Патшалық Ресей қазақ даласын аймақ-аймаққа бөліп басқарғанда Семей қаласы бір аймақтың орталығы болып орыстан келген губернаторға аға сұлтан Құнанбай және Барақ төре орынбасар болып тұрады.
Күн сайын қысымға алып келе жатқан патша әкімшілігімен қарсыласып, өштесіп жүрген қазақ жігіттері Ақсаққиян, Табылды дейтін екі жігіт (қазақтар Ақояз деп атап кеткен) ақ патшаның аудан дәрежелес адамы – орыс бастықты өлтіріп кетеді. Семей губернаторы олардың сары ізіне қанша түссе де ұстай алмайды. Патша әскерімен талай рет соғыс салып, ақыры өктем күшке әлі келмеген Ақсаққиян мен Табылды Өр Алтайдағы керей ішіне келіп паналайды.
Із-түссіз жоғалып кеткен Ақсаққиян мен Табылды делосы губернаторды қатты ашуландырады. Қазақтарға сенімсіз қараған ол оқиғаның бір ұшы сол Құнанбай мен Барақ төреде деп қарап адамдарын арт-артынан аттандырып, айғақтарын сайлап, Ақсаққиян мен Табылдының қанат-құйрығы дегендерді Сіберияға айдатады. Олардың Өр Алтайға өткенін білген соң Ажы гүңге аталас туыс Барақ төре арқылы хат жаздырып, екеуін ұстап беруді талап етеді де, Құнанбайды Абақ керей еліне аттандырады. Барақ төрені қолда ұстап тұрады.
Ішкі жақта ақ патшаның салған қылбұрауы тақымына батқанымен, Құнанбай керей еліне аға сұлтандық салауатымен келеді. «Аға сұлтан Құнанбай Абақ еліне аттанды, Керей елі үстінде сьез ашады» деген сөзден хабар тапқан Абақ балалары мен дау-шары бар Найман, Уақ, Арғын және іргелес Моңғол тайпалары Құнанбайдың алдында дау-шарын бітіріп алу үшін даугер, шешендерін сайлайды.
… Аға сұлтан Құнанбайдың келуіне байланысты даугерлердің де көп болатынын межелеген Ажы төре бастаған елбасылары Шәу жырау, Шегетай батыр, Көкен би, Жетібай би, Тілеуді қатарлылар мөлдір сулы, саялы Қаба өзені бойына елу үй тіктіріп дайындық жасайды.
Құнанбай түскен үйге адам толып, қызу жиынның басталар кезі болады. Қазақ билері бас қосқанда байырғы салт бойынша біріне-бірі сөз тастасушы еді. керейдің бұл тұстағы алғыр, шешен қариясы Шәу:
– Ал, аға баласы, сөз бастаңыз, – дейді.
Сонда Құнанбай өзіне ұсынылған сөзге құрмет етіп:
- Сөзді ауыл иесі болып отырған Керей баласы өздеріңіз бастайсыздар да! – дейді. Бұл кезде үлкендерге орын беріп, төменде отырған құлынтайжақы киіп, камер белбеу буынып, сапы асынған өткір көзді, ақсұр жігіт былай дейді:
-Біз қалай бастаймыз? Бұзылған ордамыз тігілмей жатқан елміз. Келген жеріміз Алтай, Сауыр болғанымен, бейіт белгісі, бесік үлгісі жоқ моңғол ортасында отырмыз. Ортасы ойылып, ордасы бұзылмаған ханы бар, заңы бар аға баласы өзі бастайды да!
Сонда Құнанбай жас жігітке барлай қарап:
-Болар, болар! Өзі де болғалы тұр екен. Көмейінің сусылдап тұрған сужыланы бар бар жігіт көрінеді. жиын өзі де басталды емес пе?! – дейді.
Құнанбай алдында сөз бастаған бұл жас жігіт Керейдің әйгілі шешен, биі, айтулы күйші Бейсенбі еді. Содан басталған жиын қазақ рулары және моңғол тайпалары мен Керей-Найман рулары арасындағы бітпей келе жатқан дау-шарларға бітім жасайды.
Құнанбай іздеп келген Ақсаққиян мен Табылдыны Керей баласы ұстап бермей, қорғап қалады. «Ақсаққиянның келгені рас, бірақ келген соң бір жыл тұрып өлген» деп анықтама жазып береді. Халық назарын қозғаған екі азаматты губернаторға ұстап беру Құнанбайдай салауатты адамға абыройлы жұмыс емес еді. Соны білген Құнанбай да Абақ басшыларының оларды ұстап бермегенін теріс көрмейді.
– Сөздеріңізге сенейін. Бірақ, сол өлген Қиян тірілмесін, тірілсе де орысқа көрінбесін, – дейді. Құнанбайды базынасын ел аузынан естіген Ақсаққиян мен Табылды мұнан кейін Семей өңірінде бой көрсетпейді. Ажы төре бастаған Абақ елінің қонағы Құнанбай жолдас-жораларымен аттанғанда Керейдің ақсақалдары қош айтысып, Бейсенбі қатарлы жастары құрметті қонағын ел шетіне дейін шығарып салмаққа бірге аттанады. Жүзден астам нөкерлі осы топ Алқабек бойына таяғанда бүркіт алып, ит ерткен жарау атты жалаң саятшылары бар Керейдің атақты байы Шәку алдарынан шығады. Ақбоз атты, ақтөбе тымақты Шәку бай анадайдан аттан түсіп қарсы жүргенде бұл құрметке ілтипат жасаған Құнанбай да аттан түседі. Торғын тонын көлбіретіп қарсы келген Шәку топ алдындағы Құнанбаймен құшақтасып төске төс соға амандасып:
-Аға баласы Құнанбай мырза келеді деп естіп едім, әкең Өскенбай біздің Жәнібек батырдың қызынан туған жиен екенін де білетінмін. Алыстан алты жасар бала келсе алдынан алпыстағы қариясы шығатын салтымыз да бар еді. бірақ, малымның күйі, баламның жайымен бара алмадым. Бүгін ауылымыз күзеулікке түсіп кетті. Солай болса да, қайтып келе жатыр деген соң жолыңызды тосып дәм таттырайын деп күтіп тұр едім, жеріміз шалғай болса да көңіліміз жақын. Ат басын бұрып, дәм татып қайтыңыз! – дейді. Құнанбай қонақ болуға ат басын бұрғанда еріп жүрген басқа елдердің билері Құнанбайға қош айтып кетпекші болады. Сонда Шәку ақсақал:
- Ас атамыздікі, береке елдікі, қонақ көптікі емес пе!? Ел ағасы Құнанбайды шақырғаным, бәріңді шақырғаным! Қане, түгел жүріңдер! –деп топты өзі бастап Алқабек өзенінің бойына түседі. Құнанбай кең сайлы, орман арасынан желісі тартулы, биесі байлаулы, қонақ үйлері тігулі тұрған күтім орнын көреді. Шәку Құнанбайды күні-түні күтіп, келген жолына ат мінгізіп қайтарады.
Құнанбай осы сапарын еске алғанда: Қытайға қараған Абақ керей баласы он бес мың түтіннен асып, дәулеті шалқып, елі өсіп, кегін жоқтар ер туып, дауын сөйлер би туып, бақ қонған елге айналған екен. түбі біздің қазақтың бір тиянағы солар болар, – деген екен.