Қазақтың балаға айдар, тұлым қоюында не мән бар?
Қазақтың балаға айдар, тұлым қоюында не мән бар?
7 жыл бұрын 12505
Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ
Айдар қою

Ертеде перзент көрмей зарығып жүріп, ұлды болса, оның төбесіне бір шоқ шаш қойып, оған маржан-моншақ араластырып өріп қоятын салт болған. Бұдан тыс, кейбір хан ұрпақтары мен бай-манаптар да жақсы көрген ұлдарының төбелеріне кішкене шаш қойып, оны «айдар» деп атаған. «Айдарлы ұлың, тұлымды қызың бар ма» деген тəмсіл, əне, содан қалған.

Бұл дəстүрдің де өзіндік мəні бар. Өйткені айдарды балаларға «осы балам ел-жұрттың қолдап-қорғауына, үміт-тілегіне ие болса екен» деп қояды.

 

Тұлым қою

Зарығып жүріп көрген немесе бір топ ұлдың ішіндегі жалғыз қыз болса, оның екі шекесіне екі шоқ шаш қойып, оны өріп, түрлі моншақ-маржан тағып, оларды басқа балалардан ерекшелеп қойған. Бұл салт «тұлым қою» деп аталған.

Қыз балаларға тұлым қойғанда, аналары шағын қуаныш салтын өткізіп, қуанышын көппен бөліскен. Тұлым қоюдың да өзіндік мəн-мағынасы бар. Өзге балаларға қарағанда тұлымды қыздарға ел-жұрт ерекше сүйіспеншілікпен қарайды. Оларға бар жақсы тілектерін тілеп отырады.

Жетімге желке шаш қою

Ертеде ата-аналарынан жастай айырылып жетім қалған, жанашыр туыс-туғаны жоқ балалардың желкесіне бір шоқ шаш қоятын салт болған. Бұлай істеу «осы бала тұлдыр жетім. Мұны кім-кімнің де құқық-мүддесін қорғау жауапкершілігі бар» дегені. Бұл «жетімнің желке шашы» деп аталып, оны көрген адамдар жетім екенін біліп, оған аяушылықпен қарап, сырттай қамқорлық көрсетіп, тіпті бала қып бағып алып отырған.

Жетімдерге желке шаш қою, қазіргі замандағы сияқты аналар мен балалардың құқық-мүддесін қорғайтын заң-ережелер мен мекеме орындары жоқ заманда қоғамда белсенді рөл атқарған. Ол адамдардың жанашыр жақыны жоқ ұрпақтар алдында борыштылық жəне жауапкершілік сезімдерін оятып, оларды өзімшілдіктен, қайырымсыздықтан, рақымсыздықтан бойларын аулақ ұстап, ізгі ниетті, қайырымды, мейірімді болуға баулыған.

(Ескерту: Мақалада қазақ салтында орын алған жол-жоралғылар мәлімет ретінде берілген. Шариғи көз-қарасты білдірмейді.)

0 пікір