Адам бойындағы 6 асыл қасиет
Адам бойындағы 6 асыл қасиет
7 жыл бұрын 22163

Ертеде өмір сүрген Қоныс батыр Қожабек деген байдың қызы Тананы алмақ болады. Үлкендер құда түсейік десе, олардың ақылына көнбей, қызға күшпен үйленгісі келеді. 

Бір күні Қоныс жігіттерімен келіп, бір төбенің басына шатыр тіккізіп, Қожабекке кісі жібереді. "Қызын берсе қолынан, бермесе жолынан аламын" дегенді аңғартады. Сонда Тана әкесінің сасып отырғанын сезіп: "Батырға өзім барып жауабын беремін", - деп бір топ қызбен төбе басында отырған Қоныс батырға барады. Батыр оларды менменсіп қарсы алады. 

Тана қыз:

- Айттырар мырзамыз қымсынып отыр ма, әлде қырсығып отыр ма? - деп тіл қатады. 

Қоныс батыр ашуланып:

- Сен қыз алдымды орап, арбамай, ақтық байламыңды айт, - дейді. 

Тана:

Ашу - дұшпан лағынет,

Сабыр ет, батыр, сабыр ет.

Тоты құстай таранған,

Көз тояттар көркім бар.

Семсерден өткір сертім бар,

Соны айтайын алдымен,

Жігіт болсаң, сөз тыңдар.

Мені ұнатқан жігіттің басты екі қасиеті болуын қалаймын. Алдымен ақылдылығыңды, содан кейін батырлығыңды сынаймын. Осы екі сыннан өтсең, мен сендікпін, - дейді. 

Бұл шартты Қоныс батыр құп алады.

Тана:

- Ер жігіттің үш серігін, адам бойындағы алты асыл қасиет пен үш асыл мінезді білесің бе? Өмірдің арқауы, өркені, өзегі не? Тірліктегі үш байлық пен тоғыз жамандықты айт, - деп сауалдар қояды.

Батыр бұларды шеше алмайды. Сонда Тана қыз солардың жауабын өзі төмендегіше шешіп береді:

- Ер жігіттің үш серігі:

Айнымас адал жұбайы,

Астындағы аты сапарлас болса ұдайы, 

Шыңдалған ақыл-айласы

Шымырлап тұрса шынайы.

Адамдағы алты қасиет:

Зерде - зейіні тылсым сырларды ұға алатын,

Өнер - өрісі өмірден әперер сыбағасын,

Тапқырлық - талап, ерлігі дұшпанға найза сұға алатын,

Жігер-күші - аяқтан шалғанды жыға алатын,

Қайрат - қаруы қиындықта сыналатын,

Білім қанаты - биікке бастап шығаратын. 

Үш асыл мінез:

Шыншыл болсаң - қол жетпес шыңда өскен шынарсың,

Адал болсаң - аңқылдақ, ізгілікке құмарсың,

Адал болсаң - ақжарқын, жақсы іске билік қыларсың.

Өмірдің арқауы, өркені, өзегі:

Ас - өмірдің арқауы, тірлікке берген мәңгі нәр,

Су - өмірдің өркені, тамшысы шөл қандырар.

От - өмірдің өзегі, мұздағанды жандырар. 

Адамның үш байлығы:

Әуелгі байлық - денсаулық,

Екінші байлық - еңбегің, орнататын бақша-бау,

Үшінші байлық - дос, туыс, олар барда алмас жау.

Тоғыз жауың тағы бар:

Басты жауың - жалқаулық, сорлататын жаныңды,

Осалдығың - аңқаулық, соқтыратын саныңды,

Жасқаншақ болсаң - ұры алар, қоралап қойған малыңды,

Жалатқызбас жасықтық - аузыңдағы балыңды.

Өтірік айтсаң өңмеңдеп, жоғалтарсың арыңды,

Өсек терсең телмеңдеп, суға кетірер салыңды.

Көпірме босқа мақтан ғып, түкке тұрмас барыңды,

Көрінгенге жалтақтап, бола алмайсың жағымды,

Біреуді алдап, арбаумен аша алмайсың бағыңды. 

Сөйтіп Қоныс батыр қызды сөзбен жеңе алма, еліне қайтқан екен. 

0 пікір