«Қазақ оқытушы қайтыс болса...»
«Қазақ оқытушы қайтыс болса...»
3 ай бұрын 2521
Сұлтанмахмұт Торайғыров

Өткен октябрь жұлдызының 26-сында Троицкідегі «Русско-татарская школдың» бас учителі Латифолла мырза Ғабдулғазизов дүниеден қайтты. 29-шы октябрьде, бейсенбі күні жаназасы оқылып, аса қадір-құрметпен жамбасы жерге тиді. Марқұм ес біліп ержеткеннен бері татар міллетіне көп еңбек сіңірген, сақалсыз балалар былай тұрсын, көп сақалды балалардың да көзін ашқан, Троицк шаһарында не түрлі жақсылық істерге себепші болған бір кісі еді. Сонысына қарай өлімі де жұртқа қадірлі болды. Медреселерде дәрістер (сабақтар) тоқтатылып, қайғысына ортақтасты. Рухына Құран хатым айтылды. Жаназасына жер қайысқан кісі жиылды. Бас адамдар қабірінің қасында марқұмның қылықтарын сөйлеп, көңіл көздерінен күйікті жастар моншақтатып, оны ұмытпайтындықтарына уағда етті. Міне, көздері ашылып, көңілдеріне сәуле кіре бастаған жұрт балаларын оқытушының қадірін қалай біледі!

Мұнан бір жұма бұрын, 23 октябрьде, Қостанай уезі, Обаған болысының қазағы Жамалиддин мырза Бейсенов Қазанға ауруын қаратуға барып қайтып келе жатып, үйіне жете алмай, Троицк шәһәрінде опат болды. Марқұм «Русско-киргизская школаның» заведующийі еді. Қыршын жас, (жұмысы) жақсы қазақ балаларының школға кіруіне көп көмегі тиген, қазақшылық ісінде шын мұсылман бір адам бар еді. Мұның опатын Троицк қазақтарының көбі білмеді. Мұның өлімі жай қазақтың өлімінен көп айырмасы болмады. Бұл біздің қазақта оқытушының құны не дәрежеде қымбат екенін көрсетеді. Байқаңыз, біздің оқытушымыз қалай көмілді, бізбен туысқан, қатарымыз деп жүрген татардың оқытушысы қалай?

Ердің еңбегін ел білерлік заман бізге де болар ма екен? Біздің еңбекшілерімізге де сондай күн туар-дағы! Бірақ қашан, қашан? Қайда?

1913 жыл, Троицк қаласы. «АЙҚАП» БАСҚАРМАСЫНА ХАТ

0 пікір