса, Пәкістанға қоныс аударды. Сол уақытта көп қиындық көріп өскен Нұршәріп өзбек молданың Фатима есімді қызына үйленеді. Бес жылдай Пәкістанда тұрақтайды. Кейіннен үш балалы Нұршәріп Сейтқазыұлы отбасымен Ыстамбұлға қоныс аударады. Алайда, кішкентай ұлына Ыстамбұлдың ауасы жақпай, дәрігерлердің кеңесімен ыстық жер іздеп қайта жолға шығады. Сирияны, Ливияны, Иорданияны басып өтіп, Иерусалимге табан тірейді. Бірақ бала оңала қоймаған соң қарыз алып, Сауд Арабиясына барып қажылық міндетін өтейді. Құнанбай қажының Мәдинедегі қонақүйінде үш күн түнеу бақыты бұйырады Шәріп Найманға. Бұл жақта ешбір құжаты болмағандықтан жұмысқа орналасу да қиынға соғады. Сөйтіп жүргенде Арабияға ерте көшіп келген Әзиз Зия дейтін адаммен танысып, мөр басқан тілдей қағазды қолына ұстатады. Сегіз жыл сол кісінің көмегіне арқа сүйеп, Меккеде өмір сүреді. Қажылық міндетін өтеп, 1970 жылы алты баласымен Ыстамбұлға оралады. Ал әйелі Фатима екі баламен Алманияға барып, Мюнхендегі бір фабрикада ағаштан ойыншық жасаумен айналысады. Өкінішке қарай, Фатима 1980 жылы өз көлігімен Түркияға келе жатып жол апатынан көз жұмады. Осындай ауырлықты бастан өткерген Шәріп ақсақалдың Алтайға деген, Қатонқарағайына деген сағынышы арта түседі.
Шәріп Найман ақсақал өзі туралы естелігінде: «Адам баласы үшін бұл жалғанда отансыздықтан ауыр жетімдік жоқ. Біз соны өмір бойы арқалап келеміз. Ең әуелі «Ағажай, Алтайды» айтып аңырадық. Одан үміт үзілген соң, Атамекен – Қазақстанды аңсадық. Жетпісінші жылдардың соңында Қазақстанға жол ашылып, бір жасап қалдық. Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы төбемізді көкке көтеріп жіберді. Ел тәуелсіздік алды. Ең абзалы – осы тәуелсіздіктің алтын нұрын Нұрсұлтан Әбішұлы ең әуелі бізге, Түркиядағы туыстарға шашып кетті. Алақанымызды аспанға жайып, ақсарбас айтып, тәуелсіздікке тапжылмайтын тұғыр, тұңғыш Президентке таймайтын тақ тіледік. Артық айтсам, кешіріңіздер, тегінде, тәуелсіздік, теңдік, туған жер, алтын Отан дегеннің қадірін елде жүрген еркеден гөрі, шетте жүрген шерменделер мың есе терең түсінеді...» - деп жазып кеткен.
Мұстафа Өзтүрікпен құда еді
Шетте жүрген Шәріп қажының 1990 жылы алғаш рет бабаларының байырғы мекені Қатонқарағайға жолы түседі. Сүйектес ағайыны, Социалистік еңбек ері, марқұм Бошай Кітапбаевпен кездесіп танысады. Сол кісінің арқасында Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болып, батасын алады.
Сексеннің сеңгіріне шыққан Шәріп ақсақал соңғы рет 2013 жылы Қатонқарағайдағы, Шыңғыстайға келіп, ата-бабасының рухына Құран бағыштайды. Ақсақалды сол кездегі Әбдікерім атындағы Шыңғыстай орта мектебінің директоры Бірлік Жұмақанов қарсы алып, ақ дастарқанынан дәм татқызады. Иығына шапан жабады. Атамекеніне келген соңғы сапары осы екен. Нұршәріп Найман қажы сол жылдың тамызында Мюнхень қаласында дүниеден өтеді. Бала-шағасы сүйегін Түркияның Ыстамбул қаласына апарып жерлейді.
Көпті көрген ақсақалдың соңында қалған балалары Германияның Мюньхен қаласында тұрады. Қазақтың тілін, дінін, салт-дәстүрін мықты ұстанады олар. Әрқайсысы әр салада еңбек етеді. Ақсақалдың ұлы Махмұт Найман Мюньхен қаласында «Найман» атты шағын дүкен ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Шет жерде туып-өскендерімен Қазақстан тартып тұратынын айтады.
- Бізге қарағанда туған жердің иті бақытты. Сағынамыз атамекенді. Сол жақта болып жатқан жақсы жаңалықтарға елең етіп, әр жетістігіне қуанып отырамыз. Ата-бабам түтін түтеткен, ұрпағын өрбіткен Қатонқарағай жеріне барғымыз келеді. Жуық арада жолымыз да түсіп қалар, - дейді Махмұт Найман.
Айтпақшы, ақсақалдың ұрпақтары әйгілі Мұстафа Өзтүріктің де туыстарымен жақсы араласады. Тіпті, бір көшенің бойында тұратын көрінеді. Нұршәріп қажы Мұстафа Өзтүрікпен туған құда болған екен. Туған-туыстар ұлттық мейрамдарда бір-бірінің үйіне қонаққа барып, мейман күтуді дәстүрге айналдырған, ата дәстүрді ұмытпай ұлықтап келеді.