Адам сияқты адам
Адам сияқты адам
11 жыл бұрын 5606 islam.kz visitburyatia.ru
Бекен Қайратұлы

Қыстың боз қырауы сәмбі талдың сағағынан әлі үзілмеген шыңылтыр аязды күндердің бірі болатын. Елтірі ішігін желбегей жамылып дәретке шыққан Нұрғалым ақсақал ту сыртынан дүбірлетіп келіп қалған атты адамның дабырын сезді. Бұл кім болды екен? Артына бұрылып қарап еді, дабыр-дұбырдың иесі жылқышы Елеусіз екен. Елекең озандата сәлем беріп, аттан түсті. Көлбіреген күпісінің етегін сүйретіп төрге озды.

- Жол болсын Елеусіз қайдан келесің?

- Төменгі қыстақтағы Қабдеш шалдың ұлында жеке шаруам бар еді солай беттеп барамын, жолай сыртта тұрған сізді көріп сәлем бере кетейін деп...

- Отыр, шай іш!

Ескі сабан үйдің ортасындағы темір пештің ақжалқын қызуына бойын жылытқан жолаушы жайланып алып, қонышынан мүйір шақшасын суырды. Онысын саптама етігінің сірі өкшесіне қағып-қағып қойып, қайыс арқанның көні ыстап, әжімделген алақанына төңкерді де, бүйінің інінің аузындағы бұйра топырақтай бір шөкім насыбайды лып еткізіп астыңғы ерінге тастап жіберді. Жылқышының жіті қимылын жақыннан байқап отырған Нұрғалым ақсақал:

-  Елеусіз сен бұрын насыбай атпаушы едің ғой, бұны қайдан үйреніп алғансың? – деп таңырқай сұрақ қойды. Өзіне қойылған сұраққа жауап бермес бұрын жылқышы Елеусіз басын шайқап,  езу тартап жымиып отырды да, жұлып алғандай:

-  Нұреке мен бір адам сияқты адам көрдім – деді. Содан алдындағы ыстық шайды бір ұртап қойып әңгімесін бастады.

Өткен жылы ел жайлауға көшердің алдында қарауымдағы жылқыларды айдап жонға шығардым. Күнгей беттің қары еріген, тұйық тепсеңдер әжептәуір көктей бастаған екен, жылқыларды соған жайып тастап, өзім үйге кетіп қалдым. Екі күннен соң келсем түлігім дін аман жайлып жүр, қыстан көбеңдеп шыққан кәрі биелердің бүйірі толып қапты. Бірақ қайдан келгені белгісіз дөнежіннен бесті шығар сарыбауыр бие жүр жылқы ішінде. Көктемдегі малда не күй болсын, қоңы төмен екен. Содан алажаздай елдің бәріне "осындай жылқы жоғалған адам болса маған келсін" деп жария шашып айтып жүрдім. Сөйтіп жүргенде күз болды. Жайлауға шыққан қойшылар күзеулеріне көше бастады. Алғашқы қарды күтіп жалғыз үй жайлауда қалып қойдым. Содан күздікке бірдеме жығып алайын деп жылқыларды айналсоқтап қайырып жүр едім, әлгі бұралқы сарыбауыр бие көзіме оттай басылғаны. Жарықтық жыра сала семірген екен, жонынан майы шығып тұр. Төрт ай өзім бағып-қақтым, семірттім тәңірдің маған жібергені шығар күздікке бұдан артық мал табылмас. Ішімнен аумин деп бата жасап, бағыштап қойдым. Күн түс ауып екінтіге еңкейген шамада астында үлкен торы аты бар еңгезердей бір шал қыр асып келді. Жөн сұрастық. Бесті шығар сарыбауыр бие жоғалтқан екен. Ішім қылып ете қалды. Малға бауыр басқан қиын ғой, білмеген-көрмеген болып шыға келдім. Онымен қоймай: "Көрші ауылдың жылқышысы анау сайдың аузында отыр. Солардан сұрап көріңіз", - деп жолға салып жібердім.

Шал кеткен соң жылқыны қораға иіріп әкелдім де, сарыбауыр биеге шалма салдым. Күн кешкіріп қалған шақ қараңғы түспей тез сойып алайын деп, жарықтық биені үйдің қасындағы жалғыз терекке жастап жықтым да, басын терекке тартып байлап бауыздап алдым. Апыл-тапыл терісін іріп сойып жатырмын. Бір кезде дәл желке тұсымнан «Сойыс көбейсін, шүйгін болсын!» деген зор дауыс шықты. Жалт қарасам бағанағы шал екен. Сасқаным соншалық жүзімді тер басып кетті. Қолым қалтырап қипақтадым да қалдым. Шал асықпай аттан түсті, тонын шешіп тастың үстіне қойды, ішіндегі жеңіл шапанында белдігі бар екен, белдігіне ілінген қынынан пышағын суырып алды да, жанып-жанып жіберіп, беріқарай беттеп келеді. Мен үнсіз сілейіп тұрмын. Ләм-мим деген жоқ келді де, жылқының бір аяғын ірей жөнелді. Қарап тұратын емес, мен де келіп кірістім, екеулеп сойып жатырмыз. Ақсақалдың бетіне қарай алмаймын. Ана жақта әйелім бір кіріп, бір шығып сасқалақтап ол жүр. Қараңғы түспей жылқыны сойып біттік. Әбден болған соң ақсақал бірдеме айтатын шығар деп ойлап қоям. Қолымызды жуып үйге кірдік. Ақсақал төрге барып жайғасты, малдасын құрып нық отыр. Біз қазанды толтырып ет астық. Шай ішкен соң сөз бастайтын боларсыз деп мен отырмын. Тағы бір сайтан ой: «Мүмкін білмей қалған шығар, жаздай семірген  малдың түсі өзгеріп кетеді емес пе...». Содан шай ішілді, ет келді. Ұялған тек тұрмас дегендей ақсақалға қарап: «Құдайы қонақсыз, ақсақал! Асқа бата жасаңыз», - деп қалдым. Шалым маған бір төңкеріліп қарап алды да: «Жарықтық қар-суымен кеткен еді... жақсы семірген екен» - деді де, күңірентіп бата жасады. Маңдайдан терім бұрқ етті, шалдың айтқан батасын естісем бұйырмасын, ұяттан қос құлағым бітіп қалған сияқты... Ммм, білген екенсің ғой...

Астан соң ақсақалды төрге төсек салып жатқыздық. Түні бойы дөңбекшіп ұйықтамай шықтым. Тағы бір сайтан ой: «Мүмкін кар-суымен кеткен мал деп басқа бірдемені айтқан шығар, кімнің малы кетпей жатыр...». Не болса да таңғы шайды күтейін, сонда бірдеме айтар... Таңғы шайды іштік. Ақсақал орынан тұрды. Атын әкеліп ертеп беріп мен жүрмін. Асықпай тонын киді. Мен түк болмағандай ақсақалды қолтықтап атына мінгізіп жатырмын. Ат үстіне шыққан соң: - Ей, жігіттім, - деді, қамшысымен күн батысты нұсқап тұрып: "Мына кезеңнен асқан соң «Сорбұлақ» дейтін көл бар. Содан тұра жүргенде бір күншілік жер Сарықамыс ауылында тұрамын. Ақылың болса бір келерсің, - деді де, атының басын бұрып жүре берді. Ым білген екенсің ғой... Мен қипақтап қала бердім.

Содан қыс түскен соң үйді қыстауға қондырып тастап, ақсақалды іздеп жолға шықтым. Өзімнің ауыл арасында ат жарысқа қосып жүрген торытөбел жүйрігім бар еді, соны қосаққа алдым. Сарықамысқа барып ақсақалдың үйін сұрасам, бәрі біледі екен көрсетіп жіберді. Мен де келдім күн де батты. Ақсақал: «Қонақтың атын шөпке қойыңдар», - деп баласына әмір берді. Үйге кірдік. Ет асылды. Шалым кезінде Оспан батырмен үзеңгілес жүрген адам екен, ағылып шежіре, төгіліп тарих айтты. Өмірі жылқыдан басқа көргені жоқ мен бейбақ басымды шұлғып қойып отырмын. Ұйықтадық, таң атты. Шай ішілді жүретін болдым. Қосақтағы атымды ақсақалдың белдеуіне байладым да аттануға ыңғай таныттым. Дәмем: «Бұл неғылған жылқы» дейтін шығар, сонда айбымды айтармын деген үміт. Ақсақал сұрамақ түгіл, бірауыз тіл қатқан жоқ. «Шырағым, жолың болсын» деді де қала берді. Аттанған соң тағы бір сайтан ой шырмады. «Маңдайыңа біткен жалғыз жүйрігіңді біреудің босағасына текке байлап кеткенің не, ол шал мүмкін білмеген шығар, тіпті мына атты не үшін әкелдің деп сұрамады ғой...». Басым қатып әңкі-тәңкі болып келе жатсам ауыл шетінде мыжырайған дүкен тұр екен. Ішім күйіп келеді. Соны басайын деп сатушыдан: «Насыбай бар ма?» - деп сұрадым. Ол да бір лыпып тұрған адам екен: «Мә», - деп ұстата қойғаны. Содан әлгі насыбайды қайта-қайта атып отырып үйге әрең жеттім. Сөйтіп, Нұреке ойда жоқта насыбайшы болып шыға келдім...

*****

Елеусіз аттанып кеткен соң Нұрғалым қария ұзақ ойланып отырды. Жоғардағы әңгімені бірге естіген маған бір қарап, шошала мен отжақпаның арасында тұғырында отырған бүркітіне қарап: «Ана шал шынында адам сияқты адам екен, біз бабаларымыздың болмысында бар осындай мінезден жұрдай болдық. Қайран ататаным бұзылған соң бәрі бекер...» - деп ауыр күрсінді.

5 пікір
  • Ол шал нағыз адам екен. Айыбын түсініп, жалғыз жүйрігін қиған Елеусіздікі де жігіттік.
    11 жыл бұрын
  • МашАллаһ тамаша әңгіме!
    Мынау Ұлаш ағаның Ұларбекбек Нұрғалымұлы (kazaityz.kz редакторы қазір) ағаның "Қар суы" деген әңгімесі ғой. Өз аузынан талай есіген едік.
    қазақтың ыммен түсіну деген керемет мінезі бар. Тура мына әңгімедегідей. Қазір бұл мінез жоғалуға шақ қалды ғой.
    11 жыл бұрын
  • жакыс екен
    11 жыл бұрын
  • МашаАллах керемет. Адам сиякты адам екен.
    11 жыл бұрын
  • Әлгі "адам сияқты адам" - үндемей де сөйлейтін адам екен!
    11 жыл бұрын