«Тәңірден тіле тілекті»
«Тәңірден тіле тілекті»
2 жыл бұрын 7985

Қазақ халқы тілек-қажетін бір Құдай Тағаладан сұраған. Дұғасының қабыл болуы үшін тәуәссүл жолдарына жүгінген. Басты тілек Құдайдың қаһарына ұшырамау деп түсінген қоғам Жаратқаннан сұрап, Оған тәуекел еткен жан түбінде мақұрым қалмайды деп иланған. Мысалы, Бұхар жырау былай дейді:

Алла деген ар болмас,

Алла деген пенделер,

Еш нәрсеге зар болмас.

Сонымен бірге халық жадында сақталған оралымдар, нақыл сөздер, мақал-мәтелдер қазақтың Құдайшыл ел болғандығын білдіреді. Мысалы, тілекке тек Тәңірдің жауап беретіндігін мынадай мақал-мәтелдермен білдірген.

«Құдайдан сұрасаң, кешірер, кісіден сұрасаң, үніңді өшірер».

«Адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады».

«Құдайға сиынған құстай ұшады, адамға сиынған мұрттай ұшады».

«Алла деп барсаң аман келерсің».

Мұндай сөздер шынайы мұсылман танымының болғандығын дәлелдейді. Қасиетті аят-хадистерде тілекті бір Алладан ғана тілеу керектігі баса айтылған. Бірде бір кісі Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: «Уа, Расулалла! Раббымыз жасырын дұға қыларлықтай жақын ба, әлде дауыстап шақырарлықтай алыс па?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.а.с.) үндемей қалады. Көп ұзамай Алла Тағаладан жауап ретінде мына аят түседі: «Егер сенен пенделерім Мен жайында сұраса, Мен жақынмын, дұға етуші Маған қайырылса, дұғасына жауап беремін. Сондықтан да Маған (жолдауыма) жауап қатсын, Маған иман келтірсін. Сонда тура жол табар» 33[1] .

Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деді: «Пайғамбардың (с.а.с.) артында келе жатқанда Ол (с.а.с.) маған: «Ей, балақай! Мен саған мына сөздерді үйретемін: Алланы (тіліңде, жүрегіңде) сақта, сонда Ол сені сақтайды. Алланы сақта, сонда оны алдыңнан табасың. Бірдеңе сұрасаң, Алладан сұра. Жәрдем тілесең, Алладан тіле. Бүкіл халық жиналып, саған бір пайда келтірмек болса да, тек Алла жазған нәрсені ғана келтіре алатындығын және олар саған бір зиян келтірмекке жиылса да, тек Алланың жазғанын ғана келтіре алатындығын білгейсің. Қаламдар көтерілді, парақтар кеуіп кетті (яғни тағдыр тақтасына бәрі жазылды)», – деді[2].

Пайғамбар (с.а.с.) егер құлдары ықыласпен тілек тілесе, Құдай Тағаланың олардың тілектерін жауапсыз қалдырмайтындығы туралы айтқан. Салман Фарисиден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Ақиқатында, Раббыларың ұят Иесі және Жомарт, пендесі Өзіне екі қолын көтеріп дұға қылғанда ештеңесіз қайтарудан ұялады», – деген[3].

Ғаламдардың Иесі Хақ Тағала Өзі ғана жасайтын істі жаратылыстан сұраған пендесіне ашуланады.

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Алла Өзінен сұрамаған жанға ашуланады», – деген[4]. Осы хадистің мағынасын бір шайыр мынадай шумақтармен айшықтаған екен:

Сұрамағын пендеден, жағарсың кейде жақпассың,

Тілекті тіле Құдайдан айқара ашқан қақпасын.

Ашуландырар Алланы Өзінен тілеуді тәрк етпек,

Ал адамнан сұрасаң, сараңданар, шарт кетпек.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы: «Дін мен Дәстүр». Алматы-2013 ж.


[1] Бақара сүресі, 186-аят.
[2] Термези риуаят еткен
[3] Термези, Әбу Дәуіт, Ибн Мәже, Ахмет риуаят еткен.
[4] Термези, Ахмет риуаят еткен.

 

0 пікір