Концлагерьден аман келген Құран
Концлагерьден аман келген Құран
8 жыл бұрын 3508
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

 ...Сәті түсіп, бүгін тағы бір жалманқұлақтық әулеттің қара сандығын ақтарып қайттық. Бәтима апамыз бұрын-соңды біз естімеген талай әңгімені айта келіп, әкесінің көзіндей ғып сақтап келген бармақ басындай ғана Құранды көрсетті. Қолымызбен ұстап көрдік. Үлкендігі шамамен 3х2 сантиметрдей ғана. Суреттегі - сол Құран. Бұрын бұл Құранның алтын түстес жылтыр жазулы мұқабасы да болған екен. Өкінішке қарай, қазір мұқабасы жоқ, әрі қағазы да өте тозып, үлдіреп тұр. Дегенмен, бастапқы және соңғы бірнеше беттерінің сарғайып кеткені болмаса, өзге беттері бүп-бүтін, үлкейткіш лупа арқылы еркін оқуға болады.

Бұл Құран Бәтима апамыздың әкесі Ғабды-Мүтәліп Жұмаділдаұлының қолына зұлмат жылдардың зобалаң күндерінде түсіпті. Қысқарта келтірсек, төмендегідей түйінделеді. 

1910 жылы дүниеге келген Ғабды-Мүтәліп атамыз 1941 жылдың жазында Атбасардан ел қатарлы майданға аттанады. Ұмсын әжеміз 1939 жылы туған Бәтима мен 1941 жылы туған Мүслима (Мүслима – спорт журналисі, танымал қаламгер Қыдырбек Рысбектің туған анасы) атты қос қызбен елде қала береді. Бәтима апамыз айтады: «Біз негізінен әжеміз Ғалия марқұмның тәрбиесін көп көрдік. Өте тақуа, әрі бірбеткей кісі еді. «Ана келін дұрыс дәреттенбей жүреді, ол қалай бала емізеді», - деп мені туғаннан анама еш еміздіртпей, өз қолымен аузыма бал тамызып отырып өсіріпті.
Әкеміз жастайынан Атбасар өңірінде сауда ісімен айналысып, соғысқа алынғанға дейін қазіргі «Самарский» елдімекенінде жеке дүкен ұстаған кісі. Сол дүкені бертінге дейін дін аман тұрды. Өзінің айтуынша соғысқа кірісімен-ақ қалың солдатпен бірге немістің тұтқынына түседі. Содан төрт жыл неміс абақтысының азабын көрген. Атын ұмытыппын, сонда бірге болған бір башқұрт досын аузынан тастамай айтып отыратын. Түрмеде жүргенде бес уақыт намазын бір үзбеген адам екен. Екі иығына екі кісі мінгендей зор денелі, келбетті келген сол досымен бірге түскен фотосуреті де менде бар болатын. Ол сурет сонау бір жылы үйімізден өрт шығып, сонда жанып кетті. 

Әкемізден соғысқа кеткеннен бастап төрт жылда еш хабар-ошар болмаған. Тек 1945 жылдың күзінде арып-ашып елге аяқ асты жетіп келген. Сонда үстіндегі киімінің әбден тозығы жетіп, шұрық-тесік үлдіреп тұрған дейді. Сол келгенінде осы кішкентай Құранды мойынына тұмар қылып тағып келіпті. Кейін заман тынышталған уақытта «Бұл Құранды қалай сақтап келдің?» - деп сұрағандарға «Немістер Құранға тиіспейді» деп айтатын көрінеді. Сол концлагерьде жүргенде әлгі досы «Мына Құранды өзіңе аманат еттім. Алла бұйырса, әлі еліңе де аман-сау жетерсің. Сонда бірден намазға жығыл», - деп жиі айтады екен. Әкеміз шынында да елге жетісімен намаз оқуды бастап кеткен. Көп жылдар намазды тығылып, жасырынып оқыпты. Көбінесе, үйде құлшылық қылғанда Ұмсын анамызды күзетке тұрғызып қоятын көрінеді. Ол кезде аңду өте күші ғой. 

Соғыстан соң да әкем аз уақыт Атбасар іргесіндегі ауылда баяғы кәсібін жалғастырған да, көп ұзамай-ақ Жалманқұлаққа жасырын түрде көшіп кеткен. Өйткені, сол уақыттарда тұтқында болғандарды қайта іздеп тауып, жазалау науқаны жүре бастапты. Әкеміз содан қорқып, сақтық үшін түкпірдегі ауылға ауа көшкен. Кішкене кезімде үйімізде бума-бума кездеме маталардың үйіліп тұратыны есімде қалыпты. Шешеміз шетінен жыртып елге беріп жататын. 

Әкемнің соғысқа Жұмаділдин деген фамилиямен кетіп, келгенде «Искаков» деп фамилиясын атасының атына өзгертіп жаздыртуы да сол сақтықтан туған амал ғой. Соның өзінде біз есейіп қалғанда ол кісіні Қорғалжынға қайта-қайта тергеуге шақырып, бірталай уақыт мазалағаны бар. Әйтеуір, Алланың сақтауымен аман қалды. Өзі бертінде «Сол жолы колхозбастық Мұқатайдың көмегі көп тиді ғой» деп жиі айтып отыратын.  Жалманқұлақ жұрты әкемізді бірден ішке тартқан. Негізінде осы өңірдің тумасы ғой. Атақоныстары анау Теңіз көлінің бойы, Аққолқа деген жер екен.

Алғашқыда Жәңгір атамыз үйінің тең жарымын босатып беріп, сонда тұрыппыз. Ол кісі бұл ауылда да зейнетке шыққанша дүкен ұстады, азық-түліктің қойма басшысы болды. Мінезі тұйық, көп сөйлемейтін, өз ісіне мығым, сауда ісіне өте жетік адам-тын. «Баяғы абақтыдағы достарымнан үйренгенім еді» деп, кейде көңілденіп сырнай тартып, былайша (апамыз көне бір әуенді айта жөнелді) өлең айтатын өнері бар еді. Сол әдемі сырнайын кейін замандасы Сәрсенбай Исламғалиұлына сыйлап жіберді ғой. Тағы бір әдеті, бала көрсе мейірленіп, үнемі қалтасында жүретін тәттілерін үлестіріп қуандыру болатын. 

Әкеміз 1972 жылы, жасы алпыс үшке қараған шағында қайтыс болды. Жасы ұлғайғанда көрген Қуандық, Сүйіндік есімді ұлдарынан тараған ұрпақтары қазір өз алдына шаңырақ көтеріп отыр. Мүслима екеуімізден өзге Айман, Әсима атты қыздары бар. Бұл екі сіңілім әкеміздің жолын қуып көп жыл сауда саласында қызмет істеді».

Міне, Бәтима апамыздан естіген осындай бір әңгімені жарияға ұсындық. Ғабды-Мүтәліп Жұмаділдаұлының қилы тағдыры туралы жазылар дүние мұнымен шектелмек емес. 

Аталарымыз ол кісіні Мүтә деп атайтын. Жалманқұлақтық көнекөздер Мүтә атамыздың мінезінің кеңдігін, саудаға адалдығын, қолынан келгенінше жұртқа жақсылық жасауға ұмтылып тұратын кеңпейілдігін осы күнге дейін жырдай қылып айтады. Бәтима апамыздың қолындағы сан түрлі діни кітаптар өз алдына бір хикаяға арқау боларлық. Оның бәрін тізе берсек, оқушымызды жалықтырып алуымыз да мүмкін ғой. Сіздерге сирек кездесер Құран суретін көрсеттік. Мүта атамыз туралы да аз мағлұмат берілген жоқ. Сондықтан, біз әзірге Ғабды-Мүтәліп ата жайлы жазбамызды осы тұстан түйіндеуді жөн көрдік.

 

0 пікір