Дала өркениетінде тұрмыс мәдениеті ең жоғары деңгейде дамыған. Баспана киіз үйден бастап, сәбиді өсіретін бесікке дейін құны жойылмайтын, уақыт өзгерте алмайтын әрі қайталанбайтын дара мәдениеттер. Оның табиғилығы мен жасампаздығы да тепе-тең. Соның бірегейі бесік жайлы айту бізге парыз.
Бесіктің ағашы. Бесіктің сүйегі негізінен ағаштан жасалады. Оған жас қарағай, тал, қайың таңдалады. Бұл ағаштар июге көнімді, кепкен соң жеңіл әрі берік болады. Бесіктің ағаштары бірнеше бөліктерден құралады. Бесіктің бас-аяқ ағаштары: Бас жақ үстіңгі бөлігі қақталып біршама жұқартылған, аяқтары жұмырланған жалпы пішіні доға пішінді екі пар ағаш. Бесіктің ұзындығын жас жарым, екі жасқа дейінгі сәбидің бойына шақтап, екі жағынан екі пар жұмыр ағашты бас-аяғындағы доғаларды жалғастыратындай қылып орнатады. Бұларды «белдік ағаштар» дейді. Үстінгі белдікағашқа бала жататын бесіктің шабағы жасалады. Оны бұрындары жеңіл, берік шыбықтарды сиректеу етіп қатарластыра бекітіп істеген. Кейінгі кездері жұқа пәнер қолданыла бастады. Осы шабақ ағаштың үстінен сәби бөлеулі жатқан кезде зәр сындыратын түбектің орны қалдырылады. Төменгі белдік ағаш баланы бөлейтін қолбау, аяқбауларын бекіту үшін қажет. Бесіктің бас-аяғындағы доға ағаштардың әрқайсысының екі сырағының арасы да белдік ағаштармен тұспа-тұс екі ағашпен керіліп бекітіледі. Мұны бесіктің бас-аяғының «тұсау ағаштары» деп атайды. Оған бесіктің бас жағын бітеулеп тұратын арнайы шүберек керіліп тігілу үшін әрі бесіктің қисақтамай орнықты берік болуына да орайластырылған. Ендігісі «арқалық ағаш» деп аталады. Бесіктің бас-аяғын ең үстіңгі жағынан қосып тұратын жуантық келген жұмыр таяқша.Оны доға ағаштарға ары-бері еркін жылжып тұратын етіп, қайыспен бекітеді. Арқалық ағаштың міндеті бесіктің көрпешесін баланың бетінен жоғары тұратын етіп еркін тыныстауына және шешесі сәбиін емізгенде сүйеніп, жайлы отыруына ыңғайластырылған. Бесіктің ағаш жабдықтары осындай қарапайым ғана. Бір айта кетерлігі «киіз туырлықты, ағаш уықты» қырғыз, моңғол, тыва, түркімен және т.б. түркі текті халықтарда бесіктің осыған ұқсас өз ерекшелігі бар түрлері көп. Қазақ бесік әлі де өркениет көшінен қалмай, қазір сәнделген, әшекейлеген, жетілдірілген нұсқалары жасалып, қазақы отбасыларында әлі қолданыстан қалған жоқ.
Бесіктің жұмсақ жабдықтары: Бесіктің бала жататын шабағына салатын бірнеше қабат төсеніштері болады.Оны жұмсақ, жылы, жайлы маталардан арасына мақта, қой жүні, ешкінің түбітін салып, сырып жасайды. Мұндай төсеніштің аяқ жағы аяққа доғадан өтіп тұратындай ұзынша жағы және аяғының екі жанынан қолы мен кеуде тұсынан қаусырып тұратындай пішінде тігіледі. Мұндай төсеніш сәбидің бір жасқа таяған кезде бұлқынып бесіктен сыпырылып қалмауы үшін суық-жел өтпейтіндей сенімді болуына байланысты ойлап табылған. Осы төсенішті орап бекітіп тұру үшін, кеудесі мен тізе тұсын жалпақтау етіп, жақсылап ызған екі бау – қобау мен аяқбау қоладанылады. Және бесіктің жұмсақ жабдықтарына – төсенішке салатын үлбірек жаймалар, құйтақандай мамық жастық, бесікті жауып қоятын арнайы бесік-көрпелер жатады.
Бесіктің қосалқы бұйымдары:
Түбек – бесіктегі бөленіп жатқан кезде зәр сындырып әжетін өтеуге арналған іші қуыс ыдыс пішіндегі жабдық. Оны ертеде киізден жасап, ішіне суыған құрғақ күл салып қоятын. Сәби бесікте қанша жатса да асты былғанбай, жиіркеншті болмай таза жатуына өте қолайлы болатын. Шүмек – осы түбекке қатысты сәбидің жыныс мүшесіне басып қоятын іші қуыс не қобылап жонған арнайы жабдық. Оны ағаштан, сүйектен жасап, тазартып, жуып, майлап отырады. Шүмек баланы бөлеп алып жол жүргенде, бесікті тербеткенде зәрі жұмсақ жабдықтарға жайылып кетуден қорғайды. Қазақтар бесіктің арқалығына баланың кеуде тұсына таман салақтап тұратын етіп, әртүрлі сылдырмақ ойыншық, емізік іліп қояды. Ол сәби ояу жатқан кезде қолымен қағып ойнап, алдарқанып жатуына себі бар. Бесіктің бас жақ доғасына керілген шүберекке қатерден сақтайтын аят-дұғалары жазылған үшбұрыштап тігілген тұмаршалар, үкінің қауырсыны секілді киелі саналатын нәрселерді тігіп қою да берік әдетке айналған.
Міне, осындай қарапайым дүниенің ғажап пайдасы өте мол. Оны қадірлі оқырманның өзі пайымдасын деген ниетпен шағын мақаламызды, мөлтек әңгімемен тамамдауды жөн көрдік.
Солтүстіктегі бұрын «Кереку» деп аталатын қаланың мұражайына қойылған бесікке «Оралманның бесігі» деген анықтама беріліпті. Оған қашан жасалғаны және иесінің кім екені де жазылған. “Мүсілім Мұхамадиұлы, 1897 ж.” Менің көргенім 2001-жыл еді. Сонда бұл бесікке 104 жыл толған болатын. Көне бесіктің көзге оттай басылатын тұрпаты көз алдымда қалыпты. Екі басының иілген доғасы қақтап шабылған, тастай болып кепкен қара тал екен, ақ таяқ секілді арқалық ағаш қызған істікпен қарыла-қарыла ине шаншар жер қалмаған. Бәлкім әр жаңа туманы бөлеген сайын “пәледен сақта!” деп жасалған ырымнан қалған белгілер болар. Ең алғашқысына әрине жүз жылдан асты, соңғысы...ол мәлім емес. Бір қызығы Белоград деген ауданнан осы бесіктің иесін тапқан едім. Мүсілім деген 84 жасқа келген қария екен, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан 1992 жылы көшіп келіпті. Бала шағында көргенін кешегідей қылып айтқан зерделі ақсақалдың бесіктің тарихы туралы айтқан қызықты әңгімесінен, оқырманмен бөлісудің осы жолы бір сәті түсіп отыр. Жаңағы мұражайға қойылған бесік Мүсілімнің ең үлкен ағасы Биғазы туғанда Өр Алтайдың Шіңгіл деген өзенінің жағасындағы талдан қиылып жасалыпты. Содан көп уақыт “Биғазының бесігі” атаныпты. Мұражайға қойылғанға дейін “Үлкен атаның бесігі” делініп жүріпті. Мүсілім өзі осы бесікке Мұхамадидің оныншы баласы болып бөленген екен. Өзінен кейін және бес іні, қарындасы бөленіпті. Кім қайда туып, қандай кемпірдің бөлегеніне дейін ұмытпапты, ол өз алдына бөлек әңгіме. Мұхамадидің ауылы 1898 жылы Қобда бетіне асқанда Биғазы бір жаста, бесікте болған. Бұл бесіктің киелі бесік атанып, жүз жыл бойы әулеттің қолынан түспеуі осы көштен басталыпты. Шешесі екінші баласына аяғы ауыр болғандықтан, бала бөленген бесікті атқа өңгеріп жүре алмай, жүк артқан түйенің біріне таңса керек. Екі елдің шекарасындағы Жарғылынтының тік асуыннан асқанда бесік таңылған түйе тайып, жүк-мүгімен шыңырау сайдың аяғына домалап кеткен. Биғазы мерт болған шығар деген қорқынышпен сүт пісірім уақыт өткенде жан ұшырып іздеп келсе, атан түйе мойыны қайырылып өлген, үйдің жүгі күл-парша болған, бесік қана анадай жерде төрт аяғынан тік тұр! Емшек іздеген сәбидің жылаған дауысы естіледі. Осыдан кейін де бұл бесікке бөленген сәбилердің ішінен жеті реткі қатерден аман қалғандары бар. Үшінші ағасы Жекей киіз үйлері түк қалмай өртеніп кеткенде іргеде тұрған бесіктің ішінде тірі қалған. Жетінші әпкесі Самал шешесі бесік өңгеріп Бұлғын өзенінен өтіп келе жатқанда, астындағы аты сүрініп кетіп, қозы көш жерге дейін ағып барған бесіктің ішінен аман шыққан. Мүсілімнің өзі үш айлығында шешесі қой сауып жатқан кезде аяқ астынан сел түсіп, қотан шетінде тұрған бала бөлеулі бесікті дүлей тасқын іліп кеткен. Адам сену қиын, бір көш жерге барғанда бесік көрпешесі түсіп жалаңаштанып, арқалығынан талға ілініп қалыпты, тауып алған кезде нөсерден кейінгі ыстық күнге суы сорғып тұрған жөргектің ішінде үш айлық нәресте ештеңе де сезбей ұйықтап жатқан екен дейді көзімен көргендер.
Осынау киелі бесікке байланысты қасиетті де, қайғылы оқиға 1943 жылдың күзінде болған еді. Баян-Өлгей аймағының шекараға жақын жердегі Құжырты деген елді мекенінің халқы Моңғолияда болған эсерку деген зобалаңнан бас сауғалап бір түнде Шыңжаңға қарай қашады. Осы босқындардың ішінде Мүсілімнің де көші бар еді. Екінші баласына босанғалы екі-ақ ай болған 21 жасар келіншегі Күнбике сәбиі бөленген бесікті өңгеріп, қара-шобыр көшпен асуға енді келген кезде шекарадағы әскерлер алдарынан оқты қарша боратады. Біраз адам оққа ұшады, Күнбикенің атына оқ тиіп жығылып жолда қалады. Екі күннен кейін арттағы ел іздеп келсе, бесікке сүйеніп отырған жас әйелді көреді. Жас ана аз уақыт бұрын қансырап өлген екен, күнәсіз сәби жансыз шешесінің омырауын сорып тірі жатыр. Бесікті тауып алған Бескерей деген жігіттің айтуынша бесатардың оғы бесіктің төрт жерінен көктей тесіп өтсе де бөлеулі сәбиге соның бірі де дарымағаны адам таңғаларлық жағдай еді. Ең соңғы оқиғаны 1992 жылы Баян-Өлгейден Қазақстанға қарай Мүсілімнің өз әулеті КамАЗ-бен көшіп келе жатқанда бесіктің машинаның үстінен ұшып кетіп, 30 шақырымнан кейін жоқтап, қайта іздеп барып алғанда бүп-бүтін жатқанын айтуға да болар, бірақ онда ішінде бөлеулі сәби болмаған. Сондықтан 1997 жылы Мүсілім ақсақалдың (немересі Ұларбектен туған) Атамекен деген шөбересі ыс тиіп әке-шешесі бірдей қайтыс болғанда осы бесіктің ішінде аман қалған таңғажайып оқиғаны соңғысы деген жөн секілді. Бесіктің де мұражайға баруы осы бір қайғылы оқиғадан кейін болғанға ұқсайды. Облыстық газеттің тілшісі Нұржан деген азамат “Оралманның бесігі” деген мақала жазған соң мұражайдың меңгерушісі өзі келіп, бесікті бес мың теңге беріп, қалап әкетіпті.
Осы киелі бесікке Мұхамадидің 15 баласы, Мүсілімнің өзі және аға інілерінің 21 сәбиі, олардың бала-шағаларының 19 нәрестесі, шөберелерден 6-уы бөленген екен. Соңғы 4-еуі атажұртта, Қазақстанның қасиетті топырағында туғандар... Киелі бесік туралы хикая жазса да жарасар еді...