Алтай-Тарбағатайдағы дін үшін күрес
Алтай-Тарбағатайдағы дін үшін күрес
6 жыл бұрын 2488
Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

(Сәбит дамолла мен Зуқа батырдың діни қайраткерлігі)

Зуқа батыр

Ұлт қайраткерлері Зуқа батыр мен Сәбит дамолланың өмір тарихы мен қилы тағдырының кезеңі Ресейдегі патша үкіметінің шоқындыру, Гоминьдан үкіметінің отарлық езгіге қарсы саясатынан басталды Қазақ даласына киелі дінді таратып, өмір сәулесіне, тарих сахнасына, заман тынысына алғаш дінді уағыздап, діни жолда ағартушылық ерен еңбек еткен Сәбит дамолла жайында біреу білсе, біреу білмес. Алайда Зуқаны Сәбиттің ұлы Нұрмұқамед абыздың немересі екенін жұрт біледі. Әсіресе Қытай қазақтары мен Моңғолия қазақтарына дін қайраткерлерінің династиясы ежелден жақсы таныс. Бірі дін қайраткері атанса, бірі дін күрескері болып әкелі-балалы екеу тарих сахнасында үлкен қызмет атқарды. Сол бір зұлматты XX ғасыр басында Алтай-Тарбағатайдағы барша қазақ халқының әлеуметтік, таптық, тіпті мүліктік жіктелу дүниесі орнаған тұста қоғамның белсенді мүшесі, әрі жауынгер батыры, діни қайраткері ретінде ұлттық тұлғаға айналды. Тарихтан білетініміздей, сол кездегі Зуқа батыр сынды ұлы бабамыздың өмірі, Абайша айтқан болсақ, соқтықпалы-соқпақсыз жерде, айтыс-тартыс күрес үстінде өткені рас. Ал енді дара тұлға Зуқаның өмірбаянына, тарих сахнасында атқарған қызметіне көшетін болсақ, әлі де тың деректердің аздығы көзімізге ұрынады да тұрады. Тіпті деректер жоқтың қасында. Ал Зуқа батыр жайында бүгіндері қызығушылықтар ерекше артып келеді.

Адамға имандылық негізі отбасындағы тәрбиеден, қоғамдық ортасындағы руханиятынан сіңетінін аңғаратын болсақ, Зуқа батырдың дін күрескері, ұлт қайраткері болуына үлкен ықпал жасаған – әкесі әрі ұстазы Сәбит дамолла. Бүгінде ол туралы көп айтыла қоймайды. Осындайда «Құнанбай мықты болмаса, Абай қайдан туады?!» деген пікір орынды айтылғандай. Ұлт қайраткерлері Зуқа батыр мен Сәбит дамолланың өмір тарихы мен қилы тағдырының кезеңі Ресейдегі патша үкіметінің шоқындыру, Гоминьдан үкіметінің отарлық езгіге қарсы саясатынан басталды. Бұл кезеңде жасампаздық әрекетке көп кедергі туғаны рас. Өйткені екі алып империяның бірінде ұлт-азаттық күрес жүріп жатса, екіншісінде ондай күрес аяқталып, екінші кезеңі басталған уақыт. Әйткенмен халқының төлтума қасиеттері мен құндылықтарын санасына сіңіре өскен Зуқа батыр мен Сәбит дамолланың ұлы қайраткерлік істерін рухани шәкірттері, жауынгерлері ізін басып, одан әрі жасампаздана түсті. Жалпы сол уақыттағы дүрбелең кезеңде дін қызметкерлері мен күрескерлері үлкен қызметтер атқарды. Алаш қайраткерлері бастаған ұлт-азаттық қозғалысының басы-қасында ғұлама Шәкәрім қажы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, діндар ақын Ғұмар Қараш, Қосшығұлұлы Шаймерден, Науан хазірет, Сәбит дамолла, Ахмет ишан Оразайұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Зуқа батыр сынды дін қызметкерлері болған.

I

Шығыс Түркістан көтерілісі

Жоғарыда сөз еткендей XIX ғасырдың соңында Ресейдің патша ағзамы мен Қытайдың Цинь патшалығы отарлау саясаты қазақ даласын бөліске салып, шекара сызығын бекіту болды. Бұл туралы Д. Мәсімханұлы «Еуразиялық өркениет – ежелгі түркі және қытай елінің рухани қарым-қатынасы» атты кітабында ерекше түсіндіріп кетеді. Сол уақыттағы дүрбелі кезеңде әке мен бала, шеше мен қыз, ағайын-туыс бір-біріне айырылып, жұрт бөлініп кете барды. «Тарихтан белгілі болғанындай, XIX ғасырдың соңғы жартысында патшалы Ресей мен Қытайдың Цинь патшалығы қазақ даласын пышақ үстінен бөліске салып, қызыл сызықпен қақ бөліп алды… Қазақ деген халық бар еді-ау, бұл солардың жері еді-ау» деп онымен есептескен кісі болған жоқ… Сөйтіп қазақ жерінің үлкен бір бөлігінің Қытайға қосылуы, сол өлке мен тарихи отанның екі арасында шекара сызығының түсуі көшпелі елді көгертпегені өз алдына, көп өтпей әке баладан, шеше қыздан, аға ініден, бас денеден, аруақ тіріден, жүрек қолқадан айырылып, бүтін бір халық екі империяның қанжығасында жылай-жылай бөлініп кете барды», – дейді ғалым ағамыз Д. Мәсімханұлы [1, 362]. Расында сол тұста елім айлап көшкен жұрттың бірі шекараның бер жағында, көшкені ар жағында аманат арқалап қалды. Ендігі мақсат, «болары болып, бояуы сіңген» сұрқия саясаттың шеңберінде қызмет атқарып, екі ел арасындағы халықтың ұлттық күрескерлік рухын, қайратын ояту болды. Ол жолды діни ағарту идеясы арқылы жүзеге асыруды Тарбағатай теріскейіндегі қазақтар секілді күнгей қазақтары да түсінді. Аталған өлкеде әлсін-әлсін көтеріліп тұрған ғазауат соғыстарын күшейту үшін білім қажеттігі айқын болды. Ең ақырғы қазақ ханы Кенесарының басы тәуелсіздік үшін оққа байланып, қапыда шейіт кетті. «Енді қандай жол бар?» дегенде, заманында асып туған Ақтайлақ би оқу-ағарту, діни сенім бостандығы келешек жол екендігін ұғындырды. Алтай мен Тарбағатай және Шығыс Түркістан қазақтары да ислам негіздерін бұрынғы ескілік наным-сеніммен емес, діни ағартушылық жолмен де меңгере бастады. Бұл өлкеде де бірте-бірте ислам шапағатының айы оңынан туып, алғашқы медреселерде салына бастады. Алтайдағы қазақ халқына діни-ағартушылық бағыттағы ислам діні XIX ғасырдың екінші ширегінде қалыптаса бастаған. Бұл туралы жазушы-журналист Жәди Шәкенұлы «Қытай қазақтары» кітабында келтіреді. «Алтайдағы қазақ халқы арасында XVIII ғасырдың орта шенінен бастап ислам діні біршама жүйелі таралып, бұрыңғы шаман дініне сену біртіндеп әлсіреп, ислам діні біртіндеп үстем орынға шыға бастады. Ал діни оқу, ислам діні ғұлама молдаларын жетілдіру Алтайда XIX ғасырдың алғашқы жарымында басталды» [2, 97]. Алтай-Тарбағатайдағы алғашқы діни медресені Орта Азияның Бұқар қаласынан келген өзбек Шағи Мансұрдың баласы Мұқамед Мұғиман салғызады. Алдымен әкесі келіп, Алтай аймағындағы іргелі абақ керейге дін таратады. Баласы Мұқамед Мұғиман 1865 жылы Алтайдың Қыран өзенінің бойында медресе салдырады. «Алтай – қазақ ұлты көп қоныстанған өңір. Сондықтанда Шыңжаң қазақтары мекендеген өңірдегі ең алғашқы медресе 1865 жылы Алтайдың Қыран өзені бойындағы «Сары мешіттен» ашылған медресе болды» [2, 98]. Алғаш ашылған «Сары мешіт-медресесі» Алтайдағы он екі керей ішіндегі аты бар, ауқаты бар адамдардың балаларын әр жылы оқытып отырған. Мұқамед Мұғиманнан кейін Алтай қазақтарына діни ағартушылық ілімді Сәбит дамолла Нұрмұхамедұлы жеткізеді. Жазушы ағамыз Жәди Шәкенұлы жоғарыда атап өткен «Қытайдағы қазақтар» еңбегінде Сәбит дамолланың Алтай бетінде қызмет атқарғанын айта келіп, Алтайдағы қазақтардың би-төрелерінің балаларын оқытқанын жазады. «1843 жылдың күзінде Қазан, Бұхар қалаларына барып, діни оқу оқып Алтайға оралған Сәбит дамолла (Абақ керейдің ителі руынан) Сауырдағы Қасымхан ғұң, Алтайдағы Жұртбай би, Қабадағы Оспан төрелердің ұсынысы бойынша Сауыр, Қыран, Ертіс, өңірлерінде, жоғарыдағы би-төрелердің ауылында бала оқытқан. Оның 40 жылдық өмірі ауыл оқуына арналған» [2, 98].

Дегенмен Сәбит дамолланың Зайсан аймағында тұрып, бала оқытуы әлі де болсын ақтаңдақ мәселе емес. Тіпті кейбір зерттеулерде «Зуқа әкесі дүниеден қайтқан соң, Қытайға ауа көшкенін» көрсетеді. Тарихи шыңдық ақиқатқа жанасатын болса, Сәбит дамолланың екі ел арасындағы діни қайраткерлік еңбегі ұшан-теңіз деп білеміз. Олай болса, қасиетті шығыстың Қалбатауында дүниеге келген Сәбит дамолла – екі ел арасындағы бодандықтың құрсауын бір кісідей көріп, қияметіне төзген дін қайраткері. Ол – алдымен қазақ даласындағы орыс патшалығының шоқындыру саясатын, олардың қазақтарды дінінен бездіріп, салт-санасынан айырып, өз тіліне, дініне қосып отырған озбырлығын көрген тұлға. Сол тұстағы патша ағзамның шоқындыруы саясатына қарсы шығып, орыс мәдениетіне құшақ жаймай, осы бір айтусыз халықты қасиет көрмеген, баласын шоқындырып, қызын орысша иландырып бара жатқан орыс халқына ыңғай бермеген Сәбит дамолла болатын. Халықтың ұлттық оянуын, тура жолдағы дұрыс бағытын діннен деп, осы жолдағы ағартушылықты қолдаған бірден-бір жан иесі де қайраткер Сәбит Нұрмұхаммед абыз баласы. Оның елі үшін мұраттары мен мақсаттары қаншама еді. Ол діни ағартушылық білімін меңгеріп, медресе ашуды көздеді. Десе де діни жолды династиялық қызметке серік еткен Сәбиттің әкесі Нұрмұхаммед те дін қайраткері, абызы атанған. «Ол қалайша ұлын діни білімнің шұғылалы орталығы Бұхарға оқуға жібермейді» деген сауал мазалауы да мүмкін. Сондықтан Нұрмұхаммед абыз баласының білім нәрімен сусындап, дін жолында аянбай еңбек етуіне ықпал жасады. Сол тұста шығыстан оңтүстікке аттанып, білім алу үшінде әкенің дәулеті қажеттілік туғызады. Сол уақытта абыздың, бай дәулетті сұлтан-хандардың балалары Бұхар, Қазан қалаларынан білім алған. «XVIII ғасырдың кейінгі жартысы мен XIX ғасырда қазақ хан-сұлтандарының және дәулетті адамдарының балалары Бұхара, Самарқанд, Қазан қалаларына барып діни медреселерде оқыған. Қазақ арасынан молдалар жетіліп шыққан. Қазақ халқы жиі қоныстанған жерлерде медреселер ашылған» [2, 97]. Шығыс өркениетінің орталықтары болып саналатын Бұхар мен Самарқанд жоғарғы оқу орындарын тәмәмдап, Қазан қаласында діни сауатын жетілдіріп, елге оралғанда Сәбит дамолла жан-жақты білімдар, ғұлама ғалым, тәжірбиелі ұстаз болып қалыптасумен қатар жәдиттік бағытты ұстанған қоғамдық қайраткер де болып үлгерген. Міне, енді сол оқып-білгенін, өз қызметін ел игілігіне жарату, халқын отаршылдық бұғаудан азат ету жолдарын ойластырады. Сол жолда ерінбей еңбектеніп, діни сауатын жетілдіріп, елге оралған Сәбит Нұрмұхаммедұлын туған жерінде халқы асыға күтеді. «Ел үмітін ақтар, ертеңгі жер иесі жас ұрпақтың жадына білім нұрын төгеді. Ел-жұртына әспеттеліп, әйдік мәртебе дамолла атанды. Ласты, Тасты, Буыршын, Тарбағатайға төрт бірдей медресе ашып, бар ғұмырын бала оқытуға сарп етеді. Осы мешіт-медреселерде бес жүзден астам бала оқып, қара танып, діни білім алса керек. Жас Зуқа да қаршадайынан мол діни білімді әкеден, сондай-ақ, осы өлкеге дін тарату үшін жіберілген Мұхаммед Мумин ишаннан сабақ алады», – дейді Б. Бәмішұлы «Аласапыран замана арыстаны» атты мақаласында [3]. Сөз етіп отырған, Сәбит дамолла оқыған Бұхар каласы жәдиттік козғалыстың негізгі ошақтарының бірі болып саналған. Сондықтан жәдиттік идеяны көзі ашык, көкірегі ояу Сәбит дамолла да бірден қабылдап, оны іске асыру жолындағы күреске дайын болды. Осылайша туған жеріне келіп, мектеп-медресе ашуда, діни ағартушылық бағытта жәдиттік ілімді меңгертуге ықпал етті. Жәдит мектептері деген түсінікті қалыптасыру үшін «Алаш қозғалысы» энциклопедиясында былай деп анықталып, сипатталады: «Жәдит мектептері – XIX-XX ғасырлар тоғысында Еділ бойы, Кавказ, Түркістан, Қазақстанда ашылған жаңашыл мұсылман мектептері. 1884 жылы аса көрнекті түрік қайраткері, тегі қырымтатарлық Гаспаралы Исмаил бей пікірлестерімен бірге діни оқуды халыққа терең білім беру ісімен ұластыра отырып, жаңа оқу жүйесін жасады» [4, 188]. Бұқар медресесінің жәдиттік ілімін меңгеріп, Тарбағатай, Қалбатау өңірлеріне мектеп-медресе ашу барысында Сәбит дамолла мектебінің шәкірттері діни ағартушылық білім беру мәселелерін толық меңгере алды деп айта аламыз. Бұл жерден Сәбит дамолла білімін тіптен тереңдетіп, шығыстың бай әдебиетін, философиясын меңгеріп, көне түрік тілі, араб, өзбек, парсы, татар тілдерін жетік меңгеріп, жан-жақты білімдар, ғұлама ғалым, тәжірбиелі ұстаз болып үлгереді. Өйткені Сәбит дамолланың жәдиттік бағыттағы ілімін Қытайдағы қазақ жастары да үйреніп, оның кең етек жаюына ықпал жасады. Олардың қатарында Ақыт қажы, Зуқа батырларды айта аламыз. Сәбиттің үздік шәкірттерінің бірі, ізін жалғастырушы Зуқа батыр туралы Ж. Шәкенұлы: «Зуқа Сәбитұлы – Қытай зұлымдығына қарсы шыққан қас батырлардың бірі. Оның әкесі Сәбит Алтай өңіріне танымал болып, халықтық ағартуға өзіндік үлес қосқан. Зуқаны да көп оқытып тәрбиелеген. 1903 жылы қажыға жіберді», – дейді [2, 88]. Осы орайда Сәбит дамолладан білім алған, әкелік өсиет тыңдаған Зуқа батыр Сәбит дамолланың ең үздік шәкірті, талантты оқушысы болып қала бермек. Кейін әке жолын қуып, Қытайда да медресе ашып, рух күрескері атанды. II Халықтың рухани байлығы – шын мәніндегі көркем әдебиетінде, тарихи деректерінде сомдалып, жазылатын талассыз шыңдық. Ендеше алдымен Зуқаның кім екеніне тоқталсақ. Қасиетті Шығыс топырағы – талай дарындарды, ел бастаған көсемдердерді, төрелік етер би-шешендерді, күміс көмей әншілерді, небір дүлдүлдерді, ақын-жазушыларды дүниеге әкелген киелі топырақ. Осындай жерде туып, түлеп өскен Зуқа батыр қалайша, тарихи тұлға болмасқа. Батырдың көзсіз ерлігі, тарихтағы атқарған қызметі жайында Бақытбек Бәмішұлының зерттеу мақаласы тұжырымды баяндалған. «Зуқа батыр Сәбитұлы – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ел-жерімен бөтен жұрттың бодандық езгісінде қалып қойған қазақтарды аумалы-төкпелі заманның алуан түрлі апатынан қорғап, басшысыз, биліксіз, қорғансыз, қарусыз халқын жан-жағынан талап, тонап, басымшылық көрсетіп қанаған үстем өкіметтің өктемдігінен қызғыштай қорып, қажет кезінде қарсы тұрып, әлеуметтік теңсіздіктермен өмірінің соңына дейін бел шешпей, аттан түспей аяусыз күрескен қайраткер, қолбасшы тұлға, қайсар батыр», – дейді зерттеуші Б. Бәмішұлы [3].

Зуқа батыр жоғары да сөз еткеніміздей, әкесі Сәбит Дамолланың жәдиттік ағымдағы мектеп-медресесінен білім алады. Соның арқасында жасынан зерек, қабілетті, алғыр болып өседі. Тіпті діни ілімі мен құран сүрелері, шариғат жайындағы түсініктері ерте қалыптасты. Оқуда үздік көрінген шәкірт Зуқа ат жалын тартып мініп, ел ісіне араласып саяси көшбасшылық жағынан да көрінді. Әкесінен жастай жетім қалып, Зуқа байдың жылқысын баға жүріп, жетім мен жесірге, кедей мен кепшікке бай-төрелердің батқан тырнағын ерте сезінеді. Әлсіздерге әлімжеттік көрсеткендерге қарсы келіп, ылғи да жоқ-жітіктердің жанынан табылады. Әлдекімнен зорлық, қорлық көріп тауаны шағылғандар жас та болса қара бұқараның қамын жеп жүрген бозжігіт Зуқаға келіп, арыз-арманын айтып, шағымданатындар саны көп болатын көрінеді. «Кім жәбір көрсе, ол Зуқаны іздейтін болады. Сөйтіп оның қанатының асты толып, қалың сарбазы бар айбатты қосынға айналады. Алтай мен Үрімжі арасында Ви Жыңғо әскерімен сан рет соғысады. Оның есімі елге жайылып, үкіметтің үрейін ұшырады. Аңдыған жау алмай қоймайды. Дүнген жансыздарының жол бастауымен алаңсыз жатқан жеріне пайдаланып, тарпа бас салып басын кесіп алады» [2, 88]. Әкенің тәрбиесін көріп, діни ілімін меңгерген Зуқа батыр көмек сұрай келген әлсіздерге қол ұшы келгенше көмектесіп, жәрдемші болған. Зуқа батыр Құран аяттары, Пайғамбар хадистері, Абай өлеңдері, шығыстың бай әдебиетінің мұралары, жәдиттік бағыттағы білімдері – тікелей әкесі Сәбит дамолла еңбегінің арқасы. Бұл орайда Зуқа батыр шын мәніңде Сәбит дамолланың ең үздік шәкірті, талантты оқушысы болып қала бермек. Бір қызығы, жоғарыдағы әкесінен үйренген тағылымды ілімдерін Зуқа батыр әлдебір мәселеге шешім айтарда айтып отырады екен. Зуқа батырдың дін ағартушысы, қайраткері жолындағы сертін бұзып, ұлт күрескерлігі жолындағы бұлқынысын оятқан Ви Жыңғо дейтін жендет болатын. «XX ғасырдың 20-ншы жылдарының аяқ шеніне келгенде Алтай өңірінің қоғамдық жағдайы тіпті де асқына түсті. 1928 жылы жазда Алтайдың дау иыңы қосымша елшісі болып, Ви Жыңғо дейтін біреу келді. Ол келе сала Алтай халқына қанды шеңгелін салды. Халықты қан қақсатты. Әскери күшпен озбырлық жүргізіп, алман-салықты шектен тыс ауырлатып, елді ерекше қатты күйзелтті. Ви Жыңғоның зұлымдығын көзімен көрген Алтайдағы ел ақсақалдары соңы айтқанда күні бүгінге дейін көзіне жас алады» [5, 86]. Алтайдағы қазақтарға көрсеткен зәбірін көзбен көрген Зуқа батыр Ви Жыңғоның бұл зұлымдығына шыдамай, қарсы келе бастады. «Зуқа бұдан бұрында қазақ ішіндегі би-төрелердің алман-салығына қарсы шығып, маңайына кедей-кепшік, жортуылшы, батырлардан жасақ жинап, өзінің бір топ елімен бірге жеке көшіп, дара қонып жүрген адам еді» [5, 87]. Бұрын ел басыларының зұлымдығына қарсы төтеп берген Зуқа Ви Жыңғодан қорқып, ығыса қойған жоқ. Сол уақытта Зуқа батырдың ұлт үшін күрескерлік қайраты Ви Жыңғо бастаған зұлым басшыларға, өзара шен үшін итше ырылдасқан ел басшыларына ұнамады. Осындай заман зардабына төзбеген Зуқа өзіне қарасты және тілеулес ағайын-жұртты ертіп, Сайқыннан орыстың бодандығынан аулақ Сауырға барып қоныстанады. Бұнда да қой үстіне бозторғай жұмыртқалап тұрмағаны белгілі. Сөйтсе де, ата-баба жолымен шәкірт тәрбиелеп, бала оқытып, айналасына ғылым-білім нәрін құя жүріп, әділдікке жетсем деп ойлайды. Әке жолын қуып діни-медресе ашып, Алтай бетіндегі қазақтың баласын оқытуды алға мақсат қойды. Жәди Шәкенұлы өз зерттеуінде: «1890 жылы Зуқа қажы Көктоғай ауданы Дүре ауылындағы Бітеу деген жерінен медресе ашқан» [2, 99]. Бұл – Алтай бетіндегі алғаш орнаған діни оқыту орталықтарының бірі. Зуқа батыр Сауырға көшіп келсе де, ел бірлігі мен дін жолындағы күрескерлігі тыныш қоймады. Өз жүрген жерлерінде әділдіктің ақ туын тігіп, кедей-кепшіктерге еңбек ақысын алып беруді көздей берді. Бұл жоғарыдағы басшыларға ұнамады, әрі айлалы батырды жеңе алуға шамалары да келмеді. Жаудың ендігі мақсаты, бір сатқын жендетті жіберіп, Зуқаның әр қадамын анду болды. Ақыры тыңшының хабарын естіп, қапияда қаннен-қаперсіз, әскерлері жоқ кезде шабуыл жасап, басын кесіп алды. Зуқа батырдың басын Сарсүмбе қаласында тұратын Ви Жыңғоға алып келді. Ол батырдың басын іліп қойып, Алтай бетіндегі елді үрейлендіруді көздеді. «Зуқаның басын екі құлағынан Сарсүмбе (Алтай) қаласының орталығындағы қара көпірге іліп қояды. Құлағы жырылып тоқтамағанда темір шарбаққа салып қойып, халыққа сес көрсетеді. Сол қара көпір бертінге дейін «Зуқаның басын ілінген көпір» атанды», – дейді Ж. Шәкенұлы зерттеуінде [2, 16].

Ақыры қанды қол басшы мен оның сатқын жендеттері Зуқа батырдың басын алып тынды. Осындай жауыздықтан шошынған Алтай бетіндегі қазақтардың толқуы күшейе түсті. Зуқа батырдың басы кесілсе де, халықтың рухы жаншылмады. Керісінше батырын көксеп, көшбасшысын іздеген қазақ жасақтары жауға анталай шабуылға көшті. Бұл толқу, шабуыл Алтайда «Оспан батыр көтерілісі» деп аталатын ұлт-азаттық қозғалысқа ұласты. Зерттеуші ғалым Ғ.Нөкішұлының «Шығыс Түркістандағы дауыл» кітабында Зуқаның басы алынуы Оспан батырдың көтерілісінің тууына алып келді дегенді айтады. «1940 жылы Алтайдың Көктоғай ауданы мен Шіңгіл ауданы аралығындағы «Зағоба» деген жерде қол жиып, Жәнібек батырдың ақ туын көтерген Оспан Ісләмұлы бастаған халықтың көтерілісі бұрқ ете түсті» [6, 9]. Оспан батыр өз кезегінде Зуқа батырдан бата алып, ізін жалғастырған. Екеуінің ұлты үшін, діні үшін күрескерлігін көргенде «Ұлттық руханияттың һас батырларындай» менмұндалап тұрады. Өйткені екеуін жау найзасы мерт қылса да, ұлттық рухтары сынбады, халықтың мәңгі жадында сақталды. Қорыта айтқанда, саналы ғұмырын ұлтының қоғам ісіне арнаған ұлт қамқоршылары, дін қайраткерлері Зуқа батыр мен Сәбит дамолла өз заманының құрбаны болды. Бірақ өз уақытының, қоғамының шеңберіне сыймай, қандықол жендеттердің ырқына көнбей, асқан даналық танытқан қайраткерлерді тек тарих бағалайтыны, асқақтататыны белгілі.

 


Пайдаланған әдебиеттер

1. Мәсімханұлы Д. Еуразиялық өркениет – ежелгі түрік және қытай елінің рухани қарым-қатынасы. Ғылыми зерттеулер. – Астана: Фолиант, 2012.-480 б. 
2. Шәкенұлы Жәди. Қытайдағы қазақтар. – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2007. – 240 бет.
3. Бәміұлы Б. «Аласапыран заман арыстаны», Түркістан газеті.
4. Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014.-528 б.
5. Сәмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. – Алматы: Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы, 2000. – 312 бет.
6. Нөкішұлы Ғ. Шығыс Түркістандағы дауыл: тарихи естеліктер. — Алматы: «Тоғанай», 1998. — 36 б.

0 пікір