90 молданы ұятқа қалдырған тапқыр әйел
90 молданы ұятқа қалдырған тапқыр әйел
9 жыл бұрын 9855 namys.kz
Ұларбек Нұрғалымұлы

Көненің әңгімесін жинап жүріп былтыр Қармақшыда Нығметолла деген қарияға жолықтым. Жасы 86-дан асқан екен. Өмірден көргені, түйгені көп. Біраз сұхбаттастық. Сөз арасында «90 молданы қашырған» атты әңгімені айтып берді. Ұзын ырғасы былай.

ХХ ғасырдың басында Сыр бойында кете аталығында Бекмырза деген болыс өмір сүріпті. Оның ұлы Тұңғышбай да әкесінің жолын қуып, 25 жасында болыстық қызметке келеді. Тағдырдың жазуы көп ұзамай баласы дүние салады. Жерлеп, шариғат бойынша бар міндетін орындайды. Кейін Бекмырза баласына ас беретін болады. Мүмкін, болыстың байлығынан дәметкен де болар, сол өңірден дұға оқымақ ниетпен 90 молда жиналыпты. Ол кезде дұға оқып, бата жасаған молдаларға бір-бір мал жетектетеді екен. “Осынша молдаға қалай мал тауып береміз” деп әулет үлкендерінің үнжұрғасы түсіп кетіпті. Мұны Бекмырзаның әйелі байқап қалады. Анамыз өзі ақылды, тауып айтатын және дәл айтатын, текті кісі екен.

– Ау, ағалар, неге тұнжырап отырсыздар? – депті.

– Мына жиналған тоқсан молданы не қыламыз? – дейді.

– Оның не ойланатыны бар. Молдалар Болатбайдың қасына барсын да дауыстап кезек-кезек құран оқысын. Оқи алмағаны садақадан ауыз тиіп қайта берсін – депті.

Болатбай Алдашбай ахуннан алғаш білім алған шәкірттердің бірі екен. Жарықтық, шариғи білімді, діни сауатты кісі екен. Жиналған 90 молданың 10 ғана Болатбайдың жанында құран оқуға дәті жетіпті. Қалғандары шала сауаттылығынан ұялып, қайырлы болсын айтып, астан дәм ауыз тиіп кете беріпті. Тіпті, кейбірі қашқандай болып әрең құтылыпты. Кейін осы әңгіме ел аузында «90 молда қашқан» деген атпен таралып кетіпті.

Не деген тапқырлық, десейші-әй?! Бүгінде шариғатты айтып, қатайып жүрген кейбір бауырларымызды осылай бір сынатып алар ма еді? Өткенде бір ағам айтып еді. Ақылгөйсіп, қатайып жүрген бір жігіт сұрақ қойып басты қатырғанда «аттахият» дұғасын оқып берші десе, дұрыс жаттамапты әрі қате оқыпты. Ойлап отырсақ, атаққа бар, амалға жоқ азаматтар қай кезде де болыпты ғой.

2 пікір
  • Алла бәрімізге ізгілерден болуымызды нәсіп етсін! Әке-шешеміз бен бала-шағамызды екі дүниеде бақытты етсін! Арманымыз – жаннәт, үрейіміз – тозақ. Аңсарымыз – жаннәт нығметтері. Тілегіміз – тек игілік. Құлшылықтағы бағынушылардан болайық!
    9 жыл бұрын