Бұрынғы заманда ерлі-зайыптылардың ажырасуына түрлі жағдайлар себеп болған. Бұл іс екі жақтың келісімімен де, не болмаса бір тараптың талабымен де іске асатын. Алайда, ажырасу кезіндегі ең басты түйткіл — күйеуі төлеген қалың малды қайтару және әйелге тиесілі еншіні (материалдық өтемақыны) бөлу мәселесі еді.
«Ақымар» еншісі
Н.И. Гродековтың жазбаларына сүйенсек, оңтүстік өңіріндегі қазақтарда шариғат жолына еліктеуден туған «ақымар» (қатынның еншісі) деген ұғым болған. Бұл — ажырасқан жағдайда әйелдің пайдасына берілетін мал, мүлік немесе ақшалай қаражат. Әдетте, бұл сома неке қиылмай тұрып келісілгенімен, ешқандай құжатпен бекітілмеген. Сондықтан, іс жүзінде әйел заты бұл мүлікке шариғаттағыдай жеке меншік құқығын иелене алмады. Ақымардың берілуі немесе берілмеуі тек күйеуі мен оның туыстарының еркіне байланысты болды. Айта кету керек, бұл үрдіс негізінен отырықшылыққа ерте бет бұрып, ислам діні ерте орныққан Сыр бойы мен Жетісу қазақтарында ғана кездескен. Ал кең даланы жайлаған көшпелі жұрт арасында ақымар төлеу дәстүрі кең тарай қоймаған.
Әйелдің жеке мүлкі мен жасауы
Ажырасқаннан кейін балалар, әдетте, әкенің жұртында қалатын. Бірақ әйелдің отбасылық мүліктен өз сыбағасын алуға құқығы болды. Десе де, ол сыбағаның көлемі қаншалықты еді? Некенің алғашқы күнінен бастап-ақ күйеуі әйелінің мүлкіне толық иелік еткенімен, ажырасу кезінде әйелдің «өз меншігін» қайтаруға міндетті болатын. Ол меншікке мыналар жатты:
-
Сәукеле (немесе бас киім);
-
Әшекей бұйымдар;
-
Төркіні берген киім-кешек;
-
Төсек-орын мен жастық және жабдықтар.
Бұлар — әйелдің жасауының бір бөлігі ғана. Жасаудың қалған жылжымалы және жылжымайтын мүліктері күйеуінің меншігінде қалып, қалың мал төлеуге көмектескен ағайын-туыстың арасында бөліске түсетін.
Кінәлі тарап және мүлік бөлісі
Егер ажырасуға күйеуі кінәлі болса және жағдайы көтерсе, ол әйеліне төркініне жеткенше немесе жаңа тұрмыс құрғанша қажет болар деп, ер-тоқымымен ат немесе түйе мінгізетін. Бірақ бұл міндетті емес еді, тек ер азаматтың мәрттігіне байланысты еді. Кейде күйеуі әйелінің туыстары қайтарған қалың малдың бір бөлігін әйелдің киімі мен күнделікті қажетіне беріп жататын.
Алайда, егер әйелдің опасыздығы (зинасы) дәлелденсе, ол барлық құқығынан айырылатын. Мұндай жағдайда ері оны жасаусыз, мүліксіз, тіпті балаларын да көрсетпестен төркініне қуып жіберуге құқылы болды.
Балалардың қамы және «жалғызбастылық» шарты
Кейде ер адам ажырасу кезінде әйеліне қомақты мүлік бөліп беретін жағдайлар да болған. Бірақ бұл тек балалары анасымен бірге кеткен жағдайда ғана іске асатын. Мұндағы басты шарт: әйел төркініне барып, қайтып тұрмыс құрмауға уәде беруі тиіс. Бұл мүлік негізінде әйелге емес, балаларға арналған «енші» еді. Әйелдің қайта тұрмыс құрмауы — балалардың мүлкіне өгей әкенің ортақтаспауын қадағалаудың амалы болатын.
Кейде балаларды бөліп алатын: қыздар анасымен, ұлдар әкесімен қалатын. Мұндайда күйеуі қалың малды қайтаруды талап етпейді, бірақ әйелдің жасауын өзінде қалдыратын.
Билер сотының шешімі
Билер соты әдетте ажырасу кезінде екі жақтың ықпалына қарай шешім шығарған. Кейде күйеуінің жағы мықты болса, әйелдің төркініне қалың малды қайтарумен қоса, күйеуінің әйеліне жұмсаған шығындарын да өтетуі мүмкін еді. Мұндай кезде әйел дымсыз қалатын. Ал егер күйеуінің кінәсі анық болса, билер оны қалың малды талап ету құқығынан айырып, тек әйелдің жасауын ғана алып қалуға рұқсат беретін.
Ендеше, қазақ қоғамында ажырасу мәселесі тек ерлі-зайыптының жеке ісі ғана емес, екі рулы елдің, екі әулеттің арасындағы мүліктік мәміле ретінде қаралған екен. Барлық дау шешілген соң, әйел заңды түрде еркіндік алып, төркініне көшетін. Ажырасу үдерісі аяқталып, барлық мүліктік дау шешілгеннен кейін, әйел заңды түрде толық еркіндікке ие болатын. Ол өзінің ата-анасының үйіне көшіп баруға немесе басқа да жақын туыстарының панасына көшіп баруға хақылы еді. Сондай-ақ, ажырасқан әйелдің жесір әйелден айырмашылығы — ол (ажырасқан әйел) күйеуінің ағайындарымен ақылдаспай-ақ, өз қалауымен қайта тұрмыс құруға хақылы болған.
Заң бойынша, ажырасқан әйел де, жесір қалған әйел де өз қалауымен бірнеше рет қайта тұрмыс құра алатын, оның белгілі шегі жоқ еді. Дегенмен, тарихи деректерде ажырасқан әйелдерге де әмеңгерлік заңы қолданылған ерекше жағдайлар кездеседі. Мысалы, егер ажырасуға күйеуінің дене бітіміндегі немесе денсаулығындағы қандай да бір кемістігі себеп болса, күйеуінің туыстары әйелдің сол әулеттен кетпей, әмеңгерлік салтымен оның басқа бір туысына тұрмысқа шығуын талап етуге құқылы болған1.
1www.bilu kz, орыс тілінен аударылды. Қазақшалаған islam.kz