Әр кәллада бір қиял...
Әр кәллада бір қиял...
11 жыл бұрын 5793 MaKars/Shutterstock
Рысалды Алтай

...Көше бойын жағалай кідірген көлікке алпамсадай жігіт тұра ұмтылды. Санасында: "Жұмыс табылатын болды-ау ақыры" деген қуанышты ой жарқ еткен. Бірақ, сүліктей қара "джип" ішіндегі адам өз шаруасымен бөгелген екен. "Қандай жұмыс?" деген мұның сауалына басын шалқая шайқап тастап, өз бетімен жөней берді. Көліктің көше жақ әйнегі ашық. Жөней берді де сәл кідірді. Екеуінің жанары осы сәтте арбасты да қалды. Бірі - болып-толған - бай-кәсіпкер. Бірі - тапқаны тамағынан аспаған - кедей-жұмысшы. Бір-бірін көріп тұрғаны осы. Сонда да екеуі бір-біріне сұмдық қызыға қарады. "Әр кәллада бір қиял". Кім не ойлады?

Кәсіпкер - Мәди де, жұмысшы - Әли еді. Сонда Әли ойлады: "Мінгенің мынадай мәшине болғанда, үй-жайың қандай екен? Пішендей үйілген ақшаңның есебіне өзің де жете алмай, басың қатып келе жатыр-ау. Жер шарының қай түкпіріне әулетіңмен барып түстенем десең саған бөгет болар дәнеңе жоқ. Сендей адамда арман деген болар ма, сәрі? Ал, мен ше?" Сөйтті, де сүлік қара "джип" соңынан сүйсіне қарап тұрды да қалды.

Ал, Мәди болса: "Жалтыраған көлігіме, жылтыраған киіміме сонша сұқтанып, қызыға қарадың-ау, бауырым. Дәл осы сәтте сенің мына бейғам жүрісің  мен үшін қолым жетпес арман ғой. Сен аз табыс тапсаң да кешке үйіңе еркін барасың. Бала-шағаң ортасында жадырап  асыңды ішесің. Ұйқың тыныш,  көңілің тоқ. Бақыттысың ғой, сен! Ал, мен ше?" - деп, айнаға үңіле түсіп, арт жаққа қызыға көз салумен кетіп бара жатты.

Қадірлі, оқушым! Енді, Әли кім, Мәди кім? Жақын танысып көріңізші...

ӘЛИ КІМГЕ СЕНЕДІ?

...Әли тықыршып-ақ тұр. Есіл-дерті табыс табуда. Көлденең пайда, көл-көсір дүние емес, Әлидің сабырын алған бала-шағасының тамағына жетерлік пұл ғана. Алматының "Құл базары" атанған Сейфуллин даңғылын жағалап жүргелі он жылдан асты. Содан бері Әли не көрмеді десейші? Қаршадайынан қара жұмыстан беті қайтпаған. Ақшасына қызығып, байшікештердің небір ауыр жұмысына жегілді-ақ. Қойма-қойма, вагон-вагон, "Камаз-Камаз" кірпіш, ағаш, құм, цементтерді тиеп-түсіру. Бұл - бекзат шаруалар ғой. Ал, дәретханасын әдейі қолмен тазалатып, қала сыртындағы қоқысты апталап қопартып, жоғалтқан затын іздетіп қоятын жұмыстарға да сан барды. Сондай кезде іңірлетіп үйге келсе, үстінен мүңкіген иісінен қашып, ұлдары қасына жоламайтын.  Қорлыққа көнді, мазаққа төзді. Бәрі ұмытылады екен. Қолына жұғып қалған ештеңе жоқ. Есесіне, тамағын адалынан тапты. Ары таза.

Әли: "Есектің артын жу да, мал тап" деген әке тәрбиесін бойға сіңіріп өскен жігіт. Маңдай тер төкпей табыс табу ойына кірген емес. Бір тауарды бесеу қылып, алып-сатып жүрген саудагерлікті  де, өтімді затты өндіріп, көзін тауып өткізіп кәсіп қылғандарды да көрмей-білмей жүрген жоқ. Сөйтсе де, бұл соның бірін өз бойына шақ көрмей-ақ қойды. Саудаға кіріссе ары былғанатындай, кәсіпке араласса қолы жүрмейтіндей сезініп, тартынады да тұрады. Содан: "Құдай берген денсаулық пен күш-қайратым бойымда тұрғанда осы жұмысымнан артығы жоқ. Табысың бар, тұрағың бар, қатын бала-шағаң аман, бұдан артық енді саған не керек, Әлеке", - деп өзін-өзі  жұбатып қояды. Бірақ, бұл жұмыстың да кетеуі кетіп қалар кезі аз емес. Міне, осымен үшінші күн. Таңнан қара кешке дейін Сейфуллиннің бойында бос сенделумен жүр. Басқалар сияқты карта ойнап, темекі тартып уақыт өткізуге жоқ. Арақ-шарапты татып алмайды. Тіпті, бөстекі әңгімеге де әуес емес. Түс ауып барады. Тықыршитын жөні бар. Бүгін де құр қол қайтпаса игі еді. Осындайда еске түседі бәрі. Қаланың әр түкпірінен пәтер жалдап, көшіп-қонып жүргелі талай жыл. Тұрақты тіркеу о бастан жоқ. Алты ұлдың алды мектепке барар жасқа жетті. Әйелі болмашы тиын-тебенге бола бір дүкеннің еденін жуатын. Қазір үшемге босанып, үйде отыр.  Өзінің жүрісі болса мынау. Осы уақытқа дейін тапқаны пәтер ақы мен тамағынан, арзанқол киім-кешектен асып көрмепті.

Әли ойланып тұр. Көшенің қарбалас тірлігіне қарап: "Осы тағдыр деген қызық, ә? Алматыға менен кейін келген жігіттердің көбін білем. Аз жылдың ішінде астында "иномарка", басында коттедж, фирма басқарып шыға келетініне таңым бар. Бірақ, менің тірлігім де Құдайға шүкір ғой? Алла бұйыртса, қала әкімшілігі үшем туған біздің отбасыға баспана беруге қамданып жатқан көрінеді. Осы бірер күнде қоныс тойын тойлауға жетерлік қаражат тапсам жақсы болар еді ", - деп қояды. 

МӘДИ ҚАЙДА БАРАДЫ?

...Мәдидің шақшадай басы шарадай болып келеді. Ұрттап ішіп, шайқап төккен бейғам тірлігі жалғыз күнде астаң-кестең өзгерді. Ес білгелі тығырыққа тірелгені осы. Оңбай омақасып түсті. Бүтін өмірі көз алдынан зулап өтіп жатыр. Министр әкенің арқасында бұла өсті. Әкесі өмірден өткенше жалғыз ұлының дәулетін шарықтатып берді-ақ. Оңай табысқа құныққан бұл соңғы оншақты жыл үйдің бетін көрмей  "бизнес" қуды. Шаңырағына апта аралатып, айына бір соғатын. Есіл-дерті "миллиардқа" жету болды. "Ұл өсті, қыз бой жетті. Соларды аяққа тұрғызуым керек. Ақша болса, бәрін реттеуге болады" деумен көңілін тоғайтатын. Бәрі бекер екеніне кешелі бері көз жетті. Ақша ештеңені реттемейді екен. Кеше ұшақтан түскен бетте үйіне барып, әйелін ашынасымен төсекте жатқан жерінен ұстады. Қызын жезөкшелердің ортасынан іздеп тапты. Ұлы есірткінің құлы болыпты. Бар сенген жан досы фирманы банкрот қылған. Талай жылғы төленбеген салық, салықтан жалтарған қитұрқылық пен былық-шылықтың  бәрі  ашылып, үй-жай, дүние-мүлік, көліктер мен есеп-шоттар тегіс "тұтқынға" түсіпті. Жалғыз күнде тақырға отырды. Дәл осы келе жатқанында өзінікі деген түк қалмаған. Тіпті, өзінде де ерік жоқ. Кешке дейінге қолхат жазып, соңғы рет сұранып шыққан беті. Ертеңнен бастап түнер жері - түрме. "Харам істің басы сайран, түбі ойран" дегенді, қайдан естігені Мәдидің есінде жоқ. Сүліктей қара көліктің айнасына үңіліп, іші қан жылап барады.

***

...Әңгімемізді осы тұстан түйіндесек дейміз. Айтпағымыз, әркімнің еншісіне Аллаһтың берген тиесілі несібесі, белгіленген тағдыры бар. Сіз бен біз де көшеде көп жүреміз. Сырты жылтыр дүниеге, пошымы тоқмейіл адамдарға көзіміз көп түседі. Пендешілікпен қызығып қалмайық. Сондай сәтте Әли мен Мәдидің кездесуін еске түсірген абзал шығар.          

0 пікір