Қазақ әмәнда Құдайды "Алла" деп келген. Оған ескілікті ақын-жыраулардың өлең-жырлары дәлел.
Қазақ әмәнда Құдайды "Алла" деп келген. Оған ескілікті ақын-жыраулардың өлең-жырлары дәлел.
1 жыл бұрын 4609

Бисмилләһир рахманир рахим

Қазақ халқы мұсылман дінін таңдағаннан бері бір Жаратушы Құдай Тағаланың есімін «Алла Тағала» деп атады. Өйткені «Алла» есімі - Ұлы Жаратушының ең ұлық есімі. Оны солай атауымызды Жаратушының өзі қалаған. Құранда көптеген аятта Хақ Тағала: «Ол - Алла...» деп өзін таныстырады. Сондықтан да, исі мұсылман жұртшылық бір Жаратушы Хақ Тағалаға «Алла» деген ұлық есімімен жалбарынады.

Өкінішке орай, бүгінде мұсылман қазақ халқын діннен суытуды діттеген кейбір арандатушы топтар халықты әдейі шатастыру үшін: "«Алла» демеңдер, ол арабтың сөзі, қазақша «тәңір» деңдер немесе Жаратушы деңдер" деп болмайтын дауға айналдыруда. Тіпті кейбіреулері «Ата-бабамыз "Алла" деп айтпаған, оны мұнда діни фанаттар айта бастаған» деген сандырақ сөзді де оқып қаламыз.

Ал шын мәнісінде қалай? Шын мәнісінде, қазақ халқы тотемдік шаманизмді ұстанған кездерінде «көк тәңір» деген. Кейіннен мұсылман дініне өткеннен кейін Жаратушыны «Алла Тағала» деп атай бастады. Өйткені олай атауды қасиетті Құран кітапта Жаратушы Иеміздің өзі тапсырған. Сондықтан да, өзін мұсылман санайтын қазақ халқы жаратушы Құдайына «Алла Тағала» деп жалбарынуды ар санамайды. Оған қосымша қазақ халқы «Жаратушы Ие», «Жасаған», «Құдай», тіпті «тәңір» сөзінің өзін «Құдай» мағынасында Алла Тағалаға қолданып келді.

Ендігі жерде «қазақ Алла деп айтпаған, олай деп атау мұнда шыққан» деген уәждің негізсіз, құр сандырақ екендігін көне замандағы ақын-жыраулардың өлең-жырларымен дәлелдеп берсек.

Мәселен, ХІ-ғасырда өмір кешкен Жүсіп Баласағұни ақынның «Құтты білік» дастанында мынадай өлең жолдары орын алған:

Алла атымен бастадым сөз әлібін,

Жарылқаған, жаратқан бір тәңірім!

Шексіз құрмет, шүкіршілік мың да бір,

Ол мәңгілік, Хаққа лайық кіл қадір.

Жаратты Ол: жасыл көк, ай, күн, түнді,

Қара жер, ел, заман, уақыт, бұл күнді.

Қалады да жаратты бар болмысты,

«Бол!» - деді де, бірден бәрін болғызды...

Өздеріңізде оқып отырғандарыңыздай егер қазақ халқы бұрын «Алла» сөзін қолданбаған болса, Жүсіп Баласағұни неге «Алла» деп отыр?  

ХІ-ХІІ (11-12) ғасырларда өмір кешкен Махмұд Қашқариді білмейтін қазақ кемде-кем. Бұл ұлы ойшыл да былай деп жырлаған:

Алла соққан бұ ғалам,

Шыр айналып дөңгелер.

Жұлдыздары жыпырлап,

Күнді аударып, түн келер.

Алла аспанды жаратты,

Ақық сеуіп таратты,

«Таразыны» бар етті,

Күнді аударып, түн келер.

Бір Иемді мақтаймын,

Білім жинап, сақтаймын,

Жақсылықты жақтаймын,

Бар көңілімді бағыштап. 

ХІІ-ХІІІ ғасырда өмір сүрген ойшыл, ақын Ахмед Иүгінеки өзінің өлендерінің бірінде былай деп жырлайды:

Сонымен қатар, Иә, Аллаһ, көп мінәжат етем Саған,

Рахметіңді үміт етіп мен аңсағам.

Дәріптеуге Өзіңді тіл жетер ме,

Тіл өнерін төгейін, жар бол маған.

Ұшқан құс, жүгірген аң – барлығы да,

Паш етер Сені «бар» - деп, жөн бар соған! 

Бұнымен қатар: 

«Бір Аллаға сиынып, 

Кел, балалар, оқылық ,

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық - деп насихаттаған қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсаринмен, "Алланың өзі де рас, сөзі де рас" деп жырлаған қазақ даласындағы дін ғалымы, ойшыл Абай Құнанбай атамыз қателескен бе? Егер қазақ мұсылман болмаса және Жаратушыға «Алла Тағала» деп жалбарынбаған болса, жүздеген ақын-жырауларымыз «Алла» сөзін қайдан алған? 

Кеңес кезінде Құдайды ауызға алдырмай, Алла дегізбеуге тырысқаны бәріңізге белгілі. Өйткені, қазақ халқын ашық түрде тілінен, дінінен бездіріп, дүбәра ету жоспарланған болатын. Қазақ халқының мұсылман болып қалуы патшалық ресейге де тиымсыз тұғын, сондықтан да, ол кездің өзінде халықты барынша мұсылман дінінен суытуға тырысты. Бүгінгі «Алла демеңдер, қазақ «Алла» демеген» деп жүргендер де сондай жымысқы саясаттың жарықшағы сыңайлы. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 

Дайындаған Абдусамат Қасым

0 пікір