Қазақ даласындағы алғашқы мылтық
Қазақ даласындағы алғашқы мылтық
9 жыл бұрын 10822 munara.kz

Мылтық – оқ-дәрімен атылатын қару. Қазақ даласында алғашқы мылтықтар XVI ғасырда Қазақ хандығы мен Ресей патшалығының арасында сауда — саттық және дипломатиялық байланыс басталған кезден пайда болды. Қазақта мылтық жеті қазынаның бірі болып саналады.

 

Пайда болуы:

Мылтық XIV-XV ғасырларда алғаш рет аркебуза, кулеврина, пищаль деген атпен Еуропада белгілі болды. Ал XVI ғасырларда қарудың бұл түрін қазақ ұсталары қолдан соқты.

Оның иыққа тіреп атуға ыңғайлы ағаштан жасалған құндағы, дүмі, сосын атылған сәтте оқ жүгіретін оқтығы (оқпаны, ұңғысы, түтігі) сосын шүріппесі, (шаппасы, пілтесі) болды. Ол кездегі мылтықтардың кейбірі аса ауыр болғандықтан жерге тірелетін 2 сирақ орнатылды.  Алғашқы мылтықтар бүгінгі заманғы қарулар тәрізді емес, аузынан оқталып, дәрісі мақта пілтемен тұтатылды.

Алғашқы соғыс:  

Қазақ жауынгерлерінің мылтық қаруын соғыста жаппай пайдалануы алғаш рет 1643 жылы қазақ-жоңғар арасында өткен Орбұлақ шайқасында болған еді. Онда  Жәңгір сұлтан бастаған аз ғана қазақ сарбаздары мылтықты өте мықты тәсілмен пайдалана отырып, қалың жауды жусатып салған еді. Қазақтардан жойқын соққы алған жоңғарлар кейіннен мылтық қаруына ден қойды.

miltuk-1

Түрлері:

От қарудың пілтелі, берен, шамқал, күлдір мамай сынды түрлері бар. Атыс қаруының бұл түрлерін ертеректе аңшылықта және соғыстарда қолданған.

Берен:

Берен мылтық деп атпен алып жүруге ыңғайлы, жеңіл әрі дәл тиетін ұңғысы ұзындау мылтық. Берен мылтық бір ғана ауызды болады.

miltuk-2

Шамқал:

Халық арасында мылтық оқтығының дүмі ұзын, салмағы ауыр әрі қарабайыр жасала салған мылтықты «шамқал» деп атаған. Бұл қарумен  қазақтардың өздері құйып үйренген қорғасын оқтардың бытыра түріндегісі атылды.

miltuk-5

miltuk-3

Күлдір мамай:

Ал оғы алысырақ атылып және оқпаны жіңішке ұзын болса, әрі көздегенге дәл тиетіндерін «күлдір мамай» деп аталды. Оның дауысы өзгелерден күлдіреп, қатты шығады.

miltuk-4

 

Бұл мылтықтардың қайсысын болса да атуға дайындау үшін кем дегенде 1 минуттан артық уақыт қажет болды.

Мылтықтың жетілдірілген түрлері заманға сай етіліп  Испанияда, Швецияда жасалды. 1836 жылы неміс шебері Иоганн Николаус Дрейзен құндақ жағынан оқталатын мылтықтарды жасап шығарады. Осыдан кейін мылтықтың сан алуан түрі жер-әлемде шығарыла бастады.

0 пікір