Қазақтың қыран ұстау ен-таңбасы
Қазақтың қыран ұстау ен-таңбасы
11 жыл бұрын 6588 islam.kz Жанарбек Ақыби
Бекен Қайратұлы

Құсбегілікті атамұраға айналдырған Бәйтей Бабиұлы дейтін ақсақал Бай-өлке жерінде тұрады. Бәкең қария қазір 83 жаста, қолына құс қондырып, бүркітшілікпен айналысқанына 58 жыл болыпты. Сайт оқырмандарына қарт құсбегімен жүргізген әңгіме желісін ұсынып отырмыз.

– Ассалаумағалейкум  ақсақал, сізді жеті атаңыздан ұрпақ жалғаған бүркітші деп естідік...

– Е.., айтқаның рас қарағым, жасым сексеннен асты. Жеті атадан бері бүркіт салып, құс ұстаған әулеттің жалғасымын. Қазір қолымдағы бүркіт менің 32-ші құсым.  Ұлы атам Тұрсынбай  атақты құсбегі адам болған екен. Тұрсынбайдың баласы Шалша да әкесінен қалған мұраны жалғастырып, балдағына құс қондырған саятшы болыпты. Шәкеңді ауылдың келіндері «Бүркітші ата»  дейді екен.

Біздің ел 130 жыл бұрын Алтайдан ауып Қобда бетіне (Моңғолияға) келгенде Сағынған деген жамағайының қорасында 15 бүркіт көгендеулі тұрғанын көріпті. Сақаң ерулікке бір-бір бүркіт берген екен. Менің әкемнің інісі Қаныкейге бұйырған ақ балапан кейін қасқыр алатын атақты қыран бопты.  Ал, нағашым Әліпбай 10 байталға бүркіт сатып алып салған адам...

– Жалпы, құсбегілер бүркітке жеріне, мекеніне қарай атау беріп жатады. Қобда бетінде қандай бүркіттер көп кезігеді?

Қобда бетінде «Алтайдың ақиығы» мен «Қобданың саршолағы» көп кездеседі. Баяғыда біздің ауылда Бейіс дейтін құсбегі атамыз болды. Сол кісі: 

Қазақтың қыран ұстау ен-таңбасы,
Сыйласқан қисық сүйек бір жамбасы,
Жатсам-тұрсам ойымнан бір кетпейді,
Бүркіттің салпы тұяқ, Қарақасы.

Өзі қағып, өзі алар Саршолағым,
Құзғын тұмсық, қысық көз, Қарагерім,
Қайқы құйрық, май қара, Шөңгелсарым,
Қолыма бір түспеді Майда қоңыр...
– деуші еді. Осында аты аталған бүркіттердің бәрі біздің елге тән құстар.

– Сіз 58 жыл  құс салғанда қолыңызға әсіре қызылкөз қырандар көп түсті ме?

Болды қарағым. Әкем құсты қатты танушы еді. Сол кісі, «нағыз қыран тілеп түседі» дейтін. Тілеп алу дегеніміз, бүркіт түсетін аңын өзі көріп, «мені жібер ананы барып ұстаймын» деп тілейді. Соны «тілеу» деп айтамыз.

Өзім бір қыранды жеті жыл салдым. Осыны көрген көнекөз құсбегілер бұл өте сирек кездесетін «Оймақ аяқ» қыран екен деді. Кейбіреулер, «бұл Сарша емес пе, қалай салып жүрсің?» деп таңқалатын. Осы жарықтық бір жылы 32 түлкі алды. Кей күндері күніне бес түлкіден алып жүрді. Қасымдағы қағушыларыма үшеуін байлап, екеуін өзім қанжығалап қайтқан күндер болды...

– Қыран құсты қалай танисыз?

– Құстың көзіне қарап танимын. Қыранның көзі күрең болады. Ақшегір, құмшегір қырандар да болады. Қанқүрең көзді бүркіт ешнәрседен қайтпай түседі. Оның көзі қанталап, қызарып тұрады. Содан кейін желке шудасы, яғни, шүйде жүні жапырақ жуан болады. Бұны «Жапырақ қыран» дейміз. Бұл көп күй талғамайтын құс. Құстың аяғына қарау керек.  «Оймақ аяқ», «Ұлар аяқ» дейтін түрлері болады. Бүркіттің жембасары төрт тасты болып келсе, бұл нағыз қыран. «Тас» деп отырғаным, тұяқтың буындарында шорланып біткен қатты сүйел.  «Жазық тұяқ» құстар да болады. Бұл құс көп күй тілемейді.

– Одан басқа қыранның қандай белгілерін білесіз?

–  Кеуде сүйегіне қарау керек. Бүркіттің төс сүйегінің басы қозының жауырыны сияқты болады. Кейбір құста осы екі бас болады. Бұл алғыр қыранның сипаты. Өз басым қос сауытты (кеуде сүйегі қос қабат) құс көрдім. Бұндай құс желді жарып ұшқанда қиналмайды және аңға түскенде мығым келеді, тайсалмайды.

– Ал, құстың тұмсығына қатысты не айтасыз?

– Бүркіттің тұмсығы қаракөктеніп тұрса, бұл нашар құс. Қыранның тұмсығы ақшыл келсе жақсы. Жағы түзу, ержақтылау болса, оны «Ержақты қыран» дейді.

– Ал, құйрығы ше?...

– Жақсы бүркіттің құйрығы бүкір болады. Оны «Бүкір құйрық» құс дейміз. Бұдан басқа  «Бір құйрық», «Кір құйрық», «Күрек құйрық» деген түрлері бар. Қыран аңға түскенде құйрығы жалын-жел шығарып ысқырып барып түседі. Аңға құстың тұяғы тигенде құйрығы одан бұрын жерге тіреледі. Қазақ айтады ғой, «құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады» деп.

Жас бүркіттің құйрық шыбығында шашыранды қара ноқат белгілері болса, оны "қара тарлан" немесе "жай тарлан" деп атайды. Егерде құйрық шыбығындағы ноқат белгілері қызғылтым болса, "қызыл тарлан" дейді. Бұл – қыран бүркіттің сипаты. «Тарлан салған тарықпас» деген сөз бар. 

– Ал, қыран құстың қанат жайғанына қарап не айтасыз?

– Нағыз қыранның қанаты бір құлаш болады. Ертеректе Қайырбай деген бүркітшінің «Құлашкер» деген қыраны болды. Осы құсты Қайракең Дайынның (жер аты) Байгетөбесінің етегіндегі жер ошаққа жұмыртқалаған жерінен алыпты...

– Қыран ұясын биік таудың қиясына салады деуші еді ғой...

– Қыран құс айлалы келеді. Шыңдағы ұясынан балапанын адамдар үнемі ала берген соң, жасырып жайдақ жерге ұя салған сияқты. Менің  бала кезім еді, үлкендер «мына құс Алланың әмірімен жерге ұя басқан екен, балапанына ешкім тиіспесін» деп үкім шығарды. Содан жазықта жұмыртқа жарған балапан ақүрпектеніп, соңында қанаты қарайып ұшты. Әбден ұшқан соң оны Қайырбай дейтін құсбегі тор құрып ұстап алды. Осы құс зарына келгенде  тілеп қасқыр ұстайтын. Ақыры ажалы қасқырдан болды.

– Қалай болыпты?

– Бірде Қайракең құсын көтеріп аңға шығады. Қасында Мәлібай дейтін шал бар. Екеуі жіңішке Тошатыға шыққан екен, құс тіленіп болмапты, содан қоя беріп, артынан ереді. Бір түс шабады құс жоқ. Әбден титықтап бүркіт кеткен Көксайды қиялап келе жатса, бір жерде құстың жарты денесі жатыр. Бір аяғымен үшқаттан шеңгелдеп ұстаған екен, аяғы ажырамай бүрген күйі қалып қойыпты. Жарты денесі жоқ. Сөйтсе, қыран арлан қасқырға түскен. Қасқыр күш бермей дендеп бара жатқан соң, бүркіт бір аяғымен үшқаттан бүре ұстаған да қатып қалған. Қасқыр бұлқынып тартқанда құс қақ айырылып кетіпті.

– Құстың қауырсынына қатысты не білесіз?

– Қауырсынға көп қарамаймыз. Әкей айтып отырушы еді, құс тірнектен, тастүлек шыққанда жаңадан бір қауырсын қанат шығады дейтін. Атын ұмытып қаппын. Осы қауырсын қанат бүркіт ана шыққанда түседі екен. Осы қауырсын түскеннен соң бүркіттің күш-қуаты толысады. Кейбір құстарда бұл қауырсын өмір бойы түспей де кетеді.

Менің жоғарыда айтып өткен Сарша қыраным төрт жыл керген түлкіге түсе алмай тайсап жүрді. Жаңағы ірге қанатындағы қауырсыны түсіп, қайта көктеп шыққанда барып, керген түлкіні керген күйінде басып қалатын дәрежеге жетті.

– Көнекөз  құсбегілер айтушы еді, «Саршадан қыран шықпайды» деп, сіз қалай салып жүрсіз?

– Қарағым, жалпы «Сарша» деп бүркіттің еркегін айтады. Ол ұрғашысына қарағанда денесі кішкентай  әлсіз келеді. Сондықтан, біздің жақта Саршаны ұстамайды. Ал, менің құсымды басқалар денесі қарап Сарша дегені болмаса, ол тіптен өте аз кездесетін басқа құс.

Осы Саршаны әкем әкеліп берді. Бірде алыста тұратын жездеміз әкейге сәлем айтып жіберіпті, «осылай да, осылай Бұғыты тауына бір құс ұя салып, жалғыз жұмыртқа басқан болатын, сол жарғанда егіз балапан шықты, бұндай қызықты көрмеген де, естімеген едім...» депті. Бұл хабарды естіген әкей «құстың егізі деген болушы еді, шын болса бұл соның өзі, денесі кішкентай әсіре қыран шығады» деп атанып кетті. Сөйтіп әкеліп берді.

Қолбала мен түз бүркіттің айырмашылығы қандай?

– Бүркітшілер құсты екіге бөліп атайды. Әуелі «Қолбала» дейміз, бұл ұядан балапан кезінде ұстап алған құсты айтады. Одан кейін «Түз құсы» немесе «Түз бүркіт» дейміз. Бұл далада, яғни, түзден ұстап алып, үйреткен құс. Түзден ұстаған құстардың көбі қыран келеді. Өйткені, ол бұған дейін емен-еркін өмір сүріп, өз жемін өзі аулап үйренген. Айырмасы өте көп. «Қолбала ұстаған қор болады» дейді қазақ. Қолбаланың бабы қиын. Түз құсы түзу ұшады.

Түз құсын құсбегілер ұшып жүргенде қанат қағысынан, шүйілуінен танып барып ұстайды. Мысалы, өз басым аспанда ұшып жүрген бір құсты көрдім. Қарасам, екі қанатының қағысы екі түрлі. Оң қанатын бір қақса, екінші қамшылар жақ қанатын жедел-жедел сепелектетіп екі қағады.  Кемтар құс шығар деп ой түйдім. Әлгіні тор құрып ұстап алып көрсем, шынында құстың қамшылар жағындағы көзіне ақ түскен кемтар екен. Босатып қоя бердім. Егер мен осы жағдайды бұрын білгенде аспанда жүрген құсқа тор құрып бір апта әуреленіп далада жатпас едім...

– Жалпы, осы Қобда бетінде  қандай құс қыран болып келеді?

– «Қобданың жапырақ қарагері» дейтін құс бар. Сирек кездеседі. Бұдан өткен қыран жоқ. 

– Бұл құс қолыңызға түсті ме?

– Бір рет түсті. Түзден ұстадым. Тура қыс түсе бастаған мезгіл еді. Қалқабай деген атамыз құсты көріп жіберіп: «Япырмай, сен қолға түспейтін жапырақты ұстаған екенсің, бұл тек асылға түседі деуші еді, асыл жердің бетінде емес астында болады, қайтер екенсің...» дегені.

Осы құс 13 күнде бау асты. Түз бүркітін бір қайырым (алты ай) баптайтын болса, бұл құс қолға түскен күннен бастап 13-ші тәулікте түлкі алып жіберді. Құдайдың маған берген бір қабілеті қандай құсты 20 күннің ішінде бау ашқызам.

Қазір қолыңызда қандай құс бар?

– Осы өзіміздің Қаратаудың тірнегін ұстап отырмын. Былтыр сегіз түлкі алып еді, биыл әлі бау ашқан жоқ.

Бүркіт қаншалықты алысты шалады?

– Ойбу, адамның көзі бүркіттің көзінің қасында тек адасып кетпес үшін Алла берген дүние. Бүркіт түстік жердегіні көреді. Қазір жасымыз келді, құс салуға шыққанда қасымызға бала ертіп аламыз болмаса, қойнымызға дүрбі (бинокль) салып жүреміз. Әйтпесе, сонау көз ұшындағы бүркітті көрмей басқа жаққа адасып кететін болдық. Кейде иесі адасып бара жатқанын білген бүркіт сонау көз жетпестен танып өзі ұшып келеді.

– Қасқыр алдырып көрдіңіз бе?

– Екі бүркітім қасқырға түсті, бірақ алмады. Бірде наурыз айының ортасы еді, мал төлдеп жатқан. Қойшылар: «Бәке ана тұрған Жүгенбай шоқыда қап-қара түлкі жүр соны, қақпайсыз ба?» деген соң, құсымды көтеріп бардым. Шоқының жері күдір екен. Теріскей беті қарлы екен, құрғақты қулап өрлеп келе жатсам, тұра астымнан қасқыр шыға келді. Қайтер екен деп құстың томағасын сыпырып едім, жұлып әкетті. Барды да, түсті. Шеңгелдей алмай асып барып салақтап тұрып қалды. Қасқыр ала жөнелді. Мен атыма қарай жүгірдім. Шашылып жатқан биялай, анау-мынауымды жинап шауып келсем, бүркітім өз жайында жаңа өлген тайдың етін шоқып отыр. Қасқыр құсымды алдап, жаңа жеген тайдың жемтігіне түсіріп кетіпті.

Тағы бір жолы көзбе-көз қасқырға жібердім. Шіркін-ау алып-ақ жіберіп еді, Алла тағала маған «бүркіті қасқыр алды» деген атақты қимады ма, бөрі көткеншектеп барып екі тастың ортасына кіріп кеткені. Бүркітім шырылдаған күйі отырып қалды.

Ақсақал соңғы сұрақ: Бүркіттің жасына қатысты әр өлкеде әртүрлі атаулар айтылып жүр. Сіздер жақта қалай атайды?

– Көнекөз құсбегілер бүркіттің жасын 20-ға дейін таратып айтатын.  Мен өз білетінімді айтайын:  1 жас – балапан, 2 жас – тірнек, 3 жас – тас түлек, 4 жас – ана, 5 жас – қана, 6 жас – жаңа, 7 жас – құм түлек, 8 жас – сұм түлек, 9 жас – қоңыр түлек, 10 жас – кәрі түлек, 11 жас – ақ түлек, 12 жас – ақырғы түлек, дейді. Бүркіттің ана жасына (төрт жасқа) толғанға дейін құйрық пен қанатының астында ағы болады. Бес жасқа болғанда ағы жоғалады. «Бүркіт қартайса қараяды, адам қартайса ағарады» деген сөз осыдан қалған.

0 пікір