Шұбаттың емдік қасиеттері
Шұбаттың емдік қасиеттері
1 жыл бұрын 6551

Шұбат — түйе сүтінен дайындалатын емдік қасиеті мол сусын. Бір қорландырып алғаннан кейін ашытқысыз-ақ ашытады. Мінсе көлік, жесе тағам, ішсе сусын бола білген түйенің сүтінде де емдік қасиет орасан зор. Оның құпиясын сан ғасырлар бұрын көшпенді болған ата-бабаларымыз білген.

Медицина дамымаған сонау ықылым замандарда түліктердің сүттерін емдік мақсатта пайдаланған. Соның ішінде түйе сүтінің орны ерекше. Көптеген ауруларға шипа болып жүрген шұбат сусынының қандай ауруларға ем екендігіне назар аударыңыздар. Шұбаттың дайындалу технологиясы көп уақыт өтсе де өзгермеген. Тек қазіргі технология дамыған заманда жылдам даярлауға мүмкіндіктер бар. Түйе сүтін  ашытқан соң өз қалпына келу үшін  бір тәулік жеткілікті. Белоктарға, тұздарға, майға, түрлі дәрумендерге өте бай. Құрамында белоктардың көп мөлшерде болғанына байланысты организмге тез сіңеді. Тамақ ішкісі келмеген жандардың тағамға деген тәбетін оятады. Адам ағзасына пайдалы бактериялар асқазан ішек жолдарындағы күрделі аурулармен күреседі. Солай тағамың сіңірілуі жақсарып, шұбат ішкен жан толады. Шұбатты көп жағдайда ұйқысыздық ауруларына пайдаланады. Себебі шұбат ішкен соң ұйқы қысады да, кейін сергек оянады. Ұйқы режимін қалыпқа келтіруде пайдасы зор.

Сонымен қатар асқазан ішек жолы аурулары, өкпе туберкулезі, созылмалы гастрит ауруларына таптырмас ем. Қарын сөлінің қышқылдығы қалыпты емес жағдайда күніне 1-2 литр шұбат ішкен науқас 20 күндік курстық емнен соң аурумен қош айтысады. Қымызбен салыстырғанда минералдық мөлшері кем емес. Қымызда  499-528 ккал болса, шұбатта 789-991 ккал болады. Арнайы палаталық емдеу барысында да шұбатты дәрігердің рұқсатымен қабылдауға болады. Көптеген химиялық препараттарға қарағанда емдік қасиеті мол, әрі шипалылығы жоғары. Себебі, шұбаттың химиялық құрамы мынандай: 86,5 пайызы судан, 14,5 пайызы құрғақ заттан тұрады. Оның iшiнде сүттiң майлылығы — 5,0, белок — 3,6, казеин — 2,8, альбумин — 0,6, глобулин — 0,2, минералды заттар — 0,9 пайызын құрайды.                            

Шұбат өзінің емдік қасиетін, жоғары шипалылығын ешқашан жойған емес. Соған сәйкес жылдан жылға бұл сусынға деген сұраныс артуда. Болашақта түйенің сүтінен көптеген ауруларға қарсы дәрі-дәрмектер, косметикалық кремдер жасалынады деген сенімдеміз. Себебі, түйенің сүті талайларды таңқалдырары анық.

Д.Ибрагимов, 

«Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты»

«Қызылорда ғылыми-зерттеу ветеринария стансасы» 

филиалының меңгеруші, ветеринария

 ғылымдарының кандидаты.

С.Қызылбаев,

Аға лаборант, ветеринария 

ғылымдарының магистрі.

syrboyi.kz/

0 пікір