Жемтік
Жемтік
10 жыл бұрын 4722
Мақсат Қарғабай

Мұқан аудан орталығындағы ортаңқол кәсіпкер санатында. Шағын дүкені бар. Қаладан көліктерге қажетті қосалқы бөлшектерді тасып әкеліп сатады. Бұл жолы да ауылдан ерте шығып, күн көтерілмей Шымқалаға жетіп алды. Базардан «Ауди» көлігіне сыйғанынша қосалқы бөлшектерді тиеп аламын дегенше түс ауды. Ауа райы да бұзылып тұр. Негізінде осы Шымқалада жақын танысың болса, телефон соғып қажетті заттар тізбесін беріп қойсаң, ол түгелдеп «дайын тұр, келіп алып кет!» деп хабарласса сырғытып келіп кідірместен әкетіп тұрсаң дұрыс болған болар еді,- деп осылай қиналғанда түрлі жоспарды қиялдап қоятыны бар.

Базар алдынан зат тиелген көлігін енді қозғалта бергенде жастайынан бірге ойнап, мектепте бір класта оқыған Боранбай кластасын жолықтырып қалмасы бар емес пе? Кластастардың құшақтары айқаса кетті.

Боранбайдың қалаға келгеніне жылдан асыпты. Осы базарда арба айдайды екен. Өзі жуас, момын жігіт. Жасында досқа адал, адам баласына сенгіш ақкөңіл бала еді. Әлі де сол қалпында. Ыржалақтап күле береді. Күн көрістері де онша мәз емес көрінеді. Таңертеңнен кешке дейін осы базар ішін жағалап бұйырған тиын-тебенге арба сүйреп жүр екен.

Ауылда жүрген жерінен осы Шымқаланың шетіне мал бағасың, айлығыңды беріп тұрамын. Ішіп-жемнен кем болмайсың. Айран, сүтің тегін,-деп бір байшыкеш ағайыны қайсы бір жылы көшіріп әкелген екен. Бір жыл малын бақтырып, қора-қопсысын салдырып, тірлігі біткен соң айлық-жалақыларында бермей қаңғыртып жіберіпті.

Мұқан әлгінде ғана ойына келген жоспарын Боранбайға ақырын айтып көрді: - Саған мен ұялы телефон арқылы қажетті заттар тізімін жіберіп тұрамын. Сен аптасына бір рет менің тапсырысымды дайындап отырсаң болғаны. Ақшасын төлеп дайын затты уақыт жоғалтпай дереу әкетіп тұрамын. Ауылдағы клиенттер де сарылып күтіп жүрмейді. Алдағы уақытта қыс келе жатыр. Жол ұзақ, түнге де қалмаймын. Қорықпа! Ақыңды жемеймін. Әзірге мына теңгеге бала-шағаңа ас-ауқат ал! - деп Мұқан қып-қызыл бес мың теңгелікті ұстатты. Өмірінде мұндай «крупный» ақша ұстап  көрмеген Боранбай ыржалақтап күле берді. Кедейдің бір тойғаны, шала байығаны демекші осы күні жұбайы Тәттікүл тәтті сусын ішіп, балалары балмұздақ жеп мәз болысты. Мұқан сөзінде тұрды. Боранбай бір танысының будкасына Мұқан тапсырыс еткен бөлшектерді әзірлеп қояды. Дайын болғанда қолма-қол есептесіп әкетіп тұрды. Бірақ Боранбай үшін қолайлы болған бұл жұмыс базардың жабылып қалуына орай ұзақ күн көріс көзі бола алмады. Боранбай тағы да жұмыссыз қалды. Бір жолы көшеде Данияр атты тағы бір кластасы жолығып қалды. Боранбай Мұқанның өзіне көп-көрім көрсеткен көмегін аңқылдай айтты. Данияр қулана жымиып:- Әй, Боран, сен ақша табудың оңай жолын білмейсің ғой. Сен үй жағыңнан бір оңтайлы көше тауып ал. Көшеде не көп, көлік көп. Зуылдай сырғып келе жатқан көліктің алдыңғы қанатына жанаса секір. Қорықпай батыл бол. Алдына қарай секіріп жүрме! Одан кейін таңдаған көшең көлік жүруге қолапайсыз қотыр-қораш болса жүдә жақсы. Ақшаның астында қаласың деп біршама «нұсқаулықтарын» сыбырлай айтып жатты. Пәтер ақысының да төлеу уақытысы жақындаған еді.

Кешке дейін жұмыс іздеп шаршап келсе де ойлана отырып кластасы Даниярдың айтқан «ұтымды» ақылын іске асыруға бел буды. Үйінен сәл төмен, аялдамасы үңгірдей үңірейіп тұрған қотыр көшені таңдап алды. Әне, сырғып бір көлік келеді. Анықтап қарады. Ескілеу «Мәскібиш» екен. Тәуекел! Қарғып кетті. Сатыр-сұтыр, қиқ-шиық! Қиралаңдай тоқтаған көліктен орта жастағы бір кісі абдыраған күйде асығыс түсіп, етпетінен жатқан Боранбайға жақындай берді. Аяқ-қолы аман секілді. Тек бір жақ қабырғалары ауырыңқырап тұр.  – Ой, айналайын аманбысың? Зәремді алдың ғой. Тез көлікке отыр. Ауруханаға апарамын!

– Жоқ аға аман секілдімін. Жұмыстан келе жатыр едім. Үйге барайын,-деп Боранбай Данияр айтқан «нұсқаулықпен» сөйледі. Ары-бері айтып Боранбайды көндіре алмаған көлік иесі сасқалақтап бар қалталарын ішін сыртына айналдыра қарап жиырма мың теңгесін Боранбайдың қолына ұстатып: - Дәрі-дәрмек ал, айналайын жүзің жылы бала екенсің. Түсі игіден түңілме деген. Мен сияқты әкең бар шығар. Маған өкіл бала бол! Осымен бітісейік. Зейнеткерлікке де бір-екі жылым бар еді. Жолаушы тасып күн көріп жүр едім, - деп бәйек болған әкесіндей адамды алдағанына жаны күйзелсе де үйдегі көздері жәудіреп есікке қарап отырған бала-шағасының тамағынан аса алмады. Сол күні Боранбайдың үйінің шамы біршама уақытқа дейін сөне қоймады. Екі-үш күн өтіп, денесінің ауырсынғаны басылған соң Боранбай қас-қарая баяғы «жұмыс орнын» бетке алды. Осылай бір-екі рет жол торуылдаған Боранбай жаңа кәсібіне бойы үйреніп, көп-көрім әдіс жинап қалды. Арада айдан аса уақыт өткенде үйіне Данияр досы жылмаңдап келе қалмасы бар ма? Даниярды Боранбай тура бір фирмаға жұмысқа орналастырған «крышасындай» қарсы алып, жұмысының қалай жүріп жатқанын жыр етіп айтты.

- Өй, сен әлі мәскібиш, жигулимен жүрсің бе? Пара инамаркіге ауысуың керек еді ғой. Яғни, доллармен жұмыс жасау керек деп, - әзілдей күлді.

Әрине достық әзілді, шын қабылдап түсінген Боранбай денсаулығы аздап оңалған соң кәсібін жаңаша бағытта жүргізуге бекінді. Зырлаған қымбат көлік иелерінен, қомақты қаржы түсетінін Боранбайдың іші сезді.

Баяғы аялдама. Ары-бері жүйіткіген жоғары жылдамдықтағы көліктер. Ішінен бір құдайға сиынған Боранбай көзін жұма түсіп: Әуп! - деп секіріп кетті. Көлік рөліндегі жүргізуші де жылдам екен. Осы сәтті күтіп тұрғандай көлігін Боранбайға жеткізбей шалт қимылмен дереу бұрып үлгерді. Көлік шиқылдаған күйі, жер сыза көше қапталына әзер тоқтады. Көліктен еңгезердей екі жігіт түсті.

- Оңбаған! Өткен жолы да жанынан безген осындай бір қу аяқ көлігіме секіріп әзер аман қалып еді. Енді мына біреуі шықты ғой.  Қазір оңай ақша табудың қалай болатынын көрсетейік! -деп Боранбайды ескі аялдама тасасына сүйрете-мүйрете апарып екеуі кезектесе тепкінің астына алды.

Мұқан біраз уақыттан бері хабарсыз кеткен досының үйінен хабар білмекке бас сұққанында төр алдында бет аузы көк-ала қойдай көгеріп, төсек тартып жатқан досының үстінен түсті. Мұқанды көріп кемсеңдеген Боранбайдың «Мына бір инамаркі дегенің жаман екен. Үйреніп қалған мәскібишім мен жигулиім жақсы еді» деген сөзін Мұқан түсіне алмады.

1 пікір
  • Шынай өмір көрінісі. Біздің қоғам. Бұл біз. Бөтен емес өзіміздің бүгінгі келбетіміз. Күлеміз. Несіне жетісіп күледі екенбіз? Жылаймыз. Несіне жылаймыз? Бұд біз. Өзіміз ғой.
    10 жыл бұрын