Әуезов «Абай жолын» қалай жазды?
Әуезов «Абай жолын» қалай жазды?
6 жыл бұрын 5408
Марфуға ШАПИЯН

Қазақ тұрмысын осыншалық дәл көрсеткен әрі Абайдай ұлт мақтанышын идеалдық тұлғаға айналдырып, дүниежүзіне танытқан Әуезовке кезінде замандас жазушыларының арасынан «өз ұлтым жайлы неге мен де осылай жазбадым?» деп қызыға әрі қызғана қарағандар көп еді. Оған әзірбайжан жазушысы Мехти Гусейннің: «Абай» романының бірінші кітабы әрі таңғалдырып, әрі жақсы мағынасында қызғаныш тудырып еді. Қазақ халқының өмірін мұншалықты шыншыл, мұншалықты терең қопара жазғанына сүйсіндім», – деген пікірі дәлел.

Алайда Әуезов «Абай жолын» оңай жаза салған жоқ. Талай мұрағат ақтарылды, қаншама адамдармен әңгіме құрылды. Қаншама тер төгілді, небір ұйқысыз түндер өтті. Роман жарық көргеннен кейін де қайта-қайта қудаланып, естімеген сөзі қалмады. Бірақ Әуезов еш мойымады. Оны мойытпаған Абайға, Абай әлеміне деген махаббат еді. Міне, біз бүгін жазушының шығармашылық шеберханасына үңіліп, «Абай жолының» жазылу, жариялану тарихынан сыр шертіп көрмекпіз. 

Әуезов Абаймен кездесті ме?

 Әуезов Абай елінде, Абай жерінде, Абай топырағында дүниеге келді. Көзін ашқаннан естігені – Абай әні, тыңдағаны – Абай сөзі, жаттағаны Абай өлеңдері болды. Оның атасы Әуез айналасы құрметтеп «Әу қожа» деп атайтын, Құнанбаймен аралас-құраластығы бар дана қария еді. Оқу-білім дегенде ықыласы бөлек әрі шариғат білгірі Әуезге Құнанбай қажылықтан қайтқан сапарында таза асыл тастан таспиық, жайнамаз және Құран кітап әкеліп сыйлаған екен. Кез келген адамға ықылас-пейілі түсе бермейтін Құнанбайдың сонау Меккеден сыйлық әкелгенінің өзі Әу қожаның тегін адам еместігін көрсетсе керек. Оның Құнанбаймен өзара сыйластығы кейін Абаймен жалғасын тапты. 15 жас кішілігі бар Абай оны «Әукеш аға» деп еркелей атайды екен.

 Әуез қожаның шаңырағында өмірге келген Мұхтар Абай дүниеден өткенде небәрі 7 жаста болатын. Алайда, сол жеті жасқа дейін-ақ ұлы ақынды бірнеше рет көрсе керек. Естеліктер соған меңзейді.

 Жазушы Абайды көрген күнін ерекше тебіреніспен, үлкен қуанышпен әңгімелейтін көрінеді. Кейде тапсырма орындамай, ұстазын ренжітіп алған шәкірттері Мұхаңның ашулы кезінде «Ағай, Абайды өз көзіңізбен көрдіңіз бе?» – деп тұтқиылдан сұрақ қойып, әңгімені басқа арнаға бұра қояды екен. Бұл туралы шәкірттерінің бірі, абыз жазушы Әбіш Кекілбаев былай деп жазады: «Мұхаңның жүзі жылып қоя берді. Қалтасынан көлдей шәйі орамал суырып, ұлан-ғайыр маңдайын бір сипап өтті. «Көргенім бар... Төрттемін ғой деймін. Бөріліде отыратынбыз. Анам мені алып Жидебайға барды. Сыйласатын шаңырақтардың бір-біріне сыбаға апаратыны бар. Біз де сөйттік. Бөтен ауылды жатырқадым білем, үйге қайтқым келді. Анама қайта-қайта қыңқылдай бердім. Төр жағымыздағы құндыз сақалы омырауына төгілген, көзі нұрлы, тақиялы кісі маған бұрылып: «Ауылыңа барасың ғой, балам, анаңның мазасын ала берме!» дегені. Дауысы жұмсақ. Шырайы жылы. Бірақ мен анамның бауырына бұрынғыдан бетер тығыла түстім. Сөйтсем, әлгі кісі Абай екен». Бұл Мұхаңның өз есінде қалғаны.

 Ал аталас інісі, жазушы туралы естелік кітап жазған Ахмет Әуезов мынандай естелік айтады: «Ералы жайлауы, Ойқұдық. Мұхтар, Біләл үшеуміз атаммен бірге Әйгерім апамның үйіне талай-талай барғанбыз. Сонда алты қанат ақ үйдің қақ төрінде жатқан жазық маңдай, шұнақ құлақ, өңі қара торы, кеуделі, қапсағай келген, үлкен мейірімді көзді ақсақал бізді үнемі құшағын жайып қарсы алатын. Ол үшеуміздің де маңдайымыздан сүйетін».

 Осындай кездесулерден бөлек әуезовтанушылар жазушының Абайдан бата алғаны туралы да дерек келтіреді. Немересінің тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген Әуез қожаның бұл әрекеті туралы ғалым Тұрсын Жұртбай: «1903 жылы мамырда «Абайға сәлем беріп, Тұрағұлдан туған немересі Ақилияны бауырына салғанын естіген, соған құтты болсын айта барып, Мұхтарға батасын алмаққа ниеттенеді. «Батасыз ұл – жарымас» деген. Оқымысты ата наурыздан бастап мықтап кіріседі. Мұхтар ойын қызығымен қоштасады», – деп жазады. Осы деректердің өзі Мұхаңның кішкентайынан Абай ықпал еткен ортада тәрбиеленгенін, тіпті көзін көргенін, батасын алғанын, оған деген махаббатты бойына сіңіріп өскенін көрсетсе керек.

Абайдай дананың өлімі де Мұхтар өскен ауылға, оның ішінде Әуез ақсақалға оңай тимеген еді. 1904 жылдың дәл сол қаралы күні туралы Ахмет Әуезов: «Жеті жасқа толдық. Ел – бауырда. Біздің ауыл болса Бөрілі жанында отыр. Өткен күні ғана Әйгерім апамның ауылынан оралған атамның қабағы қатулы, ренжулі. Толғаныс үстінде «уһ» десе, қайғы мен жалын атады лапылдап. Атам ауылға келген бетінде бізді жиып алды, тез-тез тапсырма берді. Байқаймыз, көңілі әлденеге алаң. Тағаты жоқ. Сабақ оқытуға келгенде өте қатал кісінің мұнша жұмсақ бола қалғанына бір жағы іштей сүйсініп, бір жағы әлдебір өзіміз бейхабар нәрсеге алаң болып отырмыз. «Шырақтарым, күндегі әдеттеріңше оқып, сабақтарыңа жақсы дайындала беріңдер», – деді атам. Көзінен еріксіз жас саулады. Тыя алмады. «Абай әл үстінде жатыр. Соған барайын мен». Атам сонау Қарақұдықтан шыққан қарадан көз алмай тұр. Кемсеңдейді. «Ау, Дінәсіл, атымды алдыршы. Әне бір келе жатқан аттылының жүрісі жайсыз ғой. Шауып келе ме, қалай өзі?!» «Абайдан айрылдық», - деп әлгі аттылы кісі аңырап келді ауылға», – деп жазады.

Абай дүниеден өткеннен кейін Әуез қожа немерелеріне ақын мұрасын тіпті сіңіре түседі. Өлеңдерін жаттатады, қарасөздерін оқытады, Абай туралы естеліктер айтады. Кішкентай Мұхтардың Абай әлемін танып өсуіне ерекше ықпал етеді. Кейін үлкен қала – Семейге оқуға аттанарында да сүйікті немересіне Абай аманатын арқалатып жібереді. Атасынан алған бұл аманат Мұхтардың жазушылық ғұмырының шамшырағына айналды. Абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов Әуезовтің Абайды емес, Абылайханды жазбақ ойы болғанын, сол кездегі саясатқа байланысты жаза алмай, Абайды таңдағанын айтады. Бұл сөз сәл қисынға келіңкіремейтіндей. Әуезов о бастан кімді жазатынын білді және сол жолда аянбай қызмет етті. Өйткені оған атасы таныған, ауылы таныған, сол арқылы өзі таныған Абайды қазаққа таныту міндеті тұр еді.

 Әуезов Абай туралы деректерді қалай жинады?

 Мұхаң 20-дан енді асқан жап-жас кезінен, яғни 1920 жылдардың басынан ақын мұрасын зерттеуге ден қойды. 1924-1925 жылдар аралығында Абай мұрасы төңірегінде Семей оқу орындарында дәріс оқып, «Таң» журналына ақынның өмірбаяны мен шығармаларын жариялады.

1924 жылы Семейде Абайдың қайтыс болуына 20 жыл толуына орай әдеби кеш те ұйымдастырды. Онда ақынның замандастарына естеліктер айтқызып, әңгімелерін тыңдады. Бұл кезде Абайдың көзін көргендер аз да болса, бар еді.

 Жазушы алдымен Абай өмірбаянын жазуды бастады. Өзі ол туралы: «Әуелі оның өмірін зерттедім. Көптеген деректер тобын жинастырдым. Көкбаймен, атаммен, Ділдәмен, ақынның достары, жауларымен жеке-жеке кездестім. Көкбай, Ділдә, Әйгерім, Нұрғаным... оларды көрдім, әңгімелестім», – деп еске алса, тағы бір жазбасында: «Мен роман жазбақ болғаннан кейін керекті материалды әртүрлі жолмен жинай бастадым. Сондықтан мен оның балалық, жастық шағын, жігіт кезін көрсету үшін Абайды көзбен көрген адамдардың аздаған естеліктеріне сүйенуге мәжбүр болдым. Рас, өзімнің сол Абай шыққан жердің қазағы болғандығымның біраз пайдасы тиді: жасаңдау кезімде Абайды жақсы білетін адамдармен – кемпір-шалдармен кездескенім бар. Олардың кейбіреулері тіпті Абайдан бірнеше жас үлкен адамдар еді», – деп жазады.

Не артында қалдырған қолжазбасы, не күнделігі, не естелігі жоқ «өз заманы үшін жұмбақ жан күйінде өткен ғажайып ақын» туралы бір ғана жазушының осыншалық телегей теңіз мәлімет жинап, үлкен монография мен төрт томдық өмірбаяндық эпопея жазып шығуы расымен таңданарлық құбылыс еді.

Әуезов Абайды көрген әр адамның жүзінен ақынның өмір жолын іздеді. Ділдә, Әйгерімдердің сол кездегі келбетіне қарап отырып, бір кезде Абайды ынтықтырған сұлу қыз көркін елестету жазушыға оңай тимегені анық. Ал ақынның шәкірті Көкбайдың бізге жеткен естеліктері Әуезов арқылы келсе де, ол өмірден өткенде «Абай туралы толық жазып ала алмадым-ау» деген өкінішінің өзі неге тұрады?!

Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын жазуға 30 жыл уақыты кетті. Он тоғыз жасынан Абай туралы жазуды ойға алып, 17 жыл толассыз ізденіп, 12 жыл тапжылмай отырып, жазып шығады. Эпопеяға кіріспес бұрын жазған ақынның ғылыми өмірбаянының өзінің төрт нұсқасы бар. Алғашқысы 1927-1933 жылдар аралығында жазылса, екіншісі 1940 жылы, үшіншісі 1944 жылы, соңғысы түгелдей толықтырылып 1950 жылы жазылды. Арасында «Абай» трагедиясы да дүниеге келеді. Ал ғалым М.Мырзахметов «Абайға келудің жолы» мақаласында: «Абай мұрасын танып-білудегі М.Әуезовтің қол жетпес екі ұшар шыңы болды: оның бірі толассыз ұзақ ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы дүниеге келген келелі еңбегі – «Абай Құнанбаев» деп аталатын монографиясы, екіншісі – Абайды қайраткер ақын ретінде бүкіл әлем халқына танытқан «Абай жолы» эпопеясы болатын», – дейді.

Ақыры не керек, Абай өмірбаяны жөнінде түрлі тақырыптарға барып, көл-көсір дерек пен мәлімет жинаған жазушы негізгі еңбегін жазуға дайын еді...

Әуезов «Абай жолын» соңынан бастап жазғанын білесіз бе?

 Әуезов алғаш 1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы Абай туралы екі томдық роман жазғысы келетінін, оның бірінші кітабының «Телғара» деп аталатынын халыққа жария етеді. Абайдың бала күніндегі бір аты «Телғара» болатын. Оны зерттеушілер өз анасы мен кіші шешесінің тәрбиесін қатар алуымен, тел өсуімен байланыстырады. Ал жазушы бұл атауды ақынның Шығыс пен Батыс поэзиясынан, мәдениетінен қатар сусындағанын негіз етіп алмақ болады. Алайда, кейін алғашқы екі кітап «Абай», үшінші кітап – «Абай аға», соңынан төрт кітап бірдей «Абай жолы» аталады. Кітап атауының соңғы нұсқаға тоқтау себебін Мекемтас Мырзахметов: «Абай ұстанған ағартушы-демократтық жаңа жолдың тууына себепкер құбылыстың объективті жағдайдан туған тарихи түп тамыры қайда жатқанын екшеп, атап көрсетеді. Осы таным кейіннен бүкіл Абай шығармаларының табиғатын тереңдеп білуде көсем пікірге айналды, әрі роман-эпопеясының идеялық мазмұнына да өзек, негіз болды. Осы себепті де эпопеяға саналы түрде «Абай жолы» деп ат қоюы да себепсіз атала салған нәрсе емес-ті», – деп түсіндіреді.

Жазушының «Абай жолы» эпопеясын екінші кітаптың соңғы бөлімінен бастап жазғанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл туралы Әуезов өзінің «Как я работал над романом «Абай» атты мақаласында: «Мне хочется рассказать о своем, несколько необычном методе создания своего произведения. Дело в том, что я начал писать роман не с первой главы, в которой моему герою только тринадцать лет, а с последней главы второй книги романа, когда моему герю уже 42-43 года. Эту главу я написал в 1937 году к столетию со дня смерти Александра Сергеевича Пушкина. Глава была опубликована на казахском и русском языках, называлась она «Как запела Татьяна в степи». Речь шла о пушкинской Татьяне Лариной», – дей келіп, бұл бөлімнен бастау себебін былай түсіндіреді: «Потому что эта глава полнее и конкретнее раскрывала основную идею романа и образ моего героя, казахского классика Абая Кунанбаева. Только после этой предварительной работы я начал писать роман хронологической последовательности».

Әуезов тілге тиек еткен ол бөлім «Татьянаның қырдағы әні» деген атаумен газетте жарық көреді. Бұл бөлімді жаппай оқыған жұрт ендігі сәтте романның өзін күтіп жүрген еді. 

«Абай жолының» жарыққа шығуына неге тыйым салынды?

 Әуезов романды жазуға 1938 жылдың аяғы, 1939 жылдың басында түбегейлі отырады. Қолжазбаның ортасынан асқанда шығарма көлемдене түсіп, екінші кітапқа жалғасады. Жазушы «Абайдың» бірінші кітабын толықтай 1940 жылдың күзінде бітіріп, баспаға ұсынады. Алайда кітап баспада ұзақтау жатып қалады. Бұл кезең туралы профессор Бейсембай Кенжебаев өзінің күнделігіне: «1941 жылдың басында бір барғанымда Мұхтар өте қуанышты еді. Кездесіп, әңгімелесе бастағанымыздан-ақ: «Мен биыл үлкен жұмыс бітірдім. Абай туралы біраз жылдан бері жазып жүрген романымның бірінші кітабын бітіріп, баспаға бердім. Бұған дейін ірілі-уақты бірсыпыра жаздым ғой. Мына романым соның бәрінен өзге, жазушылық қызметімнің бір биік белесі. Адам өзінің әр жұмысына, біріне аз, біріне көп дегендей, әртүрлі қанағаттанады, түрліше риза болады. Мен бұрынғы жазғандарымның ешбіріне бұл романыма қанағаттанғандай қанағаттанған, риза болған емес едім. Бұған бір айрықша қанағаттандым» дегенді айтты», – деп жазып қойған екен.

Сөйтіп жүргенде, 1941 жылдың мамыр айында Мәскеуде істейтін Бейсембай Кенжебаев Алматыға Қазақстан мемлекеттік баспасының бас редакторы болып келеді. Роман енді мұның қолына тиеді. Бірақ Орталық комитет Кенжебаевқа: «Абай» – ескілікті көксейтін роман, авторы да сенімсіз. Мұндай романды жарияламау керек. Бірақ Әуезовке басқадай сылтау айтып, кітабын қайтарып жібер», – деп тапсырма береді. Роман латын әліпбиімен жазылған еді, ал Кеңес үкіметі сол кезде кириллицаға көшіп жатқан. Б.Кенжебаев соны айтып «Кириллицамен жаздырып әкеліңіз» – деп, «Абайды» Әуезовке қайтарып береді. Жазушы бұл істі де жылдам жүзеге асырып, романды жаңа әліпбимен жазып әкеледі. Дәл осы уақытта соғыс басталып әскер, майдан туралы туындылар бірінші кезекке қойылып, «Абай» тағы кейінге шегеріледі.

Ақыры не керек, 1942 жылы баспа директоры Бейсембай Кенжебаев тәуекелге бел буып, басын қатерге тігіп, ешкімге айтпай «Абай» романын баспаханаға теруге жібереді. Кітаптың сүйінші данасы шыққан күні «Социалистік Қазақстан» газетіне рецензия жазады. Романның шыққанын жұрт сол күні бірақ біледі. Тіпті «Абайының» халыққа жетуін көптен күтіп жүрген Әуезовтің өзі сол күні естиді. Романға редактор болған Қуандық Шаңғытбаевтың жазуынша, жазушыға сүйінші хабарды Бейсембай Кенжебаев көзіне жас алып тұрып жеткізген. Әдебиет зерттеуші Құлбек Ергөбек ғалымның бұл әрекетіне: «Міне, осындай қысталаң, өзексіз тар, өңезе кезеңде Бейсембай Кенжебаевтың тәуекелі – қайталанбас рухани ерлік, қайталанбас кісілік», – деп баға береді. Расында, Бейсекең секілді халықшыл адамдар болмағанда, роман тағы қанша жатарын бір Құдай білер еді. Есесіне бірер күннен соң «саяси сенімсіз» адамның романын жариялап, оны мақтап мақала жазғаны үшін Б.Кенжебаев Орталық комитеттен сөгіс алады. Ғалымның бұл ерлігі баспадағы жұмысынан «өз еркімен» кетумен аяқталады. Өмірде көзге көрінбесе де, халық игілігі үшін өз бас қасын қатерге тіге отырып, жүзеге асатын ерліктер осылай жасалса керек...  

Оқырман «Абайды» қалай қабылдады?

 «Абай» романының бірінші кітабы оқырман қауымның қолына тие салысымен жазушыға үлкен атақ-даңқ әкелді. Абай мен Әуезовтің аты жұрттың аузынан түспеді. Сыншы Дандай Ысқақұлы: «1942 жылы М.Әуезовтің «Абай» романының бірінші кітабының шығуы қазақ әдебиетінің ғана емес, республиканың мәдени өміріндегі тарихи оқиғалардың бірі болды», – деп жазса, романды оқыған Бауыржан Момышұлы майданнан жіберген хатында: «Сені әдебиеттің полковнигі деп атаймын. Есейген Абайды білуші едім, бала Абайды білмеппін», – деді. Ал Мәлік Ғабдуллин: «Абайды» өзім оқып шыққаннан кейін жолдастарға беріп оқытып жатырмын. Жұрттың бәрі де романды зор табыс деп қуанышпен қарсы алды», – деп жазды 1942 жылдың қыркүйегіндегі хатында.

 Бірақ «Абай» романын оқыған жанның бәрі қуанышпен қарсы алды десек, өтірік айтқан болар едік. Оны талқыға салып, қатал сын айтқандар да көп еді. Олар негізінен Абайдың «бай баласы» екенін тілге тиек етіп, «баяғы өткен тарихты қозғайтын романды» шығарудың не мәнісі бар екенін түсінбеді. Алғашқы талқылау туралы Әуезов сыншы Ілияс Омаровқа жазған хатында: «Абай» романының бірінші кітабы шығып, соны жазушылар, сыншылар, кейбір ғылым адамдары боп талқылап, танымақшы боп жатты. Бірақ бір күнгі ұзақ мәжіліс түк те берекелі нәр бермеді. Баяндамашы Құнанбайды Иван Грозный деп, Петр Первый деп әр биікке қарай жетектеп алды да, қаңғыды да кетті. Кейін сөйлеушілер де жетістірген жоқ. Әркімі әрбір қабуын-шабуын дегендей сипалаған, сылаған болды да, кәдімгі белгілі саяз, сылдыр сөздерге сайды. Сол жиылыстың ең соңында күн бойы үндемей отырған Ғабит жиылысты басқарып отырған Сәбитке келіп, бір ауыз айтты: «Немене, адамша сөйлейміз бе, жоқ осымен кете барамыз ба?» - деді. Сол күннен бастап екі кеште ол бір баспа табақтай етіп өзінің роман жөніндегі, бар жұрттан оқшау, бөлек шырқау шыққан әділ, адал, саналы толғаулы ірі ойларын айтып шықты. Сөйтіп, келесі күнгі жиылыс «адамша сөйлеудің» нағыз өзін бастап еді», – дейді. Расымен «Абай жолына» ең әділ бағаны берген де, талдап мақала жазған да Ғабит Мүсірепов еді. «Мұхтардың «Абайына» шын мағынасында сын айтуға мен де жүрексінемін. «Абай» романын неше рет қайталап оқысам, сонша, әрдайым жаңа бір ой, жаңа бір көркемдік, бұрын оқығанда байқамай кеткен тереңдік табам», – деп дер кезінде айтылған ең тұжырымды пікір де Ғабеңдікі болатын. Кейін, Әуезов дүниеден өткенде табытының басында тұрып, Ғабең «Өмір күнде мереке емес, ренжіткен жеріміз болса кешір», – деп кешірім сұрады деседі. Ә.Кекілбаев Ғабеңнің бұл әрекеті туралы: «Сол күні де, содан кейін де Мұхтар Әуезовтің аруағының алдында Мүсіреповтен басқа ешкім әлгіндей сөз айтқан емес. Ғабит басқалардан айыбы көп болғандықтан емес, ақылы көбірек болғандықтан кешірім сұраған шығар», – деп жазды. Ал біздіңше, Ғабеңнің сол бір қысылтаяң кезде «Абай жолына» берген бағасы заңғар жазушының алдында қандай айыбы болса да жуып-шайып кеткен секілді.

 «Абай жолының» үш томы қолмен жазылған

 «Абайдың» бірінші томы жарық көріп, оқырман жылы қабылдағаннан кейін Әуезов кітаптың жалғасына кіріседі. Қайта-қайта елге барып, ақын туралы қосымша дерек жинауды жалғастыра береді. 1943 жылы Абайға арналып, арнайы ұйымдастырылған экспедицияны өзі басқарып барса, 1944 жылы Е.Ысмайылов бастаған экспедицияны ұйымдастыруға ат салысады. Бұл туралы 1943 жылы 11 шілдеде майдандағы Мәлік Ғабдуллинге жазған хатындажазушы: «Абай ауданына жүрейін деп отырмын. Бұл барыста романның екінші кітабына керек пейзаж көріністер, табиғат ерекшелігі сияқты бояуларды, әсіресе, айырықша жия қайтармын. Бұрын роман жазбай жүргенде өз ауданымызды жалпы біліп жүргеніміз жеткілікті сияқты еді. Арнап, қадағалап суреттеуге кірісем дегенде, қайта қарап сол Жидебай, Түйе өркештерді қайтадан көріп алу сияқты мақсаттарым бар», – дейді. Осының барлығы жазушының «Абай жолын» жазуға даярлығының қалай болғанын көрсетсе керек.

М.Әуезовтің мұрағатында сақталған, кейін 50 томдық шығармалар жинағына енген эпопеяның әу бастағы жоспарынан эпизодтардың алғашында түрлі нұсқалары жасалғанын көреміз. Кей бөлімдердің жоспарының өзі ондаған пункттен тұрады.

Жазушы эпопеяның соңғы кітабынан басқасының бәрін қолмен жазып, түзетіп, сосын ғана машинкаға бастырып отырған. Тек соңына келгенде ғана бірнеше тарауды алдын-ала ойша әбден пісіріп алып, кейін машинкаға ауызша айтып жаздырады. Жазушының сол кездегі машинисткасы Ғазиза Бисенова өзінің естелік кітабында: «Мұхаң «Абайдың» соңғы томын менің тұсымда жазды. «Абайға» келгенде, «Иманшартқа» түскендей-ақ, Мұхаң диктовкасына біраз жаттығып қалған едім. Әдетте күндізгі сағат оннан – он екіден 45 минут өткенше, ал кешкілікте сағат сегізден – он бірге дейін үш сағат диктовка жасайтын. Осы жұмыс мерзімін ол төтенше жағдайда, яки бір жаққа сапарға шыққанда болмаса, «Абайдың» соңғы томы біткенше өзгерткен жоқ», – деп еске алады.

«Абай жолына» қандай өзгерістер енгізілді?

 «Абай жолы» эпопеясы – қазақ қоғамының жарты ғасырлық тұрмысын, әлеуметтік жағдайын дәл бейнелейтін туынды. Мұндағы романның кейіпкерлері, барлық рулар, жетекші кісілер, тіпті жер-су атауларына дейін өз аттарымен берілген. Эпопеяда 953 кейіпкер бар, оның 91-і Абай өмірбаянынан алынған. Зәки Ахметов «Абай жолы» қалай туған?» мақаласында: «Эпопеяда Абайдың өзін былай қойғанда, Әбіш, Мағаш, Оспан, Базаралы, Тоғжан, Әйгерім, Ұлжан, Құнанбай, Әзімбай, Тәкежан, Оразбай, Бөжей, Жиренше, Майбасар секілді сол дәуірде, сол ортада өмір сүрген прототипі бар кейіпкерлер мейілінше, мол. Солармен қатар Дәрмен, Дәркембай, Иса, Иіс, Сейіт, Салтанат секілді түгелдей дерлік ойдан шығарылған кейіпкерлер де аз емес. Және оларды осылай екі топқа тек шартты түрде бөлуге болады. Өйткені, олардың арасынан жарылып айырылғандай пышақ кесті жік табу қиын», – дейді.

Яғни, көркем шығарма болғаннан кейін мұнда ойдан құралған кейіпкерлер де болған. Шәкәрімді Керім образында көрсеткен жазушы аяқ астынан Дәрмен секілді дайын кейіпкерді әкеліп, оны Шұбардан оздырады. Мұндай қадамдарға Әуезов амалсыздан барады. Өйткені, 1953 жылы «Казахстанская правда» газетінде «буржуазияшыл роман» деп «Абай жолын» айыптаған үлкен мақала жарық көреді. Онда Абайдың Меккеге бара жатқанда әкесіне жол көрсетуі, Құнанбай, Ділдә бейнесі сынға алынады. Нәтижесінде жазушы Құнанбайды қатыгез, қатал, Абайға қарсы адам ретінде суреттелді. Ал Ділдә «Абай жолының» алғашқы нұсқасында Абайдың сүйікті әйелі ретінде берілсе, кейін «байдың қызы» болғаны үшін жағымсыз рөлге ауыстырылып, «кедейдің қызы» Әйгерім алдыңғы орынға шығады. Бұл өзгертудің енгізілуіне жазушы Әлжаппар Әбішевтің «Абайдың махаббаты кедейдің қызы Әйгерім болуы керек. Оны шын сүйіп үйленген жары етіп жазса, Абайдың демократтығы ашылады», – деген сыны себеп болған. Осындай өзгертулерден кейін жазушы кітабының ары қарай жариялануына жол ашқанмен, енді ел ақсақалдарының сынына қалады. Құнанбайдың шын бейнесін білетін ақсақалдар арасында Әуезовке өкпелеп, қатты сөз айтқандары да аз болмапты.

«Абай жолындағы» тарихи шындық пен өтірік

 «Абай жолы» кітабы болған оқиғалар негізінде жазылғанымен, көркем шығарма екенін де естен шығармаған жөн. Әрине, Әуезов көптеген оқиғаларды кітабында өмірде болғандай етіп беруге тырысты. Мысалы, Құнанбай мен Бөжей арасындағы жаулықтың шығу себебін ол өз заманындағы қарттармен әңгімересіп, сөйлесу арқылы анықтады. Сол қалпында кітабында да берді. Кейін осы оқиға туралы деректі Омбы мұрағатынан тапқан ғалым Әлкей Марғұлан таңданысын жасыра алмай: «Абай туралы роман жазушы Мұхтар Әуезов бұл деректерді көрмеген. Сөйтсе де архив деректері мен оның романында айтылған тарихи эпизодтар бір-бірімен қабысып жатыр. Бұған қараған М.Әуезовтің ел аузынан жазып алған әңгімелері өзінің тарихи негізін бергі кезге дейін жоймай, архивте сақталып тұрған деректермен қатар айтылып келгенін көрсетеді», – дейді.

 Алайда, романда тарихи шындықтан тыс дүниелер көп еді. Бұл туралы әуезовтанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдан сұрағанымда, ол: «Көркем шындық бар, өмірлік шындық бар. Тарихи өмірлік шындық біткен жерден көркем шығарма басталады. «Абай жолы» – көркем шығарма. Біз Абайға келгенде тарихи шындық пен көркем шындықты айырбастап алдық. Маған салсаңыз, «Абай жолының» төрт кітабының ішінде бірде-бір өмірлік тарихи шындық жоқ дер едім. «Абай жолын» мен де талай оқыдым. Білмей айтып тұрғаным жоқ. Ал көркем шындық тұрғысынан алғанда бірде-бір өтірігі жоқ. Мысалы, Құнанбай образына қатыстысын келтірейін. Біріншіден, Қодар мен Қамқа оқиғасы өткен 1834-1839 жылдардың арасында Абай дүниеге келген де жоқ. Дүниеге келмеген Абай ол оқиғаны қалай көреді? М.Әуезовтің өзі: «Абай Қодар-Қамқа оқиғасын естіген болуы мүмкін» деп жазады. Абайдың естігенінің өзіне Әуезов «мүмкін» деп қарайды. Бірақ көшпелі өмірде, қазақ халқының тұрмысында ол оқиға орын алған.Тарихи шындық екені рас. Ал көркем шығармада ол Абайдай кейіпкерді дүр сілкіндіру үшін керек болып тұр. Әуезовтің ұлылығының өзі осында. Екіншіден, Базаралы мен Абайдың арасына келейік. Базаралы Тәкежанның 800 жылқысын барымталап әкетіп, екі рет жер аударылады. Қаншама сараң бай болса да мал – Тәкежандікі, ұрлап отырған – Базаралы. Сол Базаралыны жер аудартқан Құнанбай емес, Абай. Құнанбай 1851 жылдан кейін билікке қайтып келген жоқ. Аға сұлтан да, болыс та болған жоқ. Жер аудартқан – сол кезде қолына билікті ұстап отырған Абай. Абайдікі дұрыс, өйткені Базаралы – барымташы. Өмірлік шындық осы. Ал көркемдік шындықта бәрі басқаша. Абай мен Базаралының достығы қандай?! Үшіншіден, Қодар – Қамқа оқиғасынан кейінгі үлкен оқиға – Мұсақұл соғысы. Бұл оқиға 1845 жылғы қыркүйектің 10-16-сы аралығында өткен. Ол кезде Абай – әлі қырқынан шықпаған бара. Янушкевич: «Құнанбай жаңа туған баласының іші ауырып, маймен сылатып жазып алды», – деп тамыздың 25-терінде жазған күнделігінде айтқан. Ал, қыркүйектің ортасында Мұсақұл соғысы кезінде «Құнанбай ағайындарына әлденеге ширығып, бізбен тез қоштасып кетіп қалды», – дейді. Ол Құнанбайдың Мұсақұл соғысына кетіп бара жатқан кезі. Қырқынан да шықпаған Абай қалай екі ортаға елшілікке жүреді? Бірақ, бұл – Құнанбайдың басынан өткен оқиға. Әуезов өте күрделі ойлардың өзін қиыннан қиыстырып жазған. Бірінші кітапта Қодар мен Қамқа оқиғасы «шынымен болған» десе, екінші кітапта «болған еді», Сүйіндіктің ойы, Жексен шалдың ойы, бақташының ойы деп ойды кейіпкерлерге бөліп береді. Оқып отырған адам болған, болмағанын өзі түсінбей қалады. Кейін тура осы жерін 10-15 рет оқып, әр сөзін зерттеп, қарап отырдым. Онда Әуезовке ешкім мін таға алмайды. Өйткені, бірде-бір авторлық мәтінде «Қодар-Қамқа оқиғасы болмады» деген сөз жоқ. Басқа кейіпкерлердің ойына салып берген. «Абай жолында» Абай – идеалдық тұлға. Әуезовтің өзі «Мен Абай арқылы идеалдық тұлға, кіршіксіз, толық адам жасағым келді» деген болатын. Сол мақсатына жетті де. Тарихи шындық көркем шындыққа айнала отырып, Абай әр оқиға сайын биікке көтеріле берді. Ойлы оқырман осыны түсіну керек», – деп жауап берді.

Жазушы күнделікті ұсақ-түйек оқиғаларды алса, «Абай жолындай» үлкен дүние тумас еді. Абай туғаннан бұрын болған ірі оқиғаларды оның өмірімен байланыстыра отырып беруі – Әуезовтің шеберлігі еді.

 «Абай жолын» әлем қалай бағалады?

 Тағдыры қыл көпірдің үстінде тұрып жазып шыққан, жала, айыптаулардың небір түрін естіген Әуезов 1949 жылдың сәуірінде «Абай» романы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын алады. Бұл Әуезовті қазақ елінің ғана емес, бүкіл Кеңес үкіметінің бағалауы еді. Кітап алдымен орысшаға, кейін әлемнің көптеген тілдеріне аударыла бастады. Орыс жазушысы, «Абайдың» аудармашысы Леонид Соболев: «Мұхтар Әуезовтің «Абайы» – бұл нағыз роман, басқаша айтқанда, өмірдің тұтас қыртыстарын қотарған, тұрмыстық адамдар арасындағы құштарлықтың, махаббат пен өшпенділіктің айқын бояулы картиналарын жасаған және ең бастысы, есте қаларлық жарқын образдар арқылы халық тарихының өмірлік процестерін жинақтаған, құлашы кең кітап. Бұл романды мен соншалық рахаттанып аудардым», – деген болатын.

 Былайғы жұрт енді Абай мен Әуезов атын қатар атайтын болды. Әуезов әлемге Абайды таныту арқылы өзін де танытты. Өмірінің соңғы жылдарында шетте шипажайда жатқанында Әуезовтің сыртынан «Абай, Абай ғой» деп көрсететін көрінеді. Бұл туралы жазушы жұбайы Валентинаға: «В санатории «Абай», видимо популярен», – деп жазатын көрінеді. Сөйткен Абайына Әуезов өмірінің соңына дейін адалдық танытты. Ақын мұрасын жинақтап, ол туралы жазғаны өз алдына, артында қалған ұрпақтарына дейін үйіне жинап, қолынан келген көмегін беріп, әрқайсына стипендияға дейін таратты. Ал ол жазған «Абай жолы» – күні бүгінге дейін қазақ тарихындағы теңдессіз көркем туынды.

Сөз соңын неміс жазушысы Альфред Курелланың: «Сіз әлі «Абайды» оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағаныңыз. Бұл – таңғажайып, бұл – керемет! Далаға жан бітіп, дүние алғаш жаралғандағы мөлдір табиғатымен, бар тіршілік-тынысымен, тәуелсіз тұлғалы жандарымен сіздің көкірегіңізге кеп орнайды. Олардың бойындағы қызулық пен құмарлық қандай, дәл Шекспир суреттеген бейнелердің өзі!» – деген пікірімен аяқтағым келеді.

 Ал сіз ше? «Абай жолын» оқыдыңыз ба?

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. М.Мырзахметов. «Мұхтар Әуезов және Абай әлемі». – Абайды білмек парыз ойлы жасқа. Алматы, «Санат», 1997. – 416 бет.
  2. Әуезов М. Шығармалары. Абай жолы. Т. 1. Роман-эпопея. – Астана: Фолиант, 2013. – 424 бет.
  3. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. Алматы: «Дәуір», 2014.
  4. Ахметов З. «Абай жолы» қалай туған?». – Қазақ әдебиеті. 27 январь, 1984.
  5. Мырзахметов М. «Абайға келудің жолы». – Қазақ әдебиеті. 17 қаңтар, 2014.
  6. Қаратаев А.М., Қайырбаева А.М. «М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының жазылуы мен жариялануы». ҚазҰУ хабаршысы. №2, 2017.
  7. Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дереккөздері. – Алматы, Санат. 1997.
  8. Аңыз адам. Мұхтар Әуезов. №10. 2010.

4 пікір
  • жақсы мәлімет екен. Енді мұндай кітап жазыла қоймайтын шығар, тек қазақта емес, әлемде
    6 жыл бұрын
  • Мен Абай жолының 4-ші томында тоқтадым да әрі қарай жылжи алмай-ақ қойдым. Шыдамым жетпеді. ) Бірақ әйелім екі қайтара оқығандығын айта кетейін. )
    Жақсы мәлімет. Марфуға қарындасымызға рақмет.
    6 жыл бұрын