Толыбай сыншы жайында
Толыбай сыншы жайында
1 жыл бұрын 3336

Қазақтың ежелгі генетикалық жадысынан орын алған ұлттық қасиеттерінің бірі һәм бірегейі ат сыншылығы. Бұл туралы ел ішінде небір аңыз-әңгімелер жетерлік. Атап айтсақ, соның бірі – ХVII ғасырда өмір сүрген атақты Толыбай сыншы. Бұл кісінің сыншылығы хақында ғұлама атамыз Мәшһүр Жүсіп және жазушы Сәуірбек Бақбергеновтің жазбаларында кездеседі.


Толыбай сыншы жолаушылап келе жатып, анадай жерде жат­қан аттың қу басын көзі шалады. Тізгінді тартып тұра қалып: «Мынау ерен жүйріктің басы екен, имек тұмсық, бөкен танау, көзінің ойын­дысы терең, жар қабақ, екі жақ­тың ортасы алшақ, тістері әлі жал­тырап тұр, сүйегі қандай асыл еді жануардың. Мына тұмсығына қара­ғанда шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні қатты, сі­ңі­­рлі екен. Құмдауыт, босаң, кө­белең жерде бәйге бермейтін жыл­қы. Жасы тоғыздан асып, онға қараған дер шағында өлген екен, жануар. Аттың өлгеніне үш жыл болыпты», депті.

Қасындағылар:

- Шын жүй­рік­тің сыны қалай? – дегенде:

– Шырақ­тай жанған томаға көзі бола­ды, етек­тей еріні болады, қас албас­ты қабақты келеді, от орнындай тұяқ­ты келеді. Ал шықшыты ора­лып жатқан түбек­тей болады, құла­ғы­ көлге біткен құрақтай бола­ды, жалы күл­теленген жібектей бо­лады. Құй­рығы қынаптан шық­қа­н қан­жардай, жауырыны сыпыра шап­қан тақтайдай, омыртқасы отау­­дай болады. Мықыны тар, сауы­ры зентекті қара көмірдей, жам­­басы ұста соққан сандалдай болады. Кебеже қарын, кең құр­сақ,­ сүбелік жері тастан соқ­қан қор­ғандай, төсі тастан құла­ған бұ­лақ­тай, бақайы қысқа, мо­йы­ны­ құлжа мойын, бауыздау же­рі­ піскен алма сағақты келеді, - депті.

Жас тұлпардың сынын тол­ты­рып, сипатын жетілдіру үшін, ал­ды­мен оның сүйегін ағар­тады, бел­ қызығына қан­дырады, көңі­лін­­ көтереді. Ол үшін жас байтал­дар­­ды таңдап алып үйірге салады.­

Жыл өткен соң үйірдегі бір байталды сойып жілігінің кемігін көреді. Егер жілік іші қаракемік болса, тұлпардың сыны әлі толған жоқ деп көреді де, үйірден алмайды.

Келер жылы тағы бір байталды сойып, жілігін байқайды. Осылай сойылған байталдардың жілігі ағарғанға дейін тұлпарды үйірден алмайды. Ал сойылған байталдың жілік кемігі әбден ағарған кезде тұлпардың сыны толды, күші жетілді, күйіне келді деп көреді. Одан кейін оны баптап бәйгеге қосса, алдына қара салмайтын сәйгүлік болады.

 egemen.kz  

0 пікір