Қазақ тазысы
Қазақ тазысы
11 жыл бұрын 6831
Бекен Қайратұлы

Көптеген зерттеушілер тазы тұқымдас иттің қазақ даласында пайда болу кезеңін, ислам дінінің алғаш таралу уақытымен (9-10 ғасыр) сәйкестендіріп түсіндіріп жүр. Өйткені, біздегі тазылар тұқым-тегі жағынан ертеде араб жазирасында пайда болған бәдауилердің тазы тектес салюки итіне аса ұқсас. Осы жақындықты негізге алған қазіргі тазытанушылар қазақ даласына тазы тұқымы дін таратушы арабтармен бірге келген дейді.  Уақыт өте келе араб тазылары, яғни аңшы иттері Орта Азияның қатал табиғатына бейімделіп, ұзын сабалақ жүнді, салпаң құлақ жаңа сұрыпқа айналған.

Қазақтар аңшы итті тазы деп атауының мәні парсылардың «таза, алғыр, шапшаң, жүйрік» сөзімен түбірлес және осы мағынадан шыққан деп жорамалдануда («Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы» Алматы, 2007 ж. 148 б). Тазының көру, сезу, есту қабілеті жақсы дамыған және аңшылық қабілеті, амал-айласы басқа иттерге қарағанда көш ілгері. Алғыр тазы секундына 30-40 мың дыбыстық тербелісті, тіпті кей кездерде 70-100 мың  тербелісті қабылдап, ажырата алады. Әрі иіс сезу мүмкіндігі 1,5 х 1,5 метр (бұл өлшем адамда 5 х 5 см).

Қазақтар тазыны жарғақ құлақ және шашақ құлақ тазы деп екіге бөледі. Ал,  тұқымына қарап: құмай тазы, құны тазы, дүрегей тазы, қайын қаптал тазы деп қарастырған. Соңғысы қасқыр алатын тазыларға тән атау. Сондай-ақ біздегі тазылар таралу аймағына байланысты: самарқан тазысы, жем бойы немесе атыраулық тазы, сібір тазысы, түркістан тазысы  т.б. атауларға ие. Самарқан тазысы – аласа бойлы, сүйрік де, сүйкімді сұлу болып келсе, атыраулық тазылар – шашақ құлақ, табан жүнділігімен ерекшеленеді. Сібір тазылары – сүйір табан, күші көп болады. Түркістан тазысы  – қазақ даласының оңтүстік өңірлеріне мол тараған тұқым.

Сонымен қатар: еліміздің территориялық ерекшеліктеріне байланысты: тау тазысы және дала тазысы деп те бөлінеді. Дала тазысының кеудесі мен бөксесінің биіктігі бірдей, өте жылдым, сүйегі жеңіл нәзік болғандықтан қазақтар оны ши тазы деп те атайды. Ал, тау тазысы бөксе жағы биік, аяғы сіңірлі, мойны жуан болады. Бұлар қасқыр аулауға бейім.

Қазақ тазысы – бітімі сидаң, жүні сұйық, танауы үшкіл, құлағы делдең, жоны дөңес, басы ұзын сопақша, жанары өткір, мойны қысқалау, жауырыны жалпақ, кеудесі кең әрі омыраулы, салқы төс, арқасы түзу, қарны қабысқан, аяқтары сіңірлі, буындары адырайған, шынтағы сыртына қарай ойысты, тырнақтары өткір, саусақтарының арасы үлпілдек жүнді, артқы жағы шалқақ, табаны жалпақ, түр-түсі әрқилы болып келеді.

Аса алымды тазының белгісі: жамбас еті сыртынан қарағанда білеуленіп тұрады және аяғын маймақтатпай тік басады. Жақ сүйектерінің тістеуі (прикусы) қайшы сияқты, дәл тістеседі. Егер иек сүйегі бір-біріне сәйкес келмей кемиектеніп тұрса, бұл нашар тазы болғаны. Кәнігі аңшылар бұндай тазыларды күшік күнінде танып, асырамайды.

Тазының құйрығы шашақты һәм жіңішке және соңғы ұшына дейін сүйектенбеген болса, оны аңшылар «ою құйрық»деп атайды. Бұндай тазы аңшылық кезінде әбжіл қимыл-қозғалыс жасайды, бұрылғанда, жүгіргенде, екпін алғанда құйрығы зор қызмет атқарады. Сондай-ақ тазының құйрығы артқы тірсегін соғып тұрса, ол жақсы тұқымнан деп есептеледі.

Ал, құйрығы қамшы сияқты тазыны «қамшықұйрық» деп атайды. Мұндай тазының құйрығының ұшында омыртқа сүйек болмайтындықтан құйрығы иірленіп, көтеріліп тұрады. Бұл тайған тұқымдас тазыларға тән құбылыс. Тайған тұқым деп алғыр тазыларды айтады (Махмұд Қашғари, «Түрік сөздігі», Алматы, 1998 ж. 3-том, 238 б). Қырғыз ағайындар алғыр тазыларын күні бүгін «тайған» деп атайды.  Тайған тазысы таулы жерде аң аулауға өте қолайлы.

Қазақ тазысының бітімі: еркек тазының биіктігі – 65-70 см, салмағы – 20-25 келі. Қазақ тазысы салюки немесе ауған тазыларына қарағанда 2-5 см аласа, қырым-кавказ тазыларымен салыстырғанда тұрқы 5-6 см ұзын, салмағы 4-5 келі ауыр болады.

0 пікір